«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды»

Пятница, 16 Июнь 2023 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2086 раз

ake-tarbiesi

Биыл елімізде алғаш рет әкелер күні аталып өтеді. Әкелер күні тұңғыш рет 1910 жылы маусымда Вашингтонда тойланыпты. Содан бері жыл сайын шет елдіктер бұл мейрамды атаусыз қалдырмайды екен. Еліміздің ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы мерекелер тізімі жаңа «Әкелер күні» мерекесімен толықты. Аталған мереке отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, отбасы мен білім институтын нығайтуға ықпал ете ала ма? Бұл күннің маңыздылығын тарқатып көрсек.

Ертеде бір патша «ас ішіп, аяқ босатудан басқа пайдасы жоқ, қолдарынан түк келмейді» деп қарияларды жаппай өлтіруді бұйырыпты. Бір жігіт асқар таудай әкесін өлімге қимай, ел көзінен таса жерде қамқорлығына алып, әкесін бағып-қағады. Күндердің күні ол елдің басына нәубет келіп, жастар бұл мәселеден шығу жолын таппай аңтарылыпты. Осы кезде әлгі тығылған қария баласына бұл тығырықтан шығу жолын айтып түсіндіреді. Жігіт ертеңіне патшаға келіп, әкесінің берген кеңесін айтады. Осы оқиғадан соң, патша әлгі қарияны алдырып, өзіне кеңесші етіп, үнемі онымен ақылдасып отыратын болған екен. Бұл — халықта қалған аңыз. Бүгінде аңыздағы іс қайталанбаса да, қоғамда әкенің, атаның орны ойсырап, беделі мен берері азайғаны байқалады.

Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен дархан даланың қасиетін сездіріп, оның ел билеген дала даналарының көреген саясатының арқасында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі деген — осы. Әкенің сөзін оқ көрген баланың болашағы да жарқын, айқын болған.

 

Баулыған соң батыр болады...

kenzhexan«Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады» дегенді де айтқан қазақ. Баланы жастай отансүйгіштікке, бауырмалдыққа баулып, ерінбей тәрбие беру керек. Бірақ, қоғам өзгерді ме, заман өзгерді ме? Дәстүрлі тәрбие береді деген әке түгілі, аналардың азайып бара жатқандығы алаңдатады. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен, күйбең тіршілікте бала тәрбиесі көлеңкеде қалып қойып жатқаны жасырын емес. Қазіргі әке несие жабумен, ақша табумен ғана айналысатындай көрінеді. Тіпті, кейбірі үйден тысқары, шетте жұмыс істейді. Әкелердің отбасында орнының ойсырауы қоғамдық дертке айналды. Осылай деп дабыл қаққан қалалық ардегерлер кеңесі «Әкелер мектебін» құрып, жоспарлы жұмыстарын атқарып жүр.

– Қазақта әке ұрпағына үлгі бола отырып, ұл-қызын тәрбиелеген. Қазір көбі шетте жұмыста жүреді. Сол кезде үйдегі ана әке беделін асқақтатып отыруы керек. Қазақ әйелінің еріне құрметінің азаюы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе бозбалалар пайда болды. Тіпті, мектеп жиналысына тек аналар мен апалар ғана барады. Осыған байланысты қала мектептерін аралап, патриоттық тәрбие, ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын насихаттап, қазақ қоғамындағы әкелер мектебінің тамырына нәр бергендей болып жүрміз. Әке тәрбиесін алған бала қажырлы, еңбекқор, ер мінезді болады. Қазір мұғалімдердің 90 пайызы – әйелдер. Бұл да алаңдатарлық мәселе. Кейінгі уақытта болмысы — болбыр, отыра қалып, өсек соға жөнелетін жігіттердің көбейіп бара жатқандығы — шындық. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі ер мұғалімге, үлгі тұтатын әкесіне, ағасына ұқсайтын азаматты іздейді. Ал ұл бала ер азаматтарға қарап бой түзейді. «Біздің бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті» деп сан мәрте айтып та жүрміз. Сондықтан ер мұғалімдердің педагогикадағы рөлі зор екенін ескеріп, еррлерді ұстаздық жолға тарту мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асыру қажет, - дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің және «Әкелер мектебінің» төрағасы Кенжехан Төлебаев.

 

«Шеге қаға алмайтын ұл өсіп келеді»

askar kАта-анаға баласының Отанын сүйетін кемел және бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуі үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылған «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі де еліміздің ата-ана болған әр азаматын осы ниетке жұмылдыру жолында керекті шараларды ұйымдастырып жүр. Бірлестіктің Шымкент филиалының басшысы Асқар Көпеевтің де пікірін білдік.

