ШЫМКЕНТТІҢ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ САЛАСЫНДА 5 БАҒЫТ АЙҚЫНДАЛҒАН Избранное

Четверг, 21 Декабрь 2023 10:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 857 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын.

zam akim-1

 

Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды. Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, креативті индустриялар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басымдыққа ие бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

«Креативті индустрия» термині экономикалық, әлеуметтік, мәдени салалармен байланысты. Бұл – білім экономикасы яғни адамның тікелей зияткерлік қызметімен қабысатын сала. Бұл термин 2000 жылы алғаш рет Нью-Йорктік «Businessweek» журналында қолданылған. Креативті индустрияның негізгі салалары – инновациялық технологияларды қолдану, ойындарды әзірлеген кезде, бағдарламалық өнімдердің әр түрінде, виртуалды өнімдерінде, музыка, өнер, жарнама, сәулет, киноматография, анимация, дизайн және шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде басқа да салаларда жаңашылдықты қолдану.

zam akim


БҰҰ әлемнің көптеген елінің қолдауымен 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті экономика жылында елімізде де креативті индустрия құруда талантты жастарға назар аудару, жұмыспен қамту, Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын құруды тапсырды. Яғни ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша ұлттық білім хабтары сияқты орта-лықтар құрылу көзделген. Еліміздің барлық өңіріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашылады делінді. Бүгінде өкілетті органдармен осы саланы дамытудың нақты бағыттары белгіленіп, мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылып келеді. Бұл салада білікті мамандар да табылып, жастар көбеюде. Өйткені креативті индустрияның мақсаты – қаржылық табыс қана емес, әлеуметтік және қоғамдық екені анық.
Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласында екі күнге жалғасқан халықаралық деңгейдегі «Creative industry of Shymkent» креативті форум-көрмесі өтті. Форум – креативті индустрия субъектілеріне пікір алмасу, ортақ алаң құру, креативті индустрия саласының жаңалықтарымен бөлісу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, көрме жұмысымен танысты.
–Қазіргі таңда креативті индустрия көптеген елдердің экономикасын дамытуда маңызды инновациялық бағыттарға айналуда. Олар жылдам қарқынмен дамып, экономика өсімінің жаңа көздерін қалыптастырып қана қоймай, ірі мегаполистердің эксклюзивті экожүйелерін құруға серпін береді. Ал, елімізде креативті индустрияның соңғы бес жыл ішінде экономикаға қосқан үлесі 2,8 пайыз. Шымкент қаласында бүгінде креативті индустрияда шағын және орта бизнес субьектілері 2553 бірлікке жетті. Бұл қаланың шағын және орта бизнес субьектілерінің жалпы санының 1,99 пайызын құрайды. 2024 жылы қаламызда креативті хаб ашу жоспарлануда. Мұнда шығармашылық саласындағы мамандардың шеберлік сағаттары, арнайы шоу румдары өткізілетін болады. Алдағы уақытта Шымкент қаласы еліміздің креативті орталықтарының біріне айналу үшін жұмысты одан әрі жандандыратын боламыз, – деді Қ.Асылов.
Аталған форумға халықаралық деңгейдегі тәжірибелі спикерлер де шақырылған. Олар кәсіпкерлермен өзара пікір алмасып, жаңа туындыларымен бөлісті. Соның бірі Астана қаласынан келген Айдос Әкімғали. Ол гиперреализм әдісімен ұлт зиялыларының мүсіндерін жасайды.
–Гиперреализм – ағылшын тілінен аударғанда фотореализм дегенді білдіреді. Ол бейнеленген заттың сырт көз аңғара бермейтін тұстарын сол қалпында суреттелуіне немесе адамның әр тал шашынан бастап, әр қырына дейін айна-қатесіз сомдалуын талап ететін өнер түрі. Гиперреализм жанры суретте де, мүсінде де көрініс табады. Бұл жанрмен салынған суреттен жай фотосуретті ажырату оңай емес. Сол секілді гиперреализм өнерімен жасалаған мүсін де жансыз заттың нақ өзін көз алдыңа елестетеді. Жасап жүрген өнерім осы креативті индустрия бағытына өте лайықты. Мен ұлт зиялыларының мүсіндерін суреттерді зерттей келе шынайы бейнедей етіп жасаймын. Өзім бала күнімнен сурет салумен айналысамын. Арқалық қаласында суретші мамандығы бойынша білім алдым. Кейін іздене келе осы бағытқа бет бұрдым. Жасаған жұмыстарым көптің көңілінен шығады. Осы уақытқа дейін халықаралық көрмелерге қатысып, шет елдерге де шығып жүрмін, –дейді А.Әкімғали.
Креативті индустриялар саласына жаңа идеяларды енгізу, жобаларды жүзеге асыру, инвесторлар мен демеушілерді тарту үшін ұйымдастырылған форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 500 адам қатысып, қатысушылар 30 спикердің баяндамасын тыңдады. Көрмеге ұсынылған 20 жобаны ірі инвесторлар алдында авторлары қорғап шықты. Сондай-ақ форум аясында бірнеше меморандумға қол қойылды.

