Қолөнер – сырлы өнер Избранное

Среда, 29 Май 2019 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4942 раз

Шымкенттегі Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Қолөнер – сырлы өнер» көрмесі өтті. Орталыққа 15-тен астам шебер жиналып, өздерінің төл туындыларын, қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін түрлі бұйымдарды қала тұрғындарына ұсынды. Жергілікті қолөнер шеберлері мен зергерлер, сонымен қатар темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты.

60895611 909137932811818 751942052182228992 n

Бұл көрменің ерекшелігі сол, қонақтар ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасын көріп, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнеріне, бұйымдарына осы жерде куә болды. Қолөнер шеберлері келушілерге сол жерде шеберлік сағатын өткізді.

Қазақ елінің Ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел» идеясы түптеп келгенде осындай көрмелерде жатса керек. Ұлттық идеядан келген түйін-тұжырымда Қазақ елінің бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дəстүрлі ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтармен сабақтасқан түрде жүзеге асады.

Сол себепті де жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында өзіміздің рухани бай мұрамыздың құндылықтары тұрғысынан тəрбиелеу – алда тұрған басты міндеттердің бірі.

Елбасы жариялаған «Мәңгілік ел» идеясының көздегені де осы болатын, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.

Қазақстан Шеберлер одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шымкент университетінің доценті, қолөнерші Бибіажар Симова осы көрмеде ханның қызындай халқына еркелеп әрі ел анасы ретінде жас буынға бар ақылын айтты.

Бибіажар Иманбекқызы 2017жылы Қазақстан Қолөнершілер одағының бас марапаты – «Хас шебер» атағының иегері болған. Көрмеге өзінің қолынан шыққан сөмкелер, шашақты-оюлы жиекшелер, қабырғалық сәндік гобелендермен қатар тоқымалық құрастырмаларын ала келіпті.

Бибіажар апамыз сабауды сабап отырып, жастарға өзінің қолөнерінің сырын ашты.

– Сабау сабаймын, жүн түтемін, оны иіремін, ұрып, тоқимын. Соның арқасында ел көрдім, жер көрдім, Қазақстан бойынша хас шебер атандым. Бәрі де еңбектің арқасы. Біздің жастарымыздың иығына жалқаулық мініп алған. Сол жастар ескі өнерді жалғастырса деймін. Біздің көзіміз тірі кезде үйреніп қалыңдар.

60930727 909142972811314 8475959122175459328 n

Қазақтың қай өнері де болса да өмірге қажет. Қай-қайсысы да ақыл-ойыңды өсіреді, сабырлыққа үйретеді. Көп келіндер қолда бар жүнді өртеп жібере салады. Соны түтіп, иіріп, тоқыса, балаларына киім, қалпақ, шұлық шығар еді. Мысалы, осы жүнімізді қытайлар, қырғыздар шикізат күйінде сатып алып, өндіріп, қайта өзімізге зат қылып сатып жатыр, – деді Бибіажар Симова.

«Қазақтың Мәңгілік ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік болашағын баянды етуге арналады» демей ме Елбасымыз. Сол іспетті Мәңгілік болашаққа қадам басу үшін жастарымыз Бибіажардай апалардан қолөнер үйренсе, қазақ өнері мәңгі өмір сүрер еді.

Шебердің айтуынша, жүн иірудің технологиясы былай: алдымен малдың жүні қырқылғаннан кейін шөп-шаламнан тазалайды, жуады, одан кейін тулақтың үстіне салып, сабаумен сабайды. Қалған-құтқан қоқымдары астына түсіп, тазарады. Одан кейін тараққа салып, үйкелеп, ұршықпен иіреді.

Бибіажар шебердің қолдан тоқыған сөмкелері мен гобелендерін Америкаға көрмеге барғанда шетелдіктер талап әкеткен көрінеді. Шеберлік сағатының соңында қолөнер шебері «Менің үйімде ауылдан да, қаладан да, даладан да келіп, сабақ үйренеді. Келіп, үйренем десеңдер, есігім ашық», деп жастарға ағынан жарылды.

Жүннен жастық тоқыған

Жұпар Бейсенова – Қазақстан Суретшілер, Шеберлер одағының мүшесі, ұлттық нақышта түрлі бұйымдар жасайтын шебер, қолөнерші.
Алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде оқытушы қызметінен бастаған.

1993-2014 жылдар аралығында осы колледждің көркем-тоқыма бөлімінде тапжылмай 21 жыл оқытушы қызметін абыроймен атқарып, студенттерге тоқыма өнерінің қыр-сырын үйретіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнеріміздің нәрін сіңдірді. Жұпар Амангелдіқызы 2015 жылдан бастап Түркістан қаласындағы балалар қолөнер мектебінде оқытушы қызметін атқарып келеді.

Бүгінде мектеп оқушыларына тоқыма өнерін, гобелен тоқуды, жалпы ұлттық қолөнердің барлық түрлерін үйретуде.

