Құндылықтарымызды қастерлеген кәсіпкерлер

Пятница, 17 Март 2017 09:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4905 раз

Наурыз дегенде, ұлттық идеология, ұлттық бояуы бар дүниелер, қазақы нақыштағы киім-кешек пен бұйымдар, ұлттық калориті басым құндылықтарды түгендей бастайтынымыз жасырын емес. Оңтүстікті – қазақтың қаймағы десек, бұл жерден ұлттық бояуы қанық көп дүниені табуға болады. Мәселен, «Тұмар» ұлттық киімдер тігетін сән ательесін алайық.

Ұлттық киім

12728694 1693628890911618 1372482898 n 1

Шымкенттегі «ОӘД» сауда үйінде орналасқан «Тұмар» дүкенінен ерлер мен әйелдер, балалар үшін де эксклюзивті, заманауи үлгідегі, сондай-ақ ұлттық киімдердің барлық түрлерін (шапан, пальто, күртеше), той, кешкі көйлектердің қазақы үлгілерін кездестіресіз. «Тұмардың» басшысы, жеке кәсіпкер Гүлнәзия Есімбекова, әсіресе, Наурыз мерекесінің қарсаңында ұлттық киімдерге тапсырыс берушілер көбейіп, тігіп үлгермей жатқанын айтады. Алғаш кәсібін мата сатудан бастаған Гүлнәзия ханым 2009 жылы «Тұмар» сауда белгісімен ұлттық киімдердің озық үлгісін жасау мақсатында жеке кәсібін ашқан. 

10990613 1547693962207614 1854645442 n

– Бізге Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық киімдер нарығында лайықты орын алып, сатып алушылардың сенімі мен сыйластығына ие болу оңайға түспеді. Мекеме ашылған күнінен бастап сапалы ұлттық киім шығаруды мақсат етті. Киімнің сапасы – адам өмірінің қауіпсіздігі, күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлылық және сыртқы эстетикалық түр. Киім тігу барысының барлық кезеңдерінде өнімнің сапасына мән береміз, киімнің қағаздағы үлгісінен бутик сөресіндегі дайын өнімге дейінгі жұмыстың ұсақ-түйегіне дейін бақылауда ұстаймын, – дейді Гүлнәзия Әзімбайқызы. 

«Тұмар» сән ательесі – біздің өңіріміздегі ұлттық киім тігетін бірден-бір мекеме. Оңтүстіктен бөлек, «Тұмар»-дың киімдерін еліміздің өзге де өңірлері аттай қалап алады екен. 

12748361 760740077389586 925244781 n

Мұндағы ұлттық киімдердің сатылымдағы жиынтығы бас киім, смокинг, шалбар, галстук пен белбеуден тұрады. Бұларды тігуге табиғи тері, жаккард матасы, шыны моншақ, майда моншақ қолданылған. «Жаккард матасын таңдаған себебіміз, ол қайталанбайтын керемет эстетикалық түр түзетін қымбат маталардан саналады. Жаккард іспетті мықты матаны қиыннан қиыстырып өру арқылы пайда болатын өзінше бедерлі сурет өз кезегінде түс кілемді еске салады», – дейді кәсіпкер. Бүгінде дизайнерлер жаккард матасын ұзаққа дейін өңін бермейтіндігі үшін жиі қолданады. 

– Біздің жұмыстарымыздың өзге өндірушілерден айырмашылығы сонда, әр өнімге жеке тоқталып, нобайын асықпай ойластырып, матасын мұқияттылықпен таңдаймыз. Мәселен, табиғи барқыт матасы Оңтүстік Кореядан әкелінеді. Барқыт – әсіресе, сәнді киімдерге ерекше үйлеседі. Ерлерге арналған киімдерге де таптырмас шикізат. Бұлардан бөлек, масаты, шифон, атлас, кашемир (жұмсақ жүн мата), жібек маталары да қолданылады. «Тұмардың» сатылымдағы әр киімінің қазақи оюланған қабы болады, – деп кәсіпкер әр өнімінің қалай тігілетінін бүге-шігесіне дейін айтып берді.

Ер-тұрман

20170123 213123

Түркістандық кәсіпкер Жанболат Сүйімбай осыдан 13 жыл бұрын «Ер Тұрман» деген атаумен өзінің жеке кәсібін бастап еді. 2014 жылы Үкімет облыстық бюджеттен қаржы бөліп, Қ.А.Яссауи кесенесінің алдынан Түркістанның барлық қолөнер шеберлеріне арналған Ұлттық қолөнер орталығын ашып берді. Шеберхана, қолөнер мектебі және сауда орындары орын тепкен орталықта жеке кәсіпкер Жанболат та кәсібін дөңгелетіп отыр. Оңтүстікте ер-тұрман, ат әбзелдерін жасайтын кім бар десе, еш іркілместен осы Жанболат Сүйімбайды айтуға болады. Өйткені, басқа да бірді-екілі шеберлер қолөнердің бұл түрін бастан-аяқ жасамайды. Ал «Ер Тұрман» ЖК терісін де өздері илейді, ағашын ояды, күмісін құяды, бір сөзбен, ер-тұрманды бастан-аяқ өздері дайындайды. Одан бөлек, ағаштан және теріден ұлттық бұйымдар, алтынмен апталып, күміспен күптелген ат әбзелдерін, белдік, сәукеле, ағаштан ойып, түрлі кәдесыйлар жасайды. 

