ҰЛТТЫҚ РУХ – ҰЛТ ҰСТЫНЫ Избранное

Пятница, 27 Октябрь 2023 03:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 653 раз

Ұлт ұстазы, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынов: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» – дейді. Қазіргі таңда мемлекет алдында тұрған ең үлкен мәселелердің бірі – сапалы білім беру. Сапалы білім, саналы тәрбиеде үлкен мән бар. Өйткені жаңа буынға сапалы білімді бере отырып, оларды келешегі кемел, жарқын болашақпен қамтамасыз ете аламыз.

753

 

Жарқын болашақ дегеніміз – жаңа заманға сай, ғылым мен техниканың озық үдерістерін бойына жиып қана қоймай, ұлттық рухпен сусындаған ұрпақ болуы тиіс.
Жалпы рух дегеніміздің өзі – адамның жан дүниесі, рухани әлемі, оның ішінде ұлттық рух халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы менталитеті, замана ағысында жойылып кетпей бүгінгі күнге дейін келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Осындай ұлттық рухпен сусындаған кемел тұлғаны жетілдіру – ең алдымен ата-ана, ұстаз, зиялы қауым, оның ішінде сөз ділмарлары саналатын ақын-жазушылардың басты міндеті.
Жас ұрпақты тәрбиелеу процесі Батыс Европа мен американдық үлгіні қабылдап бара жатқаны жасырын емес. Саналы тәрбие беруді ұлттық тәрбиеден қарастыру тиімді жол. Ұлттық үрдісімізден хабар беретін адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда ізгілікке, ұлжандылыққа баулитын шығармаларға баса назар аударғанымыз жөн. Осы ретте ұстаздар қауымы білім мен тәрбие берудегі озық ұстанымдарды ұлттық тәрбие құндылықтарымен байланыстыра отырып, әр оқушының қабілетін, талантын ашу, өзіндік ұлттық тәрбиесі мен санасын қалыптастыра білуі қажет.
Асыл қазынамызды ұрпақ бойына сіңіруде поэзияның алар орны ерекше. Оқушыны өз халқының мәдени мұраларымен таныстыру жалпы адамзаттық рухани байлықтарды игеруге жол ашады. Жас ұрпақтың санасын ұлттық дәстүрде қалыптастыру барлық кезеңде де алға қойылып отырған мәселе. Түрік ғалымы Махмуд Қашқари: «Тәрбие басы – тіл» десе, заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов: «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы – сөз » дейді.
Әрбір ұлттың тарихында қол жеткізген ең құнды дүниелері рухани және адами қасиеттері мен мінез-құлық үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тәрбие үлгісі болып табылады.
Өйткені мұнда тәрбиенің негізін ғасырлар бойы қалыптастырып келе жатқан рухани құндылықтар, халық даналығы, ата-бабамыздың өмір салтынан туындаған бұлжымас ережелер мен қағидалары сақталған. Бұл құндылықтар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады.
Aқынға халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің жарымжан сөздермен былғанбай таза сақталып, сауатсыздыққа жол бермей, өркендеп өсуіне үлес қосу – кез келген қазақ азаматының міндеті деп білеміз.
Біз бүгінде ұстаздық пен ақындықты қатар алып жүрген, еңбегі елге сіңген дара тұлға, терең пәлсапаға толы жырларымен күллі түркі жұртының мақтанына айналған -–Құрал Көмек ағамыз жөнінде сыр шертпекпіз.
Ақын, Физули сыйлығының иегері, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ҚР Білім саласының үздігі, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының мүшесі, Халықаралық Фараби Шығармашылық Одағының төрағасы Тойғанбай Құралбай Көмекұлының өмір дерегіне тоқталсақ: ол 1958 жылы 23 қазанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының Тельман елді мекенінде дүниеге келген. Осында В.И.Ленин атындағы №29 он жылдық мектебін (қазіргі №51 Төле би атындағы мектеп) 1976 жылы үздік бітірген соң екі бірдей жоғары оқу орны Қостанай ауыл шаруашылық институтын және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдаған.
1981-1983 жылдары Кеңестер Одағының әскери қызметінде болған. 1983-1988 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған. 1989 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №2 мектепаралық оқу-өндірістік комбинатына ұстаздық қызметке ауысып, көп ұзамай осы мекеменің басшысы болып тағайындалды.