– «Әкелер күні» деген атаулы күннің пайда болуы — құптарлық дүние. Бұл — беделі түскен әкелердің отбасының алдында азаматтық қадірінің артып, абыройының асқақтауына төте жол болмаса да, сол жолға апарар көп амалдың бірі. «Болашақтың іргесін ұстар саналы ұрпақты қалай тәрбиелейміз?» деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әке тәрбиесі балаға ауадай қажет. Өйткені, нарықтық бәсеке артқан, руханиятымыз әлсіреген мына заманда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналып тұр. Шекарамыз шегенделді десек те, интернет желісі іске қосылғалы жан-жақтан ағылған ақпарат көздерінен малтығып шыға алмай қалғанымыз сонша, отбасы институтының ұлттық бейнесі құлдырауға айналғаны — ащы шындық. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кеткені де бар. Балабақша, мектеп, университеттегі тәлім-тәрбие әйел адамдардың қолында. Әлжуаз бозбалалар шеге қағу, балға ұстау, шұрып бұрау, атқа міну сынды еркек атқаратын қарапайым шаруалардың өзіне ебі жоқ. Әке тәрбиесін көрмеген бала ертең балғаның орнына ара әкеліп тұрса, таңғалмаймыз. Бұл — қазіргі қоғамдағы әке-шешенің отбасында жіберіп жатқан өрескел қателіктері. Баланы өзімен бірге ертіп жүру, шамасы жетпейтін шаруа болса да жай ғана қарап тұруға қалдыру, көлік жуғызу, анасы мен қарындастарына ауыр заттарды көтертпеуге үйрету, тағы да басқа ұсақ-түйек елене бермейтін әдістер – ертеңгі күні жеміс беретін тәрбие бастаулары.

Ата-бабамыз бала тәрбиесіне ешқашан немқұрайлы қарамаған. Алты жасында аңға ертіп, он жасында оқ жондырған әке тәрбиесі биік рухтың, біртұтас тұлғаның берік діңгегі болған емес пе? Өзіміз де солай ержеттік. Ал, қазір неден ұтылдық, ойлай беріңіз. Иә, отағасы шаңырақтың иесі болғандықтан отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету – басты міндеттерінің бірі. Бірақ сол міндеттерін міндетсінудің қажеті жоқ. Материалдық байлықтан да жоғары – отбасы құндылығы бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы олқылықтың орнын толтыру жолында қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн деген мәселелер төңірегінде қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі әр іс-шарада әке тәрбиесінің өзектілігін ашып көрсетіп келеді. Құрылғанына жылдан асқан ұйымның бүгінде баланың бағбаны «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолында толымды нәтижелері бар. Ол үшін мәнсіз-маңызсыз «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасамай, заманның ағымына сай әдіс-тәсілдерді қолдануды да ескерген. Бір ғана Шымкент филиалының өзінде әкелерді бала өмірімен араластыру, баламен сапалы, саналы уақыт өткізудің жолдарын көрсету бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала мектептерінде өткен семинарларға тек әкелерді шақырып, оларға тәрбиелі, саналы, парасатты ұрпақ ертең өзінің атын шығаратынын естеріне салуға тырыстық. Өйткені қазақта тек деген дүние бар, ісіне тәнті болған балаға «тегі жақсы екен», «тегіне тартқан» деп сүйсініп жатуы бекер емес. Яғни, әкенің қанымен берілген тәрбие бірінші айтылады. Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді болады. Сондықтан бала үшін ісі де бар, тісі де бар, білегі де бар, жүрегі де бар әке тәрбиесінің орны орасан. Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы екенін ұқтыратын мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүріндегі әкенің рөлін арттыру, беделін көтеру мәселесін жұмыла көтергеніміз жөн деп ойлаймын, -деді кейіпкеріміз.

 

«Ер адам отбасының тек асыраушы болмауы тиіс»

nurlan bТағдырдың талайы болар, қоғамда ерекше балалар өсіріп отырған отбасылар аз емес. Отбасылар дейміз-ау, көбіне ерекше бала күтімі мен ауыртпалығы анаға түсіп жатады. Мұндай ауыртпалықты көтеруге шыдамаған әке өзіне жайлы орта іздеп кететіні жасырын емес. Бірақ, баласы үшін шырылдап, басын тауға да, тасқа соғып жүрген әкелер де бар. Шарасыздықтан шыңырауға кетпей, баласының аяқтан тұрып кетуіне барын салып жүрген әке, әріптесіміз — Нұрлан Бектаев. Тұла бойы тұңғышына бір жарым жасында БЦП диагнозы қойылған. Оның ішінде спастикалық диплегия. Ол – аяқ-қолдың сіңірінің тартылуы. Икемге оңайлықпен келмеуі.

