Ойыншық нарығындағы бренд Избранное

Пятница, 05 Апрель 2024 06:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 273 раз

Шымкенттіктер Рабиға Байтемірованы жыға тани қоймас, бірақ оның қолынан шыққан ойыншықтар әр шымкенттіктің үйінен табылатыны анық. Ол - қазақтардың қолынан да ойыншық жасау келетінін дәлелдеген кәсіпкер. Оның «Наурыз-пластик» маркалы ойыншықтарды шығара бастағанына 10 жылға жуықтапты. Бүгінде өмірлік серігі екеуі шымкенттік өнімді Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елге таныту үшін барын салып жүр.

oinsik

 

«Көз – қорқақ, қол – батыр»

Рабиға бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен Шымкентке ойыншық әкеліп сатумен айналысты. Саудада жүрген кезінде осындай ойыншықтарды неге өзіміз шығармаймыз деп көп қынжылатын.
Ойыншық саудасымен айналысатын ерлі-зайыптының кәсіп бастауына Қытайда білім алған ұлы Наурызбек себепкер болыпты. Қытайдың Хон-жоу қаласында оқыған Наурызбек сабақтан бос уақытында ақша табу үшін ойыншық зауытында жұмыс істепті. Сол жерде ойыншық жасаудың тәсілдерін үйренді. Елгезек, қағылез Наурызбек Қытайдан білім ғана алып қоймай, мол тәжірибемен оралады. Ата-анасын ойыншық зауытын ашуға көндірген де өзі.
– Ұлымыз тәуекел етуге бата алмай жүрген бізді көндіріп, істі бастап кеттік. Жолдасым екеуміз бірнеше рет Қытайдың Гуанчжоу қаласына өндіріс тауарлары мен жабдықтар көрмелеріне бардық. Қандай қондырғылар мен шикізаттар қолданатынын зерттедік. Сонымен бар жиған ақшамызға–30 мың долларға Қытайдан қондырғы алдық. Ол жақтағылар қондырғының қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, – дейді кейіпкеріміз.

Мемлекеттің көмегі

Техниканың тілін түсініп, оны іске қосуға бірнеше ай кетеді. Алғаш рет 200 ойыншық жүк көлігін шығарады.
«Қуанышымызда шек болмады. Біз шетелдік ойыншықтардан кем түспейтін өнім шығара алатынымызға сендік. Сол кезде біз қалада балалар ойыншығын шығаратын жалғыз өндіріс орны болдық» дейді Рабиға.
2013 жылы «Даму» қорынан
10 миллион теңге алып, 3 қондырғы алады. Істері алға баса бастайды. Кішкентай өндірістері алғашқыда айына екі мың ойыншық шығарса, бір жылдан кейін жеті мыңға жетеді. Тауар түрлерін де көбейтеді. Екі жылдан кейін айына 16 түрлі,
10 мыңдай ойыншық шығаратын дәрежеге жетеді. Олар балалар сүйіп ойнайтын құм жинақтары, түрлі машиналар. шашка, шахмат жиынтықтары болды.
2016 жылы «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 30 соттық жер бөлініп, ойыншық фабрикасын соғады. Жерді ұзақ мерзімге жалға алды. Мемлекеттің қолдауы арқасында бүгінде бір жылға 60 мың теңге аренда ақысын төлеп отыр.

oinsik-1


– Фабрика соғу үшін «Даму» қорынан тағы несие алуға тура келді. Сонымен 125 мың доллар жұмсадық. Қазір өндірісте 20-дан астам адам, технолог, шеберлер, жұмысшылар бар. Барлық жұмысшылар жергілікті адамдар, орташа айлықтары – 150 000 теңге. Негізгі шикізат полипропилен. Оны шет елден алдыртамыз. Өкініштісі, бізде мұндай шикізат жоқ. Орайтын тор қапшықты Өзбекстаннан әкелеміз. Ол жақта бағасы арзан. Айтпақшы, көрші елде ойыншық та арзан. Ол да бізге қиындық тудырады. Олармен бәсекелесу қиын. Шымкенттік көтерме саудамен айналысушылар арзан болғасын өзбектің тауарын алады. Өйткені Орталық Азиядағы пропилен шығаратын жалғыз зауыт Өзбекстанда орналасқан. Біз 1 келісін 700 теңгеге алатын пропилен Ташкентте 480 теңге тұрады. Айырмашылығы әжептеуір. Осыдан Шымкенттік кәсіпкерлер зардап шегуде, – дейді Рабиға Сатыбалдықызы.

Ойыншық кәсібі – ойыншық емес

«Наурыз-пластик» ойыншық зауытының өнімдері бүгінде Шымкент қана емес, Алматы, Астана, Қарағанды, Орал мен Ақтөбе, Түркістан қалаларындағы сауда сөрелері мен базар жаймасында самсап тұр.
– Жылына 20 мың ойыншық шығарамыз. Базар мен магазиндерде толып тұрған шет ел тауарларымен бәсекеге түсу қиын. Қазақстанда 16 ойыншық зауыты бар. Барлығы дерлік тек жұмсақ және пластмасса ойыншық шығарады. Сонымен бірге, балалар тауарының бөлшек саудасы аз шоғырланған. Бізде арнайы жүйе жоқ, – дейді кәсіпкер.
Әрине, дүкенге кірсең бала жанына керектінің бәрі бар. Жасына, затына қарамай іздегеніңнің бәрі табылады. Бірақ, отандық өнім үлесі өте аз. Рабиға Байтеміровадан бөлек ойыншық жасаушы кіші өндіріс орындары, тіпті, қолдан ойыншық жасаушылар бар. Дегенмен ірі алып сатарлар отандық өндірушілерден гөрі шет елдік алпауыт зауыттарға тапсырыс бергенді жөн санайды екен.
– Фабрикамыз өнім түрлерін үнемі жаңартып отырады. Қазіргі таңда құрастырғыштар, құм шелектерін, жүк көліктерін, квадроциклдар, дәрігер жиынтығын, т.б.түрлі ойыншық шығарамыз. Бірақ әлі күнге ойыншық қалыбын Қытайдан алдыртамыз. Қалыптың бір тоннасы 10-15 мың доллар тұрады. «Даму» қорынан тағы 100 миллион несие алу ойымызда бар. Ол ақшаға үлкен өлшемді ойыншықтар қалыбын алсам деймін. Қаржы мұндай қалыптың 10 данасын алуға ғана жетеді. Тұтынушылардың көбі баласына отандық, сапалы ойыншық алғысы келеді. Бірақ әзірге дүкендеріміз шет елдік өнімдерге толып тұр, – дейді кәсіпкер.

Сапа сын көтере ме?

Бүгінде ойыншықтардың түрі көбейген сайын сұраныс та арта түскен. Сұраныстың көптігі сонша, сырттан әкелініп жатқан ойыншықтардың сапасын бағамдап үлгермейміз. Сондықтан біздің кәсіпкерлер сапасыз импорт ойыншықтарға сапалы өнім шығарып қана төтеп бере алады.
Байтеміровтер отбасы өз өнімдерінің сапасынан ұялмайды. Фабрикадан шығатын әр ойыншықтың сапасы Алматыдан орталық зертханада тексеріледі. Барлық тауар сертификатталған. Жоғары сапалы, бала денсаулығына зиян келтірмейтін шикізаттан жасалған.
Кейіпкеріміз қалада кәсіп бастауға, жүргізуге толық жағдай жсалғанын, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бар екенін айтады. Қазір Байтеміровтердің болашаққа жоспарлары көп. Жоспардың ең үлкені – ойыншық түрін 100-ден асырып, ірі зауытқа айналдыру.

Б.АСЫЛБЕКОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.