Кәсіпке жол ашқан орталық

Пятница, 02 Июнь 2023 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 630 раз

Бүгінде елімізде кәсіп бастағысы келетін жандарға қолдау көп. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер, гранттар, сондай-ақ істі жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдаушы мекемемелер тағы бар. Сондай мекеменің бірі – Шымкент қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы. Аталмыш орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының» менеджер-кеңесшісі Майра БАЛСҮГІРОВА әйелдердің орталықтан қандай көмек алатындығы жөнінде қажетті ақпараттармен бөлісті.

208

 

–2022 жылы наурызда Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» ашылды. Орталық – әйелдерді қаржылай емес қолдауға арналған алаң. Онда стартаптарды ынталандыру, жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен іс-шараларға қатысу үшін бірқатар қызметтерді ала алады. Ашылғанымызға 8 ай ғана болса да, аз уақыттың ішінде едәуір нәтиже көрсетіп келеміз. Осы аралықта орталыққа кеңес алуға 404 әйел жүгінген. Оның ішінде, көпбалалы отбасылар – 104, жастар – 40, аз қамтылғандар – 20, еңбекке қабілетті мүгедектер – 14, ешқандай санаттарға жатпайтын – 225 адам көмек алған.
Кәсіпкерлік бастамасы бар, яғни өз бизнесін жүргізіп жатқан әйелдерге қызметтер ақысыз негізде ұсынылады. Атап айтсақ, жұмыс және кәсіпке байланысты әйелдердің мәселелері мен қажеттіліктерін анықтай отырып, кеңес беріледі. Қаржыландыру тартуға оқыту және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жабдықтарды іріктеу бойынша өндірушілермен консультациялар ұйымдастыру, даму әлеуетін анықтау үшін орталықтарға жүгінетін әйелдердің ағымдағы бизнес жағдайын сыртқы бағалауды ұйымдастыру, әлеуетті және сұранысты ескере отырып, бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеуге жәрдемдесеміз. Бизнестің тұрақтылығы мен оның аясын кеңейту, өнім ассортиментін көбейту, бизнес-процестерді жетілдіру мәселелері бойынша тәлімгерлер бекітіледі. Әйелдердің кәсіпкерлік бойынша халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдеседі,–дейді М. Балсүгірова.

«Ментордың көмегімен өз саламды таптым»

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы тарапынан бизнестегі әйелдерге ақысыз негізде сервистік қолдаулар көрсетіледі. Бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есептерді тапсыруға көмек көрсету қызметі, заңгерлік қызмет көрсету, маркетинг, бизнес жоспар әзірлеу, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау алу туралы кеңес беру орталықта жүзеге асады.
Осындай көмектерге жүгініп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Соның бірі – Шымкенттік Гүлнұр Сейтханова. Кәсіпті қалай бастауды білмеген ол, орталық мамандарының көмегімен «Қыш-құмыра» студиясын ашқан. Кәсіп бастауда жүріп өткен жолын Г. Сейтханова былай баяндап берді:
–Мен көпбалалы анамын. Қазіргі таңда «Қыш-құмыра» студиясының жетекшісімін. 2005 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде «Қолданбалы өнер және сызу» мамандығын қызыл дипломмен бітіргенмін.

209


Тұрмысқа шығып отбасылы болған соң, үйлі-жайлы болайық деген мақсатпен несиеге тұрғын үй алдық. Қаржы жетіспеушілігі біздің де отбасымызды айналып өтпеді. Өзімді түрлі салада сынап көре бастадым. 10 жыл ломбардта кассир қызметін атқардым. 2020 жылы пандемия кезінде қатты ауырғаннан, уайымға салынып, күйзеліске түстім. Не істерімді білмей, санам сан-сақта жүргенде, Ютуб каналдан сазбалшықтан құмыра жасап жатқан видеоға көзім түсті. Кезінде университетте сазбалшықтан мүсін жасау сабақтары ерекше әсер беретінін, сол сабақтардың терапиялық қасиеті бар екенін оқығанбыз. Сазбалшықпен жұмыс жасауға қатты көңілім ауды. Сөйтіп соған қажетті құрал-жабдықтарды алатын жол іздей бастадым. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» оқуын онлайн бітіріп, көпбалалы ана ретінде грантқа өтініш тапсырып, ұтып алдым. Сол гранттың қаражатына гончар дөңгелегі және муфелді пеш сатып алып, осы салаға бет бұрдым.
Жұмыс бастауым да ерекше болды. Мен алғашқы жұмысымды «Оңалту орталығынан» бастадым.Себебі ол жерде дамуы кешеуілдеген балаларға сазбалшықпен жұмыс жасауды терапия ретінде қолдануға болады. Алғашқылардың бірі болып тәжірибе жүргіздім. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Сөйтіп, өзімнің жеке студиямды ашуға бел будым. Жолдасымның қолдауымен керамикамен жұмыс жасайтын, әр түрлі мастер-кластар өткізетін, арнайы құралдармен жабдықталған, көркем безендірілген «Қыш-құмыра» студиясын аштым. Студияға күйзеліске түсіп немесе жұмыстан шаршап жүрген адамдар келіп, мастер-кластарға қатысып демалып қайтатын. Кейіннен жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы балаларға тегін үйірмелер ашып, студиямыздың аясы кеңейді. Өкінішке орай бағдарлама арқылы қаржыландыруды тоқтатып қойған соң, тағы басқа жолдар іздей бастадық.
Сол ізденісім мені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» жетеледі. Орталықтағы менторлық сүйемелдеу қызметіне жүгіндім. Ментордың кеңесімен студияларымда жаз уақытысында балаларды өнерге баулу лагерін аштым. Әрі қарай тағы да кеңейіп, осы сазбалшықтан сувенирлер, тойбастарға қажетті заттар жасауға бел будым. Содан «QAZAQ ceramics» брендімен тойбастарларға тапсырыс қабылдай бастадық. Бұрын бизнеспен айналыспаған мен сияқты әйелдерге қолдау көрсетіп, оқытып, көмектесіп жатқан «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» алғысым шексіз. Ментордың сабақтарынан мотивация алып, мақсаттарым айқын болды. Осы жоспар құрудың арқасында армандарыма қол жеткізуге болатынына көзім жетті.
Иә, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Бүгін соның бір бөлігін ғана баяндадық. Өзіңізге тиімді қызмет түрін таңдап, табысты кәсіпкер болуға қадам жасау сіздің қолыңызда. «Әрекет түбі қашанда берекет екені» сөзсіз.


Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 02 Июнь 2023 09:25
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.