Құрал Көмекұлы 1988 жылдан 2020 жылға дейін Мектепаралық оқу өндірістік бірлестігінің директоры қызметін атқарды. Бүгінгі таңда сан алуан мамандықты игерген шәкірттері биік белестерді бағындырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Олай болуы заңды да. Өйткені рухты ақыннның тәлімін алған тұлғаның бойында адами құндылығы асқақтап, ар-ұжданның арта түсуі хақ!
Ұлағатты ұстаз Қазақстанда алғаш рет оқушыларға мамандық таңдауға шығарды.
Тынымсыз ізденіс үстінде жүретін ел ағасы жастарға тәрбие негізін қалауда көптеген еңбек сіңірді. Мерзімді баспасөз беттеріне үздіксіз танымдық, тағылымдық мақалалар жариялап отырды. Соның ішінде Алаш ардақтыларының бірегейі – Мағжан тағлымдарын ұрпақ тәрбиелеу ісінде кеңінен насихаттады.
Құрал Көмек білім саласындағы 30 жылдай еселі еңбек барысында жанашыр ұстаз, білікті басшы бола білді. Өзінен кейінгі буынға үлгі боларлықтай көптеген игі істер атқарды. Ақын ретінде үнемі жүрген ортасында тіл мәселесі, ұлт қамы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық рух төңірегінде әңгіме өрбітіп, өзекті мәселерді көтеріп, шешімін табуға ықпал етіп отырды. Қоғамда орын алған келеңсіз жағдайларға бей-жай қарамай, өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алуына баса назар аударып, дүйім жұртты қырағы болуға үндеді.
Құрал Көмектің шығармашылығына қатысты абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Ақын Құрал Көмек – жаңа ғасырдың екінші «Мағжаны» десе, ақын-жазушы Мархабат Байғұт «Құрал Көмек рухты жырлайтын ақын» - деп баға берді. Бүтін болмысы адалдық пен әділдікті ту еткен, жалынды жырларына шындық пен ақиқатты қару еткен ақын шығармалары әр кез асқақ естіледі.
Құрал Көмек – ұлттық сана биігіне тереңнен қалам сермеген ақын.
Оның жырлары – кәдуілгі жұмыр басты пенденің күнделікті күйбеңі емес, күллі қаймана қазақ қамы.
Туындылары Отан, батырлық, қайсарлық, адами қасиеттер, тіл, ар, тазалығы, бала тәрбиесіне алаңдаушылықтан туады. Мысалы: «Бөрілерге гипотеза», «Мен – даланың ұлымын», «Сенім жеңісі», «Баба рухы – Гольфстрим ағысы», «Ай туып келеді», «Үнсіздіктің үнін тыңдап» және балаларға арналған «Бағдаршам» т.б. жыр жинақтары осының айқын дәлелі.
Ол «Түркілердің достық маршының», «Бауыржан маршының» авторы. Кәзіргі таңда «Түркі маршы» түркі жұртының басқосуында, «Бауыржан маршы» әскери бөлімдерде дәстүрлі орындалады.
«Бағдаршам» балаларға базарлық жыр жинағы балабақшалардың әліппесіне айналған. «Мен – даланың ұлымын» поэмасының үш тілде электронды оқулығы құрастырылған. Сонымен қатар «Бір өлең – бір сурет» бейнелеу өнері балалар шығармашылығы байқауының, « Темірқазық – түнгі кітапхана» әдеби клубтарының идеялық авторы. «Ой
Ұлттық рух – халықтың ең асыл қасиеттерінен құралған алтын діңгегі десек, ақын өлеңдерінің басым бөлігі де осы төңіректе өрбиді. Қазақты түбі түркіден бөле жармай, сырын да жырын да мұңдас етеді. Ертеңіне алаңдап, ел іргесінің берік қалануын мақсат тұтады. Жас өскін бойына өршілдікті өткеннің өнегесінен өріп, халық тағылымының тереңінен сусындауын талап етеді. Адалдықты арда тұтып, әділетті қоғам құруға шақырады.
Ақын өз өлеңінде:
«Адалдықпен парыздар өтеледі,
Тексіздерге тапталдық, жетер енді.
Рухым менің сәл қалғып кеткен екен
Көк байрақпен көгіме көтерілді.
Жетер енді,
Уа, қазақ, басыңды көтер енді!» – деп, жаны аласұрып шарқ ұрады.
Ол қоғамдағы әділетсіздіктен баз кешіп, жалғандықтан жерінеді. Күллі адамзат баласына мейірім сәулесінен нәр алып, адамгершілік-ізгі қасиеттерінің қалыптасуына үндейді. Ұлтжандылық, туған жерге деген сүйіспеншілік, адами құндылық, коғам дерті – ақын жырларының негізгі арқауы. Жалын жырларымен сан-сауалға жауап іздеп, оның шешімін сана биігінде түйіндеп, үміт сәулесін сыйлайды!
Құлазыды көңілім, құлазыды,
Сағындым-ау осы мен құла дүзді.
Қайда жүзіп барады өмір-кеме,
Алыстатып жағадан мына бізді.
Міне, ақынның сарабдалдығы – өмірді біз өзенге теңеп, тұңғиығынан жүрексініп, жұмбағына жауап іздесек, ол тылсымына тұншықпай, бұққан сырын парасатымен пайымдап, биігіне ұмтылады.
Ақынның берік ұстанымы, алты Алаштың асқақ арманы – күллі түркі жұртының бірлігі.
Армысың, көгілдір Түріктің аспаны,
Айбарлы ақ бас шың Оғыздың таулары.
Кеудемде от болып бір ұшқын лаулайды,
Көк бөрі, ер патша Кемалдың ұлдары, - деп жырлайды.
Мың құбылған заманда тектілігімізден танбай, рухтың биік болуы, соқыр саясаттың шырмауына малынбай, адами құндылығымызды ұлықтау, аңсап жеткен Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – баршамыздың межелі мақсатымыз! Ал рухтың мықты болуы – уызына жарыған ұлықты ұрпақтың үлесінде!
Ақынның терең тебіреніспен жігеріңді жанып, намысыңды қамшылайтын отты жырларының екпінімен тау тұлға бейнесі асқақтай түседі! Сонау арғысы тарихын тасқа қашаған Күлтегіннен бастау алған қаһарман халықтың ұрпағы екеніңді мақтан тұтасың!
Мен – даланың ұлымын, бөрі тектес,
Жырласаң да мың шайыр шерің жетпес.
Еділ бабам, Атилла, Гомер ғұмыр,
Сырттанымын Сақтардың сырын бермес!
Кеудеңе еріксіз қанат бітеді! Көңілің тасып, қаның тулайды. Шебер шендескен шумақтан шабытың шарықтайды! Ақын поэзиясының құдіреті сол – көмескі көңілге күмбір күй сыйлайды! Мысалы ақынның «Дүние түріктерінің маршы» шығармасында:
«Қол ұстас Самарқан, Түркістан,
Астана, Анкара туысқан.
Бішкегім, Бакуым, Ашхабад,
Шығарма достықты уыстан» - деген шумақтар кездеседі. Марш қазақшадан түрікшеге аударылған, ән де жазылған. Ақын: «Алдағы уақытта түркі халықтары иық тіресіп тұрып, осы маршты қосыла шырқайтын болса, тамаша емес пе? Көп қорқытады, терең батырады. Бірлігіміз бүгінгіден де нығаятын болса, ешкімге жем болмаймыз. Сонда үлкен қуатқа айналып, жанымыздағы алып мемлекеттер ойланып қалады» - дейді. Бұл өлең жолдарынан ақынның тек қазақ даласының айналасында емес, түбі бір түркі халықтарының бірлігін, ынтымағын нығайтуды көксеп, әрі саяси толеранттылық, әрі достық пейілінің кеңдігі, көрегендігі байқалады.
Ақын өлеңдерін оқи отырып, шығармашылығының басты идеясы – Ұлттық рух екендігін аңғару қиын емес. «Әңгіме рухта, Тәуелсіздіктің өзі де рух, екеуі бір ұғым. Рух болмағанда Тәуелсіздікті де ала алмас едік. Енді оянған рухымыз қайта қалғып кетпеу керек. Қалғып кетер болса келешек ұрпақ бізді кешірмейді» – деп, өзі секілді зиялы қауымды сергек болуға шақырады.