«AMANAT ART HUB» – ЖАСТАР АЛАҢЫ

Халықаралық «Creative industry of Shymkent» форум-көрмесі аясында қатысушылар этномәдени орындарға да экскурсия жасады. Экскурсия барысында «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне, Ж. Тәшенов университетіне, «Amanat Art Hub» креатив орталығына және Бейісбековтер отбасының «Алтын орда» галереясында болды. Шымкентте тұңғыш рет ашылған «Amanat Art Hub» креатив орталығының ашылу салтанатына қатысқан форум қатысушылары ондағы өнімдермен танысты. Аталған орталық – кретивті индустрия бағытында жұмыс істейтін жастардың алаңына айналмақ.
—Халықаралық форум-көрме кезінде Шымкенттің креативті индустрия саласындағы 5 басым бағыты айқындалған болатын. Олар: кино және анимация, дизайн және сән, IT, геймдевелопмент, сондай-ақ қолөнер мен музыка. Бұл бағыттар бойынша алда талдау жұмыстары жүргізіліп, саланы дамытып отырған кәсіпкерлерге қолдау шаралары қарастырылмақ, –деді Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Нұрымбетов.

zam akim-2


«Amanat Art Hub» креатив орталығында қазақтың киіз үйінен жасалған фотозона, этностильдегі костюмдер, фотоестелік үшін көне ұлттық атрибуттар бар. Орталықтың негізін қалаушы Динара Төребекова бұл мекен–жастардың жаңа идеяларымен шоғырланатын орталығына айналады дейді.
–Креативті индустрия дегеніміз – шығармашылық арқылы ұлттық экономиканы дамыту. Дамыған мемлекеттерде креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды екен. Әрине, креативті индустрияны дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Мысалы, қалалар мен аудандарда шығармашыл жастардың өз өнімдерін шығаратын орындары аз екені бәрімізге белгілі. Орталықты құрудан бөлек – оны дұрыс басқару да басты мәселе. Бұл орталық білімге, ғылымға құштар жастарды табуға мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – өңірде креативті экономиканы дамыту, креативті экономикадағы жаңа бағыттың ашылуына жол ашуды, жастарға жаңа технологиялармен жұмыс жасауға қолдау көрсету, – дейді Динара Төребекова.
Экскурсияға қатысқан спикерлер Шаһардың тарихи және мәдени өнеріне өз таңданыстарын білдіріп, Шымкенттің креативті қала орталығына айналуына негіз басым екенін атап өтті. Жастарды жұмыспен қамту қажеттілігі жиі айтылады. Жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін, жұмысқа шақырған жарнамалар да көп. Бірақ креативті үздік ой жетіспейтіндей. Жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі қолдаулар болғанымен, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейтіні өкінішті. Сондықтан да Мемлекет басшысы жастар саясатын қолдай отырып, оларға дұрыс бағыт берер «хабтарды» көбірек ашуды қолдап отыр. Мұндай креативті бағытта жұмыс істейтін шығармашылық орталықтар көбейсе, түрлі кеңес алып, өз саласында үздік маман болуға зор мүмкіндік туар еді. Шымкентте өткен форум үлкен істің бастауы іспетті.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.