Қажымұқанды қорлады-ау лауқилар мен көрдемшелер! Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4175 раз

Шығыс Қазақстан облысы жақта «лауқи» деген сөз бар. Диалект. Оралхан Бөкейдің шығармаларында көбірек кездеседі. Боқтау сөз емес, бірақ соған туыстас. Ештеңемен шаруасы жоқ, әңгі есектей еліріп жүретін, намысы жоқтарға жиі айтылады-ау.Бізде осы шала есті лауқилар көбейіп барады. «Қажымұқан әлем чемпионы емес» дегенді павлодарлық бапкер айтқан. Қыдырбек Рысбекұлы екеумізге. 1996 жылы қазақтың XX ғасырдағы бар мықты балуандарының тарихын жинап, «Қазақ балуандары» кітабы шығарылған. Әлгі бапкер кірмей қалыпты кітапқа. Шәкірттері бар. Өзі туралы арнайы жазылмаған.

808

 

«Қажымұқан – цирктің балуаны. Орыстар циркке адам жинау үшін оған жапон, кәріс, түрік сияқты белгілі ұлттардың есімін беріп, күреске салған. Келісіп күрескен. Ал сендер оны аспанға көтересіңдер» деп ежірейген.
Осыны Оңтүстікте Қажымұқан арқылы ас-суын айырып жүрген бапкер де айтып қалды. Цирк балуаны ғой деп. Берер жауапты бердік қой. Бірақ... Қажекеңе, төрткүл дүниеде өзімен шендесер балуан кемде-кем қазақ батырына жабылған жала, нақақтан нақақ кінә тағу тыйылмай келеді.
Шығыс пен Оңтүстіктің қос бапкері бекер айтқан жоқ. Қажымұқандай алыпты бойына тең көрмеу, күні кешеге дейін бұратана халық атап келген қазаққа қимау, менсінбеу мына орыс ағайындардың ішіндегі шовинистік пиғылдағы топтан шыққан.
Баукеңдер етігімен су кешкен екінші дүниежүзілік соғыста Қажымұқан ел аралап, өнерін көрсетіп, майданға өз қаржысымен соғыс самолетін жіберді. Сталиннен алғыс алды. Сол кезде-ау, іші айналмайтын көр кеуделер бармағын ішке бүгіп, соғыс жарасы жазылмай жатып Қажымұқанға идеологиялық майданнан соғыс ашты. «Советский спорт» газетінде Қажымұқанды бастан-аяқ мансұқтаған жала материал басылды.
Оларға салсаң, Қажымұқан түк емес екен. Даладан келген тағы. Циркке керек. Есебі, балуан демесең де соған жақын біреу. Сөз ыңғайын аңдасаң, чемпиондардың чемпионы Иван Поддубныйдың көр-жерін тасып жүретін қолбала біреу етіп көрсеткісі келеді. Қазақта «орыс ойына келгенін істейді» деген қанатты сөз бар. Бірақ, біздің көрдемшелер олай ойламайды ғой. Құлдық сана тұла бойын билеген екеудің бойын күш атасына әдейі жабылған жала торлап қалыпты.

807


Бірақ өр кеуде қазақта намысты туған жігіттер көп. Қазақ үкіметін басқарып отырған азаматтар қаржысын беріп, жас ғалым Мұратхан Тәнекеевті Қажымұқан күрескен, ізі қалған құрлықтың бәріне жібереді. Жаның жәннатта болғыр Мұратхан ағамыз әр құрлықтан тырнақтап құжат жинап, Қажымұқанмен бірге күрескен балуан, күрестің айла-тәсілдерін жіліктің майын шаққандай білетін кәнігі мамандармен күн-түн кездесіп, Алматыға «ат басындай алтын» арқалап қайтады.
Ойпыр-ай, бұл қазақ Қажымұқанды білмейді екен. Қажымұқанмен бірге күрескен балуандардың айтуынша, сол кездегі дүниежүзінің мықтыларының дені Қажымұқанның шеңгелінде қыран ілген түлкідей қалтырапты. Чемпиондардың чемпионы Иван Поддубныйдың өзі «Қажымұқанды Еркін еңсеріп ем» дегенді тісінен шығармаған екен. Әлем чемпионы Георг Лурих «Сен Петербургтің сүйікті балуанысың. Егер мен өткізетін чемпионаттарға қатыссаң, әлемнің сүйікті балуаны боласың» дейді. «Ямагата Муханура» деген жасырын атауды сол Лурих Қажымұқанға таңған.
Қажымұқан сол кезде атағы шығып жүрген Омер де Бульон, Карл Поспешил, Циклон-Бенковский, Карл Корнацех, Вен Ольсен, Вейланд Шульц, Розенталь, Алекс Аберг, Паул Шмидт, Генрих Вