«ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ» – ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТЫҢ БАСТАУЫНА АЙНАЛҒАН ТУЫНДЫ Избранное

Среда, 11 Октябрь 2023 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 737 раз

Қазақ халқының ізгілігі, көркемдік қуаты, сан алуандылығы мен ауқымы жағынан әлемнің ешбір халқынан кем түспейтін ұлы әдебиеті бар. Әсіресе, проза жанрында өз дәуірінің жалаң үгіті мен насихатынан ада, жалпы адамзатқа ортақ ойды қозғаған, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген, нәрі мол, көркемдік қуаты күшті, айшықты жазылған шығармалар жеткілікті. Мұндай шығармаларды оқырман қауымға таныстыру арқылы біз қоғамның рухани-мәдени кемелдене түсуіне қызмет етеміз.

602

 

М.Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің басында-ақ кейіпкерінің екіұдай күйін көрсетуден бастайды. Ол өзіндей келіншектермен әңгімелескенде «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой» деп айтады. Алайда, кейіпкердің бұл сөзі оның «Бала бере көрме» деген ішкі тілегімен кереғар. Автор кейіпкеріндегі драма сергелдеңін оның сырты мен ішкі әрекетінің мүлде қарама-қайшылықта сипат алуымен бастайды.
Әуел баста «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады» деп ойлайды Шолпан. Ол күйеуімен арадағы махаббатқа негізделген беріктікті, жалынды, екпінді махаббаты бәсеңдер, суынар деген ойдан қорқады. «Ол үшін бала болмауы керек» деп шешеді. Сөйтіп, жатса да, тұрса да тәңірден «Бала бере көрме» деген тілекпен оянып, сол тілектің жалбарынушысына айналады.
Шолпанның әдемі өмірді аңсаған тілегі кенеттен бір түнде өзгерді. Оны өзгерткен күйеуі Сәрсенбайдың әңгімесі. Оның өзін жеткізілу жолын автор шеберлікпен суреттейді. Досының үйіне барып, кештеу үйіне оралған Сәрсенбай кейіпкердің іс-әрекетін: «...Сәрсенбайды ұзақ отырғызған Нұржанның ұзақ әңгімесі емес, оның үш баласы еді» дейді.
Сәрсенбай үйіне келгеннен кейінгі жарымен арадағы әңгімесінде досының балаларының қылықтарын күрсіне аһ ұрмай, «біздің баламыз жоқ-ау» деген уайымын да сездірмей, келіншегіне күле отырып айтып, «жай сөздің екпінімен «Балалы үй базар, баласыз үй-мазар»деген сөз ып-рас-ау дегенде, Шолпанның басына жаңа бір ой жарқ ете түсті» дейді автор. Енді кейіпкер жатса да, тұрса да «Жасаған-ау, бала бере гөр» деп бар жанымен, тәнімен тілейді.
Туындыда Шолпанның әдемі өмір, отбасында бақытты тіршілікке ұмтылуы айқын және қарапайым көрінеді. Кейіпкердің іс-әрекетінің шексіздігі мен логикаға сәйкес келмеуі қиын да болса жалпы түсіндіруге болады. Бір айқындықтан екіншісіне, жауаптан жаңа сұраққа, білуден білместікке ауыса отырып автор финалдағы құпиялық атмосферасын қоюлата түседі: өмір мен өлімнің мәнін түсіну мүмкін емес. Шолпанның іс-әрекеттерінен күнәні бірден іздеп табу қиын. Жазушы кедергісіз мөлдір сюжет арқылы оқырманын тарта отырып, еріксіз жүректі тұтқын етеді.