– Қызымызға осынау диагноз қойылған соң, емдеу бірден басталмады. Нақты қалай және қанша емделеміз? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ еді. Емханалардағы невропатологтарға барсақ, бас қысымына дәрі жазып береді. Қаралатын адам көп болғандықтан, дәрігердің қабылдауы 5-10 минуттан аспайды. Ал, ол уақыт баланы ортаға қосу үшін жеткіліксіз. Жүйке жүйесін емдеу – күрделі мәселе. Ол жерде ауқымды ем-дом тағайындау қажет. Сондықтан кеңес беретін маман іздеп, жекеменшік медициналық орталықтардағы дәрігерлерге де бардық. Ақшамыздың артықтығынан емес, қызымыз үшін сапалы ем іздегендіктен. Ақылы қабылдайтын дәрігерлер әр пациентке кемінде 25-30 минут бөледі. Сол уақытта біраз сұрақтың жауабын табуға болады. Басқа түскен соң, өзіміз де БЦП туралы көп іздендік. Көзіміз жеткені, мұндай диагноз қойылған балаларды, шартты түрде, 3 топқа бөлуге болады. Бір топтағы балалардың денесі қалыпты дамып, жүреді, жүгіре алады. Бірақ, ақыл-есінің дамуында кінәрат болады. Ал, екінші топтағы балалар барлығын түсінеді, әңгімелесе алады, бірақ, жүре алмайды, қолымен анық қимыл жасай алмайды, қоларбада отыруға мәжбүр. Сәл де болса қуантатын жағдай – үшінші топтағы балаларда интеллект сақталады, тек аяқ-қолының қозғалысында аздаған тежелулер болады. Екі жағы біршама теңдеу. Құдайға шүкір деп айтайық, менің қызым осы үшінші топқа жатады, - деп әріптесіміз өткен күнді еске алды.

Нұрланның айтуынша, қызына ем іздеп жүргенде түрлі жағдайдың куәсі болған. Тіптен, әке қамқорлығына мұқтаж баланың қасынан табылудың орнына қара басының қамын ойлап, күресуден гөрі жеңілуді таңдаған жандардың көп екенін тілге тиек етті.

— Көрдіңіз бе, БЦП-ның ауырлығы сондай, біз осы үшінші топқа жатқанымыздың өзіне шүкіршілік айтып отырмыз. Себебі, жаңа айтып өткендей, мұндай балалардың көбісінің жағдайы ауыр. Бұл – тұмау сияқты жазылып кете салатын дерт емес, өте ауқымды диагноз. Оған шалдыққан бала ұзақ уақыт бойы ата-анасының, ересек жандардың қолдауына зәру болады. Өкінішке орай, кейбір әкелер баласына қойылған осы диагнозды естігенде отбасын тастап кетіп жатыр. Ондайды естіп те, көріп те жүрміз. Әрине, барлығы емес, бірақ, бар. Ал анасы баласымен қалады. Осылайша жалғызбасты аналар, жетім балалар көбеюде. Қоғамда жағымсыз құбылыс туындайды. Сол қоғамда біз де бармыз. Басқаны емес, өз жайымды айтсам, қоғамдық орынға, көпшілік ортасына аяғын сылтып басатын қызымызды жетектеп келсек, кейбір ата-аналар дені сау балаларға бірдеңе жұғып кететіндей үрке қарайды. Үрке қарамаса, сынай қарайды. Оларда мың сұрақ, ал бізде – жауап жоқ, - дейді кейіпкеріміз.

Әрбір ерекше баланың ата-анасы перзентіне күтім жасап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, ортаға қосу үшін кейде өмірлік ұстанымы мен қызығушылығын да шетке ысырып, құрбандыққа барып жатады. Әрине, бұл — әкелік қамқорлық, ата-аналық мейірім. Бірақ, бүгінгі қоғам үшін мұның өзі таңсық дүниеге айналғандай.

