АЛТАЙДЫҢ АҚИЫҒЫ Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 486 раз

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкеймен әу бастағы таныстығымыз сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары бастау алды десем, қателеспеймін. Өйткені, біздің буынға Оралхандай оғланның дара болмысын, Алтайдың өзіндей асқақ мінезін, Мұзтаудай маңғаз, кербұғыдай кербез бітімін көзімізбен көру бақыты бұйырған екен. Жаңылмасам, 1980 жылы күзде Алматы қаласындағы бұрынғы Пушкин атындағы кітапхананың үлкен залында талантты жазушымен оқырмандар кездесуі өтті. Ол кезде оның абыройы аспандап, атағы дүрілдеп, аңыз адамға айналып тұрған шағы. Біз КазГУ-дің журналистика факультетінде оқимыз. Лекция, семинар арасында атақты ақын-жазушылармен жүздесу, кітаптарына қолтаңба жаздырып алу — әдетіміз. Қай жерде, қандай қаламгермен кездесу өтеді, сол жаққа асығамыз. Ол да бір дәурен екен!

505

 

Биыл көктемде белгілі тележурналист Иманбай Жұбаев Қазақ теледидарының «Алтын қорынан» Оралхан Бөкейдің оқырмандармен сол кездесуінің толық нұсқасын тауып алып, «Журналист-83» атты өзіміздің курстастар чатына тастапты. Қырық жылдан астам уақыт сақталған бейнесюжет албырт шағымызды санамызда қайта жаңғыртты... Экранда сценарий бойынша кітапсүйгіш жастардың бір шоғыры ұзын бойлы, ашаң жүзді қаламгерді ортаға алып, сахнаға көтеріліп келеді. Қара бұйра шашын сілкігені өзіне әдемі жарасады. Әне, оның жанында біздің топтың студенттері Мақсат Тәжімұратов, Иманбай Жұбаев және осы жолдардың авторы тұрмыз. Басқалары залда отырды. Жалпы, сол кездесуге бүкіл курс болып қатыстық, оның шығармашылығына байланысты 4-5 студент сұрақ қойды. Сейсенхан Махамбетов жазушының суретін салып, автордың өзіне тарту етті.
Ал, 2012 жылы қыркүйек айында «Айғақ» телеарнасының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіштің ұйымдастыруымен қаламгердің туған жері — Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылына жасаған телеарна экспедициясының құрамында барып қайтқаным есімде. Студент кезінде кітаптарын жастана жатып оқитын, өзім пір тұтатын талантты жазушының туған жеріне жасаған сол сапардың ерекше әсер еткені соншалық, сол жылы күзде «Кербұғы, сені көрмедім» атты жолжазба эссем көптеген газетте жарық көрді. Мұндай айтулы оқиғалар адам жадында мәңгілік сақталып қалады.

