Тәртіпке бас иген ел – құл болмайды Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 404 раз

Күнделікті қоғамда қауіп-қатермен бетпе-бет келетін полиция қызметкерлерінің жұмысы шында да оңай емес. Оның ішінде стратегиялық нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, 1000-нан аса адамның алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасайтын күзет қызметінің орны бөлек. Біз газетіміздің осы санында 10 жылдан бері мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетіп, мемлекеттік қызметшілердің қауіпсіздігін қорғап келген Дархан Амангелдиев жайында әңгімелеуді жөн көрдік.

508

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», деген болатын. Иә, Президентіміз айтқандай, еңбекқор адам белгілі бір салаға ғана бөлінбейді. Мейлі ол ұстаз, дәрігер, механик, инжинер немесе құрылысшы болсын, ең бастысы ол өз жұмысының хас шеберіне айналған жан. Кейіпкеріміз Дархан Дәулетұлы да 23 жасынан бүгінге дейін бір салада табысты еңбек етіп, іскерлігімен көзге түсіп, қазіргі сәтте Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты мамандандырылған күзет басқармасының аға инспекторы қызметін атқарып келеді. Оның негізгі міндеті – қала әкімдігінде қоғамдық тәртіпті қадағалау және бақылау жасау. Бұл қызмет те әскери қызмет іспетті темірдей тәртіпті, аса жауапкершілікті талап етеді.
–Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды, - дейді Д.Амангелдиев.
Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Бұл қызмет мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, азаматтардың қорғаны болатын мамандық.
–Отбасында төрт баланың ішіндегі ең кенжесімін. Әкем кәсіпкер, анам мұғалім. Үйде ең кішісі болғаныма қарамай әкемнің темірдей тәртібі мені айналып өтпеді. Көбіне жігіттер әскери қызметке барғынында осындай қаталдыққа тап болса, ал менде бала күнімнен әке тәрбиесі арқылы қалыптасыпты. Содан болар, қызметке келгенде, темірдей тәртіпке бағынуға еш қиындық болмады. Полиция қызметкерлеріне қайрат пен жігер сыйлайтын күші – формасы. Таңертең үстімізге форманы кигеннен бастап, қоғам алдында азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтитын жауапкершілігі қоса артылады. Кезекшілікті тапсырғаннан кейін үйімізде азаматтық киімді кигенде барып бойымыз босаңсып, бір ауыр міндеттен босағандай сезінеміз. Өйткені жұмыста мыңнан аса адамға қорған болсақ, үйге келгенде тек отбасының ғана жауапкершілігі тұрады, -дейді кейіпкеріміз.
Полиция болу ер жігіт үшін абырой, әрі міндет. Иә, қоғамда полиция қызметкерлеріне теріс көзқарас бар екені жасырын емес. Десе де, заңды құрметтейтін, қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюды мақсат еткен, мәдениетті көтеруді көздеген азаматтар тәртіп сақшыларды халықтың қорғаны деп біледі.
–Кейде мектеп алдынан жаяу өтіп бара жатсам оқушы балалар жүгіріп келіп, амандасады. «Аға» деп әңгімеге тартқысы келіп тұрады. Жас ұрпақтың полиция болғысы келетінін көзінен-ақ аңғаруға болады. Тіпті, көшеде жасы үлкен кісілер «Ассалаумағалейкум» деп, қос қолын ұзатып, құшағын ашып, арқамнан қаққан сәтте мамандығымнан мақтаныш етемін,-деді Дархан Дәулетұлы.
Д.Амангелдиев қызметте абыройлы полиция, отбасында мейірімді отағасы, қамқор әке. Бүгінде жұбайы Салтанат екеуі бір ұл мен моншақтай екі қызды тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз болашақта балаларының полиция мамандығын таңдауына қарсы емес екенін айтады. Өйткені, Дарханның өзі кәсіп таңдауында ата-анасы қарсылық білдірмей, қолдап отырған екен.
–Жастайымнан ән өнеріне құмар болып өстім. Әлі күнге дейін іс-шараларда патриоттық, туған-туыстың қуанышты күндерінде ән айтатыным бар. Өлең айту мені жан рақатына бөлейді. Бала күнімде есейгенде әнші боламын деп ойлаушы едім, кейіннен әкем секілді кәсіпкер болғым келді. Уақыт өте ол ойым да өзгеріп, полиция қызметін таңдадым. Әке-шешем де менің шешіміме қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды. Мен де балаларымның мамандық таңдауда кез келген пікірін қолдауға дайынмын, - дейді тәртіп сақшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.