Мағжан кейіпкерін «тұрақтылық» пен «тұрақсыздық» параметріне салады. Бастапқы кезде ол күйеуімен баласыз бақытты болғысы келсе, енді ол бірден балалы болуға шешім қабылдайды. Кейіпкер Шолпанның басқаға түсініксіз сопылық жолға түсуінің себебі де осы еді. Оны тіпті жанынан жақын ері Сәрсенбайға да айтпайды. Сондықтан Сәрсенбайдың: «Ой, сен пірәдар болайын деп жүрсің бе?» деп күлуі де оны тоқтата алмады. Бала тілеу жолында автор сөзімен айтқанда «өртке ұшырап аласұрған жан не істейтін болса, Шолпан соның барлығын істеді» молдаға дұға оқытып, өзін бақсыға да қаратады. Алайда нәтиже жоқ. Енді Шолпанның санасын басқа ой билеп алды. Ол күйеуі Сәрсенбайдың бала әкелуге қабілетсіздігі. Бұл жағдай кейіпкер ішкі драматизмін онан сайын күрделендіре түседі. Енді Шолпан басқа ойды жоспарлап, оны жүзеге асырады. Автор Шолпанды өмірде қалыптасқан санамен қарама-қайшылыққа түсіреді де кейіпкер инстинктке бой алдырады. Бұл әңгімеде Шолпан-Әзімбай сюжеттік линиясы болып табылады.Ол Әзімбайдан жүкті болады.
Шолпан мен Сәрсенбай арақатынасы да бұрынғыдай емес. Оның үстіне өсек жайылып бара жатқаны тағы бар. «...бұрын Шолпан дегенде шығар жаны бөлек күйеуі Сәрсенбай енді қит етсе, себеп тауып Шолпанды таяқ астына алып тастайды. Не үшін? Неге ол үндемейді? Егер ол айтып кіналаса Шолпан да ағынан жарылмақшы. Бірақ үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар». Оның үстіне Әзімбайдың тіпті ашық кетуі, енесінің «...Әзімбай сенің отауыңа неге қалжыңдап келе береді?» деген сұрағы тағы бар. Ауыр ойлар тығырығына тірелген Шолпан мен Сәрсенбай арасындағы тартыс көп ұзамай өз-өзінен шешілді. Ол Шолпан мен Әзімбай арасындағы байланысқа күйеуі Сәрсенбайдың куә болуы.
Әңгіме соңы Шолпанның соққыға жығылып, ол өзі бақытты еткісі келген адам қолынан қаза табуымен аяқталады. Ең қорқыныштысы сол Шолпанның Сәрсенбай үйіндегі өмірімен заңсыз туылған баланың тағдырын көз алдына елестетіп көрмегендігі.
Өмір мен өлім арасында жатқан Шолпанның біткен өмірін автор көз алдына бір сәт елестетіп өткізетіні бар. «... Жаңа шолпы тағып, сол шолпыны әдейі сылдырату үшін жүкті әдейі қайта-қайта бұзып жиғаны... Апасынан жалынып сұрап қыз-ойнаққа барулары... Сәрсенбайдың босаға аттағалы келгені... Бірінші түн... Үшкірген қожаның бұқа көзі... Әзімбайдың қара мұрты...».
Әңгімеде Шолпанның күйеуіне қандай жолмен болса да бала сыйламақшы болғаны, сол арқылы отбасын, еріне деген сезімін нығайтпақшы болғандағы бүкіл іс-әрекеті бір өкініштісі Сәрсенбайдың санасынан тыс өтетіндігі. Сондықтан да автордың ажал алдында жатқан әйелдің аузына: «-Балам қайда? Әлгі неге келіп бір көріп шықпайды?» деп айтқызуы жәй емес. Өлім үстіндегі Шолпанның осы сұрауы арқылы кейіпкердің теріс жолдағы бүкіл іс-әрекетінің мәні «бала» екендігіне автор тағы бір психологиялық дәлел жасайды. Әңгіменің өн бойында «құпиялылық» жүреді. Шолпан барлық шешімді өзі қабылдайды және оның дұрыстығын түсіндіргісі келеді де, басқалар үшін оны құпия етіп ұстайды. Ал бұл драматизмдік жағдайлардың шиеленісуіне алып келеді. Сол ішкі «мен» Шолпанды ерікті түрде күнә жасауға итермелейді.
Қорыта айтқанда, Мағжанның «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – адам жанының психологиялық қатпарларын шынайы ашып беру арқылы қазақ прозасында жаңа бір бағыттың бастауына айналған туынды.

Жадыра ОРАЗАЛИЕВА
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының
қызметкері 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.