Қолөнершінің жүннен тоқылып, тігілген қазақы нақыштағы бешпент, байпақтары, оюлы кілемдері, т.б. бұйымдары келушілердің назарын аудартпай қоймады. Ал киіз басу өнерінен жаңа технология бойынша көрсеткен шеберлік сағатында меринос қойының жүнінен көпшіліктің көз алдында мойын жастығын жасады.

Жұпар Амангелдіқызы дәл осы қауын жастықпен 2010 жылы ЮНЕСКО қолөнершілерінің көрмесінде «Сапа» белгісін алған екен. Қауынды таңдап алу себебін өңірімізде қауынның көп өсетінімен байланыстырды.

– Киіз басу, алаша тоқу сияқты дәстүрлі технологияны әжелерімізден үйреніп, жақсы меңгергенмін. Ал жаңа технология бойынша ұсақ-түйек бұйымдарды жасаумен айналысамын. Жүннен аксессуар, сувенирлік бұйымдар, киім-кешек, аяқ-киім тігемін. Бұрын ата-бабаларымыз тек қана сырмақ, текемет, киіз, ши тоқыса, қазір түрлі кішігірім бұйымдар жасауға болады, – деді шебер.

Түскиіз тоқып көрсетті

Біз Түркіменстанға қарап таңдай қағып жүрсек, түркіменстандықтар біздің Бейсбековтер отбасына тәң беріп қарап, таңданып жүр деседі. Болат Бейісбеков – халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері. Ол жасаған бұйымдар бүгінде Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінің көрме орталықтарында кеңінен танылып жүр.

Болат Бейісбековтің үйіндегі жеті жан қазақтың қолөнерін кәсіп қылып, көпшілікке дәріптеуде. Кілең суретшілер жиналған отбасында түскиіз тоқиды, сурет салады, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан.

Мәселен, қыз-келіншектер шеберханада ұмыт бола бастаған киіз басу мен алаша тоқуды дамытуда. Жүннен жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндерге қазақтың шашағын жасап көрсетеді. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.

Тұңғиықта қалып қойған шашақты дүниелерді суырып алып, қазіргі заман талабына сай етіп жасап шығаруда. Сондай-ақ киіз басып, киім шығарады. Табиғи өнімнен жасалған сырт киімдер мен үйде киетін аяқ киімдерге де сұраныс артып отыр.

– Тері, киіз, гобелен, керамика, осының бәрін отбасымызбен игеріп отырмыз. Өз елімізде, тіпті Ресейден, шетелден келіп үйреніп жатыр. Қазақтың қолөнері қалып кетпесін, кейінгі жастар үйренсін деген ниетіміз бар, – дейді Күләш Айдарбекова. Қызығушылық танытушылар болса, шеберлер «қаржы жағын келісеміз» деп отыр.

Талбезерлікті кәсіп еткен

Қолданбалы ағаш шебері, атбегі Мұхтархан Атахан ағаштан түрлі-түрлі бұйымдар жасап шығаруда. Сувенирлік бұйымдар, ағаш ыдыс-аяқтан бастап ер-тұрманға дейін жасайтын шебер жан-жақты. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» демекші, атқа мініп, көкпар шауып жүрген ағамыз бүгінде бірыңғай қолөнершілікке ден қойған.

– Бабаларымыз ағаштан бұйым жасайтын шеберді «Талбезер» деп атаған. Мен осы талбезерлікті кәсіп еттім. Ең бай, ең құнарлы өнер – қазақ өнері. Шетелдің әлем-жәлем дүниесіне қызығудың қажеті жоқ. Мәселен, бесіктің түбегі пен шүмегі – Еуропа унитазының атасы.

Барлығын байыптаған бабаларымыз баланың тісі шығып, аузынан суы аға бастағанда ағаш қасық беріп, оны тістетіп, нәрестеге оңтайлы жолын қарастырған. Асты да ағаш астаумен ішкен. Себебі, ағаш табақ, қасықпен ішкен адамның аузы күймейді, – деді көрмеде сөз алған қолданбалы өнердің шебері.

Бұған қоса Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің бұрышында қос ішекті домбыра, торсық, күміс пен мыстан құйылған бұйымдар, гобеленді картиналардың бәрі студенттердің қолынан шыққан.

60645314 909141389478139 248141318914572288 n

Жеңіл өнеркәсіп колледжінің, М.Сапарбаев атындағы институтының «Парасат» колледжінің, №90 жалпы орта мектеп жастарының кестелеп тігілген, өрнектеп безендірілген бұйымдары адамның көз жауын алады. Дорба, масатыдан құрақталған көрпелер де керемет тартымды. Он саусағынан өнер тамған зергерлер мен шеберлер ағаштан, күмістен жасалған құнды дүниелері мен былғарыдан тігілген бұйымдарын әкелген.

Бұл бұйымдар – жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер. Мәселен, заманауи әмиян, қол дорбалары дәстүрлі оюлармен әспеттеп, таза былғарыдан жасалған.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.