Жертөленi қонақүй етіп... Избранное

Пятница, 15 Январь 2016 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4249 раз

Шымкентте тәуліктік пәтерлерге рейд жүргізілді

Шымкентте Жангелдин деген шағын көше бар. Білесіз, бе, білмейсіз бе, осы көшенің бойынан өте қалсаңыз алдыңыздан алыстағы туысыңыздай арсалаңдап шығатын пәтерін жалға берушілерді кезіктіресіз. «Квартира бар, квартира» деп алдыңызды кес-кестейді әлгілеріңіз. Осы кәсібі арқылы бизнесін дөңгелетіп отырғандардың ішінде тұрғындарға кедергісін келтіріп жатқандар да жоқ емес.

HPIM7865Жангелдин көшесіндегі нөмірі 16-шы көпқабатты үйдің тұрғындары осы аптада жергілікті полицияға арызданып, пәтерін сағаттап жалға берушілерге қандай да бір шара қолдану жөнінде шағым түсіріпті. Осы мақсатта мән-жайды көзбен көру үшін Әл-Фараби аудандық әкімдігі құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге арнайы рейд ұйымдастырды.
«Бақсақ бақа екен» демекші аталған бесқабатты үйдің 22 пәтері түгелдей табыс ошағына айналып кетіпті. Бір қызығы, әлгі пәтерлердің барлығы да бір адамға тиесілі екен.
Рейд барысында қызықтың «көкесін» көрдік. Әлгі пәтер иесі тұрғын үйдің жертөлесін де қонақүйге айналдырып, бірнеше бөлмелерге бөліп тастаған. Осылай жұмысын жандандырып отыр. Полиция өкілдері барған сәтте жертөленің қызметкерлері де, қараңғы бөлменің «тұрғындары» да жан-жаққа қаша жөнелді. Бір сағатқа жуық уақыт дегенде пәтер иесі де келді. Келе сала тұрғындарға дүрсе қоя берді. Қысқасы, ол тұрғын үй жертөлесін заңсыз қонақүй есебінде пайдаланып, табысын еселеп отырған екен. Онымен қоса тұрғын үй ауласындағы қоршалған жер де заңсыз болып шықты.
Рейдтік шараның нәтижесінде тексеруге барған комиссия мүшелері хаттама толтырып, бұл заңсыздықтың қатаң бақылауда болатынын айтты. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың сөзіне сүйенсек, олқылықтармен күрес тұрақты түрде жүргізіле бермек.
– Пәтерін сағаттап жалға беретіндерге тосқауыл қоймай болмайды. Біз өз тарапымыздан рейдтер ұйымдастырып жатырмыз. Есік алды аулаларына заңсыз құрылыс жүргізгендерге де аяушылық болып жатқан жоқ. Жалпы осы өзекті мәселеде учаскелік полицейлер өз міндетіне жауаппен қарау керек. Тұрғындардың тыныштығын бақылау – тәртіп сақшыларының тікелей міндеті, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

    HPIM7853HPIM7845

Последнее изменение Пятница, 15 Январь 2016 05:28
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.