Атадан балаға мұра болып келе жатқан қолөнер Сүйімбай әулетін ұшпаққа шығарды. Кейіпкеріміз Тасболаттың Қуаныш, Есполат, Октябрь атты інілері және Рамазан атты ұлы отбасылық кәсіпті бір кісідей иіріп жүр. Бұлардың барлығына ұсталық әкесі Тасполаттан дарыпты. Әйтпесе, Есполат пен Рамазаннан басқасының кәсіби білімі жоқ, қанмен берілген қолөнерлік қасиет. 

20170123 200606– Қоластымда 4 адам жұмыс істейді. Бір айта кететін нәрсе, жас қолөнершілер бұл кәсіпке шыдас бере бермейді. Өйткені, жұмысы ауыр. Теріні өзіміздің шеберханада илейтін болғандықтан, оның иісі шебердің үстіне сіңіп қалады. Сол қолқаны қабатын иістен қашып, кейбірі бұл кәсіпті тастап кетеді. Кей шеберлер қаржылық айналымның, табыстың аздығынан басқа кәсіпке бет бұрады. Ал біздің бұрыннан келе жатқан тұрақты тұтынушыларымыз бар, – дейді Жанболат Тасполатұлы. 

«Мен қазақтың ұлттық бұйымдарымен мақтанамын!» деген шебер ат әбзелінің өзі қазақы өлшеммен, математикалық дәлдікпен істелгенін айтады. Қазақтың ер-тұрманы, тіпті, американдық бақташының (ковбойский) ерлерін де жолда қалдырады. Олардың ер-тұрманы сырт көзге сұлу көрінгенімен, атқа жайсыздау болады. Біздікі метрлік өлшеммен емес, қазақы сүйем, білек қарыс өлшеммен дайындалған. Арабтардың да ер-тұрманы біздікіне ұқсас екен. Бұған Жанболат Сүйінбай 2015 жылы БАӘ-де 40 күн бойы өткізілген көрме кезінде көз жеткізіпті. «Бізден көшіріп алған болуы да мүмкін», – дейді ол. Жалпы, шетелде де ат әбзелдерін істейтін шеберлер некен-саяқ көрінеді. 

«Ер Тұрманның» ұлттық бұйымдарының барлық түрі сұранысқа ие. «Кейде тапсырысты орындап үлгере алмай жатамыз», – дейді жеке кәсіпкер. Бір ер-тұрманның ері, тоқымы, жүгені, тартпасынан тұратын жиынтығы – 60 мың теңгеге бағаланады. Оны көбінесе шаруашылыққа, көкпарға қолданады. Ал бағасы 600 мың теңгелік күміс ер-тұрманды тұтынушылар әкесінің 60, 70 жылдық мерейтойларына арнап сатып алады екен. Оның бағасының қымбаттау болатын себебі, 600 мың теңгеге сату үшін 400 мың теңге шығын шығады, күміс, былғары, құнды тастар қолданылады және ұстаның көз майын тауысқан еңбегін ескеріңіз, – дейді шебер. 

Бір қызығы, «Ер Тұрман» ЖК осы уақытқа дейін Үкіметтен қаржылай қолдау алмапты. Өзінің жанкештілігімен тырмысып, тырбанып тіршілік істеп келе жатқан кәсіпкердің талпынысы таңдануға тұрарлық.

Сөмке мен әмиян

IMG-20170315-WA0009

Жанболат Сүйінбайдың үйіндегі жеңгеміз Гүлмира Күмісбаева да өз алдына «Атамұра» деп жеке кәсіпкерлік ашқан. 2016 жылдың желтоқсан айында кәсіпкер әйелдерге, мүгедектерге арналған байқауда мемлекеттік грант жеңіп алған Гүлмира Дүйсенбекқызының шеберханасы қазір қазақы нақыштағы әйелдер сөмкесін, әмиянын, ерлер мен әйелдер белдігін шығарып жатыр. Әзірге қарамағында 2 жұмысшы қыз еңбек етуде. «Болашақта кәсіпкерлік аясын кеңейтіп, жұмысшы санын арттырсам», – дейді Гүлмираның өзі.
Қазақы ою-өрнекпен бедерленген әмиян, сөмкелер өңірімізде әзірге тек Түркістан қаласында шығарылуда. Ұлттық нақыштағы дүниелер әрқашанда тартымды, сүйкімді, қай кезде де сұранысқа ие. Үш кәсіпкердің әңгімесінен ұққанымыз, қазақы нақыштағы тауарлардың саудасы болсын, болмасын, олар өзін ұлттық құндылықты дәріптеуде борышты деп санайды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.