— Кейде бос уақыт бола қалса, өзгелер сияқты тез арада кино көруге немесе саябаққа серуендеуге, мереке күндері көпшілік орындарға жиі бара алмаймыз. Себебі, көпшілік орта – бізге қолайсыз. Ойнап, жүгіріп жүрген балалардың біреуі болмаса біреуі байқамай, қызымды қағып кетуі мүмкін. Ешкім әдейі істемейді, дегенмен, арамызда мүмкіндігі шектеулі жан бар екен деп, ешкім сізге арнайы жағдай жасап бермейді. Осындай жағдайды көре жүріп, мен бос уақытымның барлығын қызыма арнаймын деп шештім. Шештім деймін-ау, мұндай ой саналы түрде, өзінен-өзі қалыптасты. Жұмыс күндері кеш келетіндіктен, демалыс күндерді қызыммен бірге боламын. Бұрындары достармен, таныстармен жиі кездесіп, футбол ойнап тұратынбыз. Бері келе ондай кездесулер азайды. Қызым мені үйде күтіп отырғанда қайдағы көңіл көтеру?! Айына бір рет күні бойы қызыммен бірге қалып, анасын бір сәт көңіл серпілтіп қайтуға жіберуге тырысамыз. Себебі, мен жаман-жақсылы жұмыста жүрген, күндіз көпшілікпен араласып жүрген адаммын. Ал, бала күтімімен үйде отырған келіншегім көрген күйзелісті мен өзім де елестете алмаймын. Қызымды емдеу жолында түрлі ата-аналармен сөйлестім. Сонда байқағаным, ауруханаға жатудан басқа жұмыстың барлығына өзім жүгіретіндіктен, кейбір ата-аналар мені көргенде таң қалады. Сұрастыра келе 3 жыл бұрын біз сияқты ерекше балалардың ата-аналарының әлеуметтік желідегі республикалық чатына қосылдым. Сонда білгенімізбен бөлісіп, сұрақтарға жауапты бірге іздеп отырамыз. Міне, сол чаттағы аналар үшін де әкесінің қызына қамқорлық жасауы, емдеу туралы мәліметті анасы емес, өзі іздеп отырғаны күтпеген жағдай болды. Бұл – біздің қоғам үшін ер азаматтың, әкесінің ерекше балаларға қамқорлық жасап жүргені таңсық деген сөз! Ал бұған біз, ер-азаматтар, алдымен өзіміз кінәліміз! Біз неге тек отбасын асыраушы ғана болуымыз керек? Мойындаймын, қызым дүниеге келгенге дейін менде де сондай көзқарас болды. Жұбайыма келіп, «Міне, ақша. Қалғаны сенің жұмысың» деген сәттерім де болды. Ал, қазіргі көзқарасым мүлде бөлек. Ақшаны табу мен жарату, жалпы отбасылық проблеманың барлығы дерлік менің мойнымда. Ер-азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігі, әйеліне қамқор болуы сол үйдегі әйелдің жұмысын істеу деген сөз емес. Сіз балаларыңыздың тәрбиесімен айналысып, ойнап, уақыт бөліңіз. Ал, ерекше балалары бар отбасындағы қамқорлық, ұят та болса айтайық, баласын тастап кетпеуден басталады! - дейді Нұрлан Бауыржанұлы.

Кейіпкеріміз отбасындағы әкенің тәрбиесі мен қамқорлығы тек ұл бала үшін емес, қыз баланың қалыптасуына да әсер ететінін айтты.

— Ер-азамат отбасында басты адам болуы керек. Бірақ, ол тек ақша табумен шектелмей, жауапкершілікпен де көрініс тапса, балаларымен тығыз байланыс орнатса игі. Себебі, балаға әкесі мен анасының тәрбиесі тең таразыдай, бірдей қажет. Ұл бала әкесінің тәрбиесін көріп өсуі керек десек, қыз баланың өз өмірінде алғаш көріп, байланыста болатын ер адамы – әкесі. Сол әкесіне еркелеп, ақылын естіп, тәрбиесін көріп өскен қыз баласы ертең үлкен өмірге қадам басқанда басқа адамдармен, оның ішінде ер адамдармен қандай байланыс жасау керегін біледі. Әкесінен мақтау естіп, керек кезінде тыйым көріп өскен қыз басқа жігітпен қарым-қатынасын дұрыс реттей алады, - деп өз ойымен бөлісті қамқор әке.

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмас. Әке – ұстаз, әке – асқар тау. Бүгінгі қоғамдағы әке беделін көтеру үшін Нұрлан секілді әкелер көп болуы керек шығар. Абайды тәрбиелеген Құнанбайдай болу керек-ақ. Сонда ғана әкеден озық ұл туар, әкенің қадір-қасиетін көтерер. Мұндайда француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссоның «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол — адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты» деген сөзі ойға оралады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.