«ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ» Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 244 раз

Ювеналды полицияның басты міндеттерінің бірі – балалардың, жасөспірімдердің құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қайта тәртіп
бұзушылыққа жол бермеу, профилактикалық шараларды жүргізу.

sot13

 

Нұргүл Бауыржанқызы –Шымкент қаласы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы, полиция аға лейтенанты. Оның жұмысы – кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қорғаумен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі тақырыпта кездесулер өткізу, олармен ашық әңгімелесу, рейдтік шаралар жүргізу.
–Біздің қызметте асқан жауапкершілікпен қатар төзім керек. Мақсатымыз балаларды қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп, оны құрметтеуге тәрбиелеу. Құқық бұзған баланы жазалау емес, жазаланудың алдын алу. Алайда ата-анасына, мұғаліміне бағынбайтын қиын балалар бар. Осындайда ювеналды полиция қызметкерлерінің олармен жұмыс жүргізуі – жеткіншекті түзу жолдан тайдырмай, қылмыс жасаудан аман сақтап қалуы мүмкін. Жасөспірім шақ – бұл құбылмалы кезең. Осы кезеңде жеткіншектер қателік жасауға бейім келеді, олар үшін дұрыс дүние қоғам алдында дұрыс болмауы мүмкін. Үлкендердің талап қоюы, ақыл айтуы олар үшін орынсыз болып көрінеді. Осындай өтпелі кезеңде олармен өте тиімді әдіспен жұмыс істеу керек,– дейді полиция аға лейтенанты.
Кәмелетке толмағандар профилактикасы бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өткір тұр. Шымкент қаласының полиция қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмағандар мәселесіне қатысты орын алатын қылмыстардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Бір ғана мысал, полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде өткен жылы түнгі сағат 22.00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 259 жасөспірім және түнгі уақытта көшеде жүрген 5402 жасөспірім анықталып, қадағалаусыз жүрген 500-ден астамы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Жыл басынан бергі екі айдың ішінде түнгі сағат 22.00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 147 жасөспірім және түнгі уақытта тұрғын үйден тыс, көшеде жүрген 1417 жасөспірім тізімге ілінген. Қадағалаусыз жүргені үшін 150-ден астам жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілген.
Баланың тәрбиесінде отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларының кіммен және қайда жүргеніне, араласатын ортасына қатаң көңіл бөліп, қадағалауды күшейту керектігін ескертеді.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бар. Заңнан хабары бар, құқықтық сауаты бар бала бассыздыққа бара қоймайды. Баланың болашағы жарқын болғанын, тәртіпке бағынғанын қаласаңыз, оның тәрбиесімен бүгін айналысыңыз, құрметті ата-ана!

Өзипа ЕСЕНӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.