Тарих – дәуір таңбалап қалдырған шындықтардан құралады Избранное

Пятница, 25 Январь 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2619 раз

«Қазақстан тарихы жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті»

Н.Назарбаев:

6e40df95cbd534c6577006b348d4780b

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бойынша ой бөліскен басқосу өтті.

Оған аталмыш колледждің директоры, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Әбдіжалил Ақкөзов, Қазақстан инженерлі - педагогикалық Халықтар достығы университетінің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Берік Садықов, Қазақстан инженерлі – педагогикалық Халықтар достығы университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Шымырбай Нартбаев, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Жани Қамбар және колледж оқытушылары мен студентері қатысты. Алқалы жиында Елбасы мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін заман талабына сай жаңғырту мәселесі төңірегінде мағыналы ойлар айтылды.

Әбдіжалил Ақкөзов, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА Шымкент көлік колледжінің директоры:

– Елбасының бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Ұлы дала деген ұғым – қазақ даласынан да, түркі әлемінен де кең ұғым. Сондықтан мақалаға түркі халқы ғана емес, ұлы даламызды мекен еткен 130-дан астам этностың бәрі үлкен қызығушылық танытып отыр.
Ұлттық мәдениет пен тарих – мемлекет өміршеңдігінің басты белгісі. Осы жолда қазақ елінің жоспары айқын. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы төл тарихымызды бір жүйеге келтіруге үндейді. Бұл жәй ғана тарихи дерекке емес, күллі әлем мойындайтын мәдени құндылыққа айналуы тиіс. Елбасы мақаласы ықылым заманнан Ұлы дала төсінде бабалардан қалған ұлттық мұраларымызды, мәдениетімізді терең тануға, оны жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да нығайтуға жаңа серпін, тың жігер берді.

Шымырбай Нартбаев, Қазақстан инженерлі – педагогикалық Халықтар достығы университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

1

– «Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» – қазыналы тарихымыздың қатпарын ашып, ұрпағымызға ұлағат болатын, арғы тегімізді жаһанға әйгілеп, насихаттайтын төлқұжат. Енді осы мақаланы негізге ала отырып, Қазақстан тарихын тереңдетіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен билерімізді келемеж етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс оқытты. Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өткенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды бағалау мен тек тану барысында жіберіп жатқан қателіктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Мемлекет басшысы айтқандай: «тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан тарих шындықтарына із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ. Елбасы мақаласының парасатты қағидаттарының негізінде талай-талай шығарамашылық жұмыстарды бірлесе отырып жандандырамыз деген ойдамын.

Берік Садықов, Қазақстан инженерлі- педагогикалық Халықтар достығы университетінің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры:

– Мақаланың алғашқы жеті тарауында бабаларымыздың өз заманында жеткен жетістіктері мен технологиялық жаңалықтарын жіліктеп түсіндіріп, құйма құлаққа құйып, көкірегінде саңлауы бар жанға жете ұғындырып, бүгінгі саналы ұрпаққа ұлағат етіп отыр. Тіпті Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны Қазақстан екені де осы мақалада дәйекті дәлелденген. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие құнды құжат болып табылады. Ғалымдардың сөзінше, Ұлы даладағы қалыптасқан мәдениет ежелгі грек өнерінен бірде кем түспейді. Тек, соны өзгелерге жеткізе білуіміз керек. Оған дәлеліміз жеткілікті. Қазақ жері тарихи жазбалар мен қазбаларға бай. Елбасы мақаласының ерекшелігі - адамзаттың тарихынан, өнеге алып, бүгінгінің берекесін көрсетуге үндейді.

Жани Қамбар, Шымкент қаласы отбасы балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының психолог маманы:

–Елбасының Ұлы даланың ұлы қырларын танытуды мақсат еткен маңызды мақаласы барша жастарды Отансүйгіштік қасиетке баурап, идеологиялық терең тәрбие беруге жол ашады. Ұлттық құндылықтарымызды тарих арқылы санамызға сіңіріп, жаңғырту арқылы жастарымыз ата-бабаларымыздың тектілігіне тағы да бір көз жеткізетін болды. Өйткені, соңғы кездері ғаламдық кеңістікте діни-моральдық және қоғамдық-адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі байқалады. Жастардың тарихқа деген қызығушылығы төмендеп, өзінің шыққан түп негізін ұмытуға айнала бастады. Осындай сындарлы сәтте жарық көрген Елбасының мақаласы аса маңызды еңбек деп ойлаймыз. Қазіргі таңда жас жеткіншектердің санасына кең-байтақ ата-мекеніміздегі қасиетті жерді, осы ұлан ғайыр өлкеде пайда болып, Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралған баға жетпес байлықты қалдырған ержүрек далалықтардың ұрпағы екенін сіңіру өте маңызды. Біз, жастар тарихи құндылығымызды зерттеп, дәріптеуге атсалысуға тиіспіз. Өйткені өткеннің өзегі мен келешектің көкжиегін жалғастыру міндеті енді біздің парызымыз екенін ұғынуымыз керек.

Ұлжалғас МОМБИЕВА, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА Шымкент көлік колледжі директорының оқу және оқу әдістемелік істері жөніндегі орынбасары:

– Ұлы даланың жеті қырының кез келгені – Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ елінің рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген − Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар... Міне, мұның бәрі еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар әрбір қазақ үшін аса қымбат құндылықтар.
Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Қоғам санасының тарихи жаңаруы үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынып отырған жобалар толықтай жауап беретіні анық.
Бай да бағалы тарихымызға байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет болмақ. Тарихқа қалам тартқан әр тарихшының оқумен тапқан білімін, өмірден түйген білігін домбыраның сазды әуен шығарған қос шегіндей үйлестіре білумен бірге, қаламына өзінің ар-ожданын қатаң бақылаушы еткені жөн. Сонда ғана ұлтына, адамзатқа адал қызмет етіп, ұрпақ санасын дұрыс қалыптастыратын тарих жазылмақ.
Міне, басқосу барысында ортаға салынған ойлар желісі осындай.
Тарих қолдан жасалмайды. Тарих дәуір таңбалап қалдырған шындықтардан құралады.

Рахима Жапанова,
М.Тынышбаев атындағы
Қазақ көлік және коммуникациялар
академиясының Шымкент көлік колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.