Шағымдар бойынша нәтиже жіті бақыланады

Пятница, 26 Январь 2018 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3521 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың соңғы есептік кездесуі №24 мектепте өтті. Жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, құрылымдық салаға жауапты бөлім басшылары, депутаттар және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Сонымен бірге, «Теріскей», «Күншығыс», «Сайрам», «Ұлағат», «Шаңырақ», «Қарабастау», «Жұлдыз» елдімекендерінің тұрғындары көптеп жиналды. 

Ғалымжан Молдабайұлы алдымен аудандағы жаңадан салынған, жөндеуден өткен жолдар, аумақты көріктендіру мен санитарлық тазалығы, коммуналдық сала және тұрғындарға қажетті ауыз су, жарық, газбен қамтуда іске асырылған жұмыстарға тоқталды. 

– Аудандағы жаңадан қосылған елдімекендерде шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Сондықтан атқарылар жұмыстарды жүйелеп, алдағы жоспарды нақтыладық, – деді баяндамасында аудан әкімі. 

DSC 8884

Жарыссөзде сөз алған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ермек Дәрменов Сайрам және Уәлиханов көшелері қиылысындағы 9 қабатты үйдің жайы алаңдататындығын айтты.

– Тұрғын үйдегі жеделсатының (лифт) әбден тозығы жеткен. Жиі бұзылатындықтан тұрғындар өз қаражатымен жөндегенімен пайдасы болмай тұр. Апатты жағдайға жеткізе ме деген қауіп бар. Алайда бір жеделсатыны ауыстыруға 10 млн теңге қаржы керек. Сондықтан бұл тұрғын үйге биліктің көмегі қажет. Осы мәселені назарға алсаңыздар, – деді депутат. 

Апатты жағдайда тұрған тағы бір баспалдақтың жайы айтылды. «Теріскей» шағынауданындағы №49 көпқабатты үйдің тұрғыны Любовь Шевцова: «Көпқабатты үйлердің аулаларына бюджет қаржысына алаңшалар салынып, көшеге, әр аулаға жарық шамдар қойылды. Соның нәтижесінде бұрынғыдай емес, қорықпай жүріп-тұруға мүмкіндік алдық. Бұған алғыс айтамыз. Тек шағынаудандағы біз тұратын тұрғын үйлер арасында баспалдақ бар. Сол арқылы оқушылар №65 мектепке, балғындар №45 балабақшаға өтеді. Қазір баспалдақтың тасы мүжіліп, мініп-түскенде адамдар құлайды. Сондықтан ескі баспалдақты жаңартуға қол ұшын берсеңіздер», – деді.

«Шаңырақ», «Бадам», «Жұлдыз», «Қаратөбе» тұрғындарының атынан келген зейнеткер Оңғар Кенжеев жерлеріннің құжатын қосалқы шаруашылықтан тұрғын үй учаскесіне ауыстыруға көмек берсе деген өтінішін айтты.

Есептік жиынның сұрақ-жауап кезеңінде мектеп залына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кіріп келді. 

– Аудан әкімдерінің есеп беру кестесін жақсы білемін. Бүгін есепті тыңдап, қойылатын сұрақтарды бақылап, мәселелерді өздеріңізбен бірге ақылдаса шешсем деп келдім, – деді облыс әкімі. 

Тұрғындар ауданды көріктендіру, абаттандыру, қоғамдық көлік пен коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің қызмет көрсету сапасының тым төмен екендігін атап, оларды билік бақылауға алса деген ұсыныс айтты. Еңбекші ауданының әкімі Ғ. Ильясов халықтан келген сауалдардың ешқайсысын назардан қалдырмай, бірден жауабын берді. Жылдық есепті облыс әкімі қорытындылады. 

– Тұрғындардан келген сауалдардың барлығын жазып алдым. Оларды сала-саласымен, бағыт-бағытымен бөліп, сосын күрделілігіне байланысты жіктеп, 3 күндік,1 апталық, 2 апталық, 1 айлық мерзімдермен кесте жасап, олардың орындалауын бізге баяндап отыруға тапсырма берем. Бұл Еңбекші ауданы ғана емес барлық ауданға қатысты. Оны инспекторлар бақылайды, – деді Ж. Қансейітұлы. 

Еңбекші ауданы әкімінің есебін тыңдаған қос тарап қанағаттанарлық деген бағасын берді. Облыс басшысы есептен шыққан соң С. Ерубаев атындағы №24 мектептің жай-күйімен танысты. Мектептің тарихи-өлкетану және С. Ерубаев мұражайымен танысып, «Жас мемлекеттік қызметкер» жобасына қатысқан оқушылармен тілдесті.

Шымкент қаласы білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева облыс, қала басшыларына аталған білім ордасында орналасқан электронды күнделік, бүлдіршіндерді электронды жүйемен балабақшаға тіркеу және мұғалімдерді қызметке қабылдау бойынша қызмет атқаратын базаның жұмысымен таныстырды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.