Өлеңдерінің әр сөзі, әр шумағы ұлт мүддесін қорғап, болашағына алаңдайды. «Сенім жеңісі» поэмасындағы Сейіттің бейнесі арқылы қаны қазақтың бойындағы қайтпас, қайсарлық, мәрттік, қазақ ерлеріне тән намыс-жігерді алға тартады.
Тәкаппар тағдыр көші бабалардан,
Ұрпағы ұлыларды бағалаған.
Өсірген ұл-қыздарын өршіл етіп,
Сүйінген арқа тұтып Жер-Анадан.
Бастаудан тулап ағар өзені де,
Сағыныш саздары бар өзегінде,
Қанында, сүйегінде махаббаты
Ар-намыс – ең асылы өз елінде.
«Кім шындығын жоғалтып алса, «ақты - ақ, қараны - қара» деп айта алмаса, яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса, және елдік, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, мейлі ол жүз жерден үлкен жазушы, үлкен ақын, үлкен ғалым, үлкен саясаткер болсын, ол өз халқының шындықтан бойын аулақ салған, рухани мазмұнсыз, мағынасыз перзенті, осы шағын поэманың авторы Құрал Көмекті де сол биіктен көрер болайық» – деп, үміт артты ұлтымыздың ұлы перзенті, ұлттық рух, ұлттық мүддені күйттеп жүрген ақын-жазушы Мұхтар Шаханов.
Құрал Көмек «Мен – даланың ұлымын» поэма толғауы үшін Физули атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанып, Түркия Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. Марапатты «Тоқат» мәдениет қоғамы әрі «Күмбет» атты әдебиет, мәдениет, өнер журналының басшысы Ирфан Йылдыз әр тараптан жиналған түркі тілдес бауырластар жиналған шығармашылық топта ресми түрде табыстады.
Мен – даланың ұлымын, өр қиялым,
Кіндік жұрттан бәріңе шер құямын.
Шығысың мен батысқа параллель боп,
Киіз үйдің белдеуі – меридианым! - дей отырып, ақын түркілерді біріктіру идеясының маңыздылығына баса назар аударып, Түркі қағанатының бір ту астына жиналуын меңзейді!
«Қырандарға бостандық» өлеңінде ақын Құрал Көмек зоосаябағында көктің сұңғыла сайыпкері қырағы қыранның тар қапаста темір торға тоғытылып отырғанына іштей налып, қынжылады.
Шеңгел құрсау текті бүркіт құсада,
Қарашығы қашан көрсең қияда.
Қыл шылбырдан тұзақ салып мәңгүрттер,
Ал өздері қыран болып ұшады.
Ар мен намыс кеудеде,
Ұшқан көкке шарықтап,
Мәңгілік ел саған сын, – деп, шарқ ұрып аласұрады.
Ақынның түпкі ойында даланың еркін өскен ұланы қыраннан өжеттік пен қырағылықты өн бойына сіңірсе, ал қыран нағыз мұзбалақты сонау шыңның басында дүниеге әкелетініндей тек биікке ұмтылса, өз ұясын өзгеге тастамайтынындай тектілігін тамырына дарытса деген ізгі түйсігін аңғартады.
Ұлттық рух – мемлекеттің, ұлттың, ұрпақтың ортақ мүддесі. Ел Тәуелсіздігі мен бірлігі жолындағы ерлік пен елге адалдық, білім мен білік, жоғары адамгершілік, ізгілік ұғымдары қашан да тұғырдан төмен түспеуі тиіс! Тектілігіміз, рухани тереңдікті сақтап отырған асыл дініміз, ана тіліміз –рухымыздың тұтқасы.
Адалдық – адамгершілік парасаттың ең биік шыңы. Ол кез-келген сөзде, істе, әрекетте өзінің пендешілік мүддесінен адамшылық мүддесін жоғары қоя білу. Атам қазақ «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол» деп, келер ұрпақты ақиқатты арда тұтуға шақырады.
Құрал Көмек ағаның рухты көтерер отты жырлары – тұғыр тағылымы аясында ұлды ұлығымен, қызды қылығымен адалдыққа баулиды. Адалдық рухани тазалықтан туындайды. Жан дүниесі, рухани әлемі таза адамның әрқашан абыройы асқақ, беделі жоғары болатындығын айқын аңғартады.
