Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында қала әкімі бірқатар сала үздіктерін марапаттады. Салтанатты шарада сөз алған Ғабидолла Әбдірахымов ағынан жарылып тілек айтты, егемен еліміздің өткені мен бүгініне терең көз жіберіп, салмақты пікір білдірді:
– Бүгінгі күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Осынау 25 жылдық тәуелсіздікті өз көзімізбен көріп, сезініп отырған біздің әрқайсымыз – бақытты азаматтармыз деп есептеймін. Қвзақ үшін тәуелсіздік – ең үлкен байлық. Бұл тәуелсіздік бізге ғасырлар бойы бабаларымыздың қанымен, жанымен келді. 25 жыл бұрын қазақты әлем елдері біле бермейтін. Қазір әлемдегі 200 мемлекеттің ішінде жер көлемі жөнінен 9-шы орындамыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақ елі төрткүл дүниеге мәшһүр болды. 25 жыл ішінде біз көптеген толағай жетістіктерге жеттік. Өз шекарамызды нықтап бекіттік. Тақыр жерден кереметтей Астананы тұрғыздық. Үш бірдей қазақты ғарышқа ұшырдық. Қаншама жүздеген жас шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдіруде. Міне, мен өз басым, осындай елде өмір сүріп, қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Құдай қаласа, 50 жылдықты осындай абыроймен тойлауды жазсын! – деді.
Сала мамандары «Құрмет» орденімен және алғысхатымен, «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және алғысхатымен марапатталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.