ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – УЫЗ Избранное

Среда, 03 Май 2023 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1076 раз

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өткен форум ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат-пайымын зерделеу, олардың тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтап, бүгінге жалғастыру міндетін көздейді.

852

 

Форумға министрлік өкілдері, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, мемлекеттік органдардан да жауапты мамандар қатысты. Форум «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. ОҚМПУ бас ғимаратында меймандар «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» археологиялық көрмесімен танысып, студенттердің қолөнер туындыларын тамашалады.
Жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы қатысып, форум қатысушыларына қала әкімінің құттықтауын жеткізді. Ұлы тұлғаларды құрметтеуге, олардың есімдерін халық жадында жаңғыртуға арналған елдік жиынның Шымкент қаласында өтуін үлкен мәртебе деп бағалап, халықтың тұғырлы тұлғаларының өмірлік жолы, ұлттық тәрбиеге сіңірген еңбектері бүгінгі күнге әлі өзекті екенін атап өтті.
ZOOM арқылы форумға қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан «Бабалар аңсаған парасатты, кемел ұрпақ» тақырыбында баяндама жасап, ұрпақ тәрбиесіндегі бабалар ұлағатын, олардың тәрбиелік мазмұндағы кемеңгерлік ой-тұжырымдары жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
Сонымен қатар университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сүгірбаева форум қатысушыларына оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат берді. Университет жетекшісі «ОҚМПУ трансформациясы және ұлттық код» тақырыбындағы баяндамасында ОҚМПУ 2020 жылдан бастап, білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл міндет сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырылып жатқанына тоқталды.
Форумда сөз алған ОҚМПУ ректорының кеңесшісі, профессор Құлбек Ергөбек «Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тәрбие қайраткерлігі хақында ой қозғады.

853


Құлбек Сәрсенұлы қазақтың қазіргі тарихында өзіндік орны бар бірегей тұлға жайлы құнды деректер келтірді. Еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым ұстаздықтан бастаған Ө.Жәнібековтің ұстаздық қабілетін айшықтап көрсетіп, жастардың көшбасшысы, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші санатындағы қайраткерлік қасиетін атап өтті. Елден ерек қарымы, тағылымды еңбегі жөнінде мазмұны терең мағлұматтар берді. Ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін, мәдениет саласының өрістеп дамуына, ұлттық мәдени құндылықтардың қайта түлеп жаңғыруына сіңірген орасан еңбегін Ұлт ұстазы ретіндегі бейнесі арқылы ашып көрсетті.
Сонымен қатар форумда сөз алған Гүлжан Сүгірбаева университетке Өзбекәлі Жәнібеков атын беру жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен форум аясында «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылды.
– Ұлтшыл деген сөзден қашпаған, ұлтын сүйген азамат дерт меңдеген шағында өз фамилясындағы «ов» жалғауын ұнатпай, ана дүниеге қазақ болып аттанайын деп тегінің Жәнібек деп жазылуын аманаттаған еді. Содан мен сол аманатты орындап жүрмін. Өзбекәлі Жәнібек – ұлт ұстазы! ОҚМПУ ұжымы университетті қоғам қайраткерінің есімімен атасақ деген ұсынысын ортаға салып отыр. Ал, бүгін осы ұсыныстың алғашқы қадамы ретінде «Өзбекәлі Жәнібек орталығы» ашылды. Бұл — қоғам қайраткеріне деген құрмет, игілікті іс. Өзбекәлі Жәнібек – Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы, – деді жазушы Қ.Ергөбек.
Орталық – ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етіп, ұлттық мәдени танымды, тәрбие құндылықтарын, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісін және даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйектеуге жәрдемші болып, педагог мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңейтуге үлесін қоспақ.
Ұлттық тәрбие – уыз. Уызына жарымаған жас буын елдің қамын ойлап түн ұйқысын төрт бөлетін ұлтжанды азамат бола алмайтыны анық. Форум осы тұрғыда «ұлттық тәрбие берудің» үлгісін салып кеткен ұлы тұлғалар мен Алаш арыстарының мұрасына жүгініп, кеңінен насихаттады.
Соңғы жылдары жастар арасында кітап оқу ісінің кенжелеп бара жатқаны да рас. Бүгінгі ұрпақтың дені әлеуметтік желі әлемінен бас алмайды. Жастардың бойындағы жеңілойлылық, өз пікірін еркін жеткізе алмау, сауатсыздық, екі сөздің басын құрай алмайтын орашолақтық сияқты келеңсіздіктерді әлеуметтік желіге деген әуестенушіліктің салдары деп түсіну қажет. Ендеше форумда келтірілген ұлт ұстаздары Әл-Фараби, Абай мен Шәкәрім, Ыбырай, Алаш ардақтыларының айтып, қалдырып кеткен мұралары мен ұстанымы күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Әрбір жас ұрпақ білім мен тәрбиені алдымен өз ана тілінде алуы қажет. Ең негізгісі – білім ұлттық құндылықтарға сай берілуі шарт деген ұран форумның өзегі болды.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.