КАРДИОЛОГИЯНЫҢ КІЛ МЫҚТЫЛАРЫ ШЫМКЕНТТЕ Избранное

Пятница, 27 Октябрь 2023 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1034 раз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ағза ауыстыру оталары — медицинаның маңызды көрсеткіші. Егер мемлекетте трансплантация жасалынатын болса, ол медицинаның дамығанын көрсетеді.

760

 

Бүгінде әлем бойынша ағза алмастыру, донор табу істері қарқынды дамуда. Жыл сайын әлемде 100 мыңнан астам адамға трансплантация жасалады екен. Ол бүйрек, бауыр, жүрек, ұйқы безіне жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы донорлық және транспланттау жаһандық обсерваториясы әлем бойынша жыл сайын 100 800 трансплантация жасайды екен.
Шымкент елімізде жүрек ауыстыру отасы бойынша Астана қаласынан кейін екінші орында тұр. Осы жылдың шілде айында алғашқы жүрек трансплантациясын «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» және «Шымкент жүрек орталығы» қызметкерлерінің қатысуымен еліміздің бас кардиохирургі Юрий Пя жасаған болатын.
Күні кеше өз біліктіліктерін арттыру мақсатында дәрігерлер мен профессорлар тағы да Шымкентте бас қосты. Дәрігерлер «Үдемелі жүрек жеткіліксіздігін емдеу: тәжірибе алмасу бойынша кездесу» атты халықаралық конференцияға жиналды. Конференцияны қалалық денсаулық сақтау басқармасы және «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ, «Қазақстандық жүрек жеткіліксіздігі мамандары қоғамы» РҚБ, Астана қаласындағы «UMC» КҚ, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» және «Abbott» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Іс-шараға «UMC» КҚ-ның Басқарма төрағасы Юрий Пя бастаған Қазақстанның кардиология, интервенциялық кардиология және кардиохирургия саласындағы сарапшылар, халықаралық жетекші мамандар мен профессорлар қатысып баяндама оқыды. Шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, конференцияның маңыздылығын атап өтті.

764


— Бүгінгі конференция медицина мамандары үшін үлкен тәжірибе алаңы болады деп сенеміз. Себебі, алыс-жақын шет елдерден келген білікті профессорлар өз тәжірибесімен бөліспек. Ел тарихында алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы Астана қаласында жасалды. Бүгінгі таңда «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында» 90 жүрек трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Ұжымның тәжірибесі мен білімі еліміздің басқа өңірлерінде, республикалық маңызы бар Алматы мен Шымкент қалаларында осы бағдарламаның сапасы мен дамуын жақсартуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді, – деді Қ.Асылов.
Конференцияның барысында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастардың жағдайын зерттеу мен емдеуде қазақстандық және шетелдік кардиология, кардиохирургия мамандары өзара тәжірибе алмасады. Терминальді жүрек жеткіліксіздігі – бұл мүгедектікке, өмір сапасының төмендеуіне және медициналық терапия мен уақтылы күтім жасалмаған кезде жедел өлімге әкелетін ауыр ауру. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім құрылымында 60 пайызды құрайды. Конференция Шымкент жүрек орталығында LVAD механикалық құрылғысын имплантациялау бойынша шеберлік сағатымен жалғаспақ. Ота «UMC» КҚ-ның Басқарма төрағасы Юрий Пя және Шымкент жүрек орталығының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіледі.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.