Қазақтың арманы болған Тәуелсіздік ұлттың рухын көтерді. Ұлттық құндылықтарға, адалдыққа, ақыл мен парасатқа негізделген қоғам ғана Қазақ елін еңселі ел болуға үндейді.
Құрал ағамен танысқан 10 жылға жуық уақыттың ішінде оның балалар әдебиеті, жастардың бойындағы ұлтжандылық қасиеті, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, ақындарына, жазушыларына, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілікті арттыру жолындағы тынымсыз еңбегін көріп келемін.
Шымқаламыздың жалпы орта білім беретін, арнаулы кәсіптік білім беретін мекемелерінде, жоғары оқу орындарында әдеби шығармашылық кездесулер, поэзиялық жыр кештерін жиі-жиі ұйымдастырып, өзінің өнегеге толы өлең-жырларын, жинаған мол білімі мен тәжірибесін жас жеткіншектердің арасында кеңінен таралуына ұйытқы болып жүр. Өз өлеңдерінде, жаңа буынды шынайылыққа, адалдыққа, бай әдебиетіміз бен сан ғасырлық тарихымызды құрметтеуге, кіндік қанымыз тамған туған жерімізді қастерлеуге үндейді.
Сүйіншілеп айтар тағы бір жағымды жаңалығымыз бар! Шымкенттің Абай атындағы № 90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры Арман Орынбеков Америкаға сапарында Нью-Йорк қаласының сегіз Нобель иегерлері шыққан Вronх және Эленора Рузвельт мектептеріне Құрал Көмектің ағылшын тіліне аударылған «Мен – даланың ұлымын» атты тарихи поэмасын табыстап қайтты. Көңіл қуантарлығы – АҚШ-тай алып елдің жастары қас сақ халықтың қанымен біте қайнасқан өжеттігі, өнегелі болмысы мен тағылымға толы дала пәлсапасымен терең танысатындығы.
Ендігі бір келелі мәселе – ата жұртын жыр құндағында тербеген Құрал ақынның 65 жасқа толған мерейтойын республика көлемінде кеңінен атап өту!
Осы игі іс-шараны іске асыру мақсатында арнайы ұйымдастыру алқасы құрылды. Қазан айында Оқушылар сарайында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. «ТӘРБИЕДЕГІ ҰЛТТЫҚ РУХ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция «Ақын, Физули Сыйлығының иегері, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ҚР Білім саласының үздігі, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының мүшесі, Халықаралық Фараби Шығармашылық Одағының төрағасы Құрал Көмектің өмірі мен шығармашылығы», «Ұлттық рух – ұрпақ тәрбиесі», «Қосымша білім беру ұйымдарының ұлттық тәлім-тәрбиеге қосқан үлесі» тақырыптарында тереңінен талданбақ.
Жоғары оқу орындарынының ғылым кандидаттары, аға оқытушылары, жалпы білім беретін мектептердің директорлары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, қосымша білім беру мекемелерінің үйірме жетекшілері аталмыш тақырыптарда мақалалар жазып, арнайы жинаққа енгізіледі. Ғылыми-тәжірибелік мақалалар жинағы болашақта ұстаздардың білім мен тәрбие берудегі біртұтас тәрбие құралына айналары сөзсіз. Жинақ жалпы зиялы азаматтарға, оқырман қауымға, жалпы білім беру мекемелеріне арналмақ.
Арнасына қосылып жыр ағынның,
Бұлқынады ағысы бұлағымның.
Жыр толқынның келемін жалын ұстап,
Сәулесінен жол іздеп шырағымның, - деп, әлі де ізденіс үстіндегі ақын жүрегі өлең мен өмірге құштар. Оның шынайылыққа толы поэзиясынан талай жан сәулесіне нұрланып, бойына рухани күш алмақ!
Қорыта айтқанда, Құрал Көмек ағамыздың ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі оңды бастамалары ел болашағының кемелденуіне, ұлттық рух пен мүдденің нығаюына зор үлесін қоспақ. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын жасау жолындағы қарышты қадымдарыңызға шығармашылық шабыт тілейміз!
Тәуелсіз еліміздің ұландары өміршең өлеңдеріңізден өнеге өрсін, қажырға толы қайтпас рухыңызбен кемелденсін!

Бақытжан МҰСТАФАЕВ,
Шымкент қалалық Оқушылар сарайының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.