506


... Алдымен Алматыға, кейін Өскеменге ұштық. Ертеңіне облыс орталығынан 500 шақырымдай әріде жатқан Шыңғыстай ауылына жүріп кеттік. Асфальт жолдың апшысын қуырған «Джиптердің» жорға жүрісінде мін жоқ. Алғашқы қарқынмен талай шақырымды артқа тастады. Көп ұзамай тау бөктеріндегі қиқар да қисық жолдар басталып, жүрдек автокөліктердің арыны ептеп басылып қалғандай болды. Естуімізше, осы серпантин жолды екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен сарбаздар — жапон және немістер күрек пен қайламен төрт жыл бойы салған екен. Жолбарыстың жондарындай жалтырап жатқан өр Алтайыңыз үш елдің іргесімен шектеседі екен. Желке тұсында Ресеймен қоңсы тұрса, ортасындағы мүйіс арқылы Моңғолияға қатынауға мүмкіндік бар. Ал, оңтүстік шығыс жағынан Қытаймен көрші. Сондықтан еліміздің Шығыс Қазақстан облысын жұрт Азияның кіндігі деп орынды атайды. Жер жәннаты саналатын Шығыс Қазақстанның жота-жондарында күнге қарап құшақ жайған күнбағыс алаңдары көп кездесті. Мен пістені тек Оңтүстік өңірде ғана өседі ойлаушы едім... Шекілдеуік те Шымкентте ғана сатылатындай көрінген.
Жаңаүлгіге келіп жеттік. Етектегі қостан қымыз ішіп, шөл бастық. Ауыл жанында Күркіреме күркіреп жатыр. «Осы Күркіремеде Оралхан ағамыз аз-кем аялдап, шалбарының балағын түріп тастап, аяқ киімін қолына ұстаған күйі ауылына жаяу барар еді» дейді біз алғаш жолықтырған жазушының жерлесі. «Күркіреме» демекші, Шыңғыстай елді мекенін Көктерек, Қызылқайың деп аталатын тағы екі өзен аралап өтеді екен.
Шыңғыстайға кештете жеттік. Әне, жұқалау мұнарға оранып, жазушының ауылы жатыр. Бір түрлі бұйығы көрінді. Батар күннің батсайы жалыны балқып, алтын арай тау сілемдеріне соңғы сәулесін шашып қалғысы келгендей. Ұзақ тауында мал жайылып жүр. Елді мекеннің төменгі жағында Оралханның кітаптарында көп кездесетін Бұқтырма өзені ағып жатыр. Өзеннің бергі бетінен арғы бетіне қиналмай жүзіп өтеді екен жарықтық! Кешкі уақыттағы шыңғыстайлықтардың тіршілігі абыр-сабыр.
Оралхан ағаның балалық шағы өткен үй бүгінде мұражайға айналған. Бұл үйді ол балқарағай самырсыннан қиып салдырған екен. Қаттылығы сонша, балта өтпейді. «Алтайдың ағашы көрініп тұрсын» деп сыртын сылатпапты. Жазушының бала кезден бірге өскен достары Нұрлан Әкімбаев пен Аманжан Мұхсарин бізге көп естелік айтып берді. Мүмкін, олар жазушы кітаптарының кешегі кейіпкерлері Шаруа шал мен қарт шығар. Осы жолдастары Оралхан тұрған үйді мұражайға айналдыруға көп еңбек сіңіріпті. Ол тұтынған заттарды, үстел, жиһаздарды, бұрынғы түскен суреттерін жинастырып, біраз жәдігерлермен толықтырыпты. Қаламгердің өзі қамшы мен темекі мүштектерін жинауға әуестенген екен. Бәрі жазушының тірі кезіндегідей сол күйі тұр. Бөлмелерді аралап жүріп, Оралханның өзі кіріп келіп, бізбен әңгімелесе кететіндей жүрек дүрсіл қақты. Жыл сайын мектеп оқушылары арасында Оралхан оқуын ұйымдас-тыруға Аманжан ұйытқы болған екен. Кейін бұл байқау облыстық, республикалық мәртебе алды. Қаламгердің 60 жылдық мерейлі мерекесінде кеудемүсінін жасатып, есік алдына қойғызыпты. Ескерткіш тура адамзатқа қасқая қарап қалған Алтайдың Кербұғысы сықылды. Содан бері 11 жыл өтіпті. Ептеп есіме түсіріп жатырмын...
Оралхан Бөкей Оңтүстікке бірнеше рет келді. Жазушының 1991, 1992 және 1993 жылғы соңғы сапары есімде. Ол туралы кезінде Мархабат Байғұт ағам өз естелігінде жазған-тұғын. «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып тұрғанда апталыққа оқырмандарды көптеп жаздыруды жандандыру мақсатында Оңтүстік аудандарын араласа, келесі сапарын «Сарыағаш» шипажайына арнаған. Келесі жылы Мархабат ағаның ұлы Баубектің үйлену тойында бой көрсетіпті. Ал, тоқсан үшінші жылдың жазында Оралханды Қуаныш Төлеметов аға сол кездегі «Восход» қонақүйіне қондырмай, өз үйінде мейман еткен. Бұл туралы жазушы Серік Жанәбілден естігенмін. Ақын мен жазушы түні бойы көркем әдебиет пен ел тағдыры жайлы көп әңгімелесіпті. Қуаныш Төлеметов бұл үйде Алаштың арда ұлы Жұмабек Тәшеневтің өмір сүргенін тілге тиек еткен екен. «Апырай! Аңызға айналған адам осы мекенжайда тұрған ба?» деп таңғалыпты. Оралхан «ұйқым келмейді» деп үйге кіргісі келмеген соң түннің бір уағына дейін екеуі сыртта әңгіме-дүкен құрыпты. Қос қаламгер нендей сыр шертті екен?
Ертеңіне Қуаныш аға қонағын Ташкентке шығарып салған. Өзбекстан астанасынан қазақстандық делегацияның Үндістанға ұшқаны, мамыражай мамыр айының ортасында Дели қаласындағы «Тәж Махал» қонақүйінде қалай өлім құшқаны жайлы мағлұмат елімізге белгілі журналистер Нұртөре Жүсіп пен Еркін Қыдырдың естеліктерінен жақсы мәлім. Жазушының жүрегі соғуы тоқтап, мәңгілік ұйқыға кетті. Дәрігерлер «общирный инфаркт» деген диагноз қойды.
Иә, біз мәселенің себебін ғана айтып, салдарын сөз етпейтін сияқтымыз. Оның мәні салдарында екенін жете ескермейміз. Рас, Оралхан аға тағдыр теперішін аз тартқан жоқ. Басына түскен көп қайғының арасында жиырма жыл отандасқан алғашқы қосағы Айманның ажалы қаламгердің қабырғасын күйретіп кетті. Бір шаранаға зар болып, талай жыл жалғыздықтың уын ішіп келген еді қос мұңлық. Сонда да аяулысының көңіліне ешбір қаяу түсірмей: «Мен жазған әрбір кітап — ол менің перзентім» деп жұбатушы еді жарын. Суреткерге сүйген жарынан айырылудан асқан сұмдық азап жоқ. Ауыр соққы жазушының жабырқау жанын одан әрі жүдеткені шындық. Құдай пендесін көрер қызығынан айырмады, екінші жары Ардақтан Айхан, Айжан есімді қос перзент сүйді. Алайда, қызының бүйрегі қатты ауырып, оның уайымы еңсе көтертпеді. Германиядағы бүйрек ауруын емдейтін үлкен орталыққа апарып емдетуді талай армандады. Алладан перзентінің тілеуін тілеп: «Мені алсаң ал, Айжанымды аман қалдыра гөр» деп жалбарынғанын періштелер «Әумин» деп қабыл алды ма екен? Мұның бер жағында әкесі Бөкей, анасы Күлия қайтыс болды. Екі бауырынан бірдей айырылды. Мұның бәрі жазушының жүрегіне ауыр салмақ салғаны анық.
Шығармашылық адамының көңілі нәзік қой. Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың классик жазушының 70 жылдық тойында айтқан мына бір әңгімесі көкейдегі күпті ойды одан әрі қоюландыра түседі. Оралханның «Құлыным менің» атты пьесасын театр репертуарына өткізуде қатты айқай болғанға ұқсайды. Былайша айтқанда, жаңашылдар мен ескі көзқарастағы адамдардың тартысы қызады. Кейін жас драматургтың позициясын түсінген Мәдениет министрі де қолдайды. Бірақ сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қарсы. Орағаң терезе жақтауына сүйеніп тұрып: «Құдай мені перзенттен бір қысып еді. Бұлардың менің шығармашылығымда не жұмысы бар? Шалғайыма жабысып, аяқтан шалып, зиянын тигізіп жатыр» деп жылаған екен сонда. Мәдениет саласындағы осындай текетірес, көреалмаушылық, іштарлық сияқты «мылтықсыз майдан» Оралхан ағаның жүрегін тілім-тілім етпеді деймісіз?!
Ер әрдайым елге арқа сүйейді. Орағаң 50 жылдығында өзінің шығармашылық есебін беруге ниеті бар екенін айтып, аудан басшыларына құлаққағыс еткен ғой. Жазушының жоспарынан хабардар болған әкім-қаралар: «Қазір қиын жағдайда өмір сүріп отырмыз, әдебиетті тойлауға мойын бұра алмаймыз. Елуіңізді айтпай қоя тұрыңыз!» деп жолатпапты деседі білетіндер. Қанжардай қадалатын сөз ғой! Осындай қиянат пен әділетсіздіктерден жараланған жүректі көтеріп жүру қандай қиын. Әйтпесе, асқақ Алтайдың алты ай қысына қасқайып қарсы тұрған жүрек үндінің 50 градус аптабында да шыдар еді ғой дейміз. Әрине, біздікі пендешілік. Дегенмен, жүрекке соншалықты жүк салу да себепке себеп болып жамалмады дейсіз бе?!
Қарымды қаламгердің ғұмыры қысқа болды. Алайда, қалың оқырмандары жазушының 50, 60, 70 жылдығын атап өтті. Жуырда Шығыс Қазақстан облысы 80 жылдығын тойлап, өзге аймақтарға өнеге көрсетті. Оралхан Бөкей – ел мақтанышы. Соңына өлмейтін туындылар қалдырған жазушыны өлді деп кім айта алар?! Жазушының шығармалары тірі ме, демек өзі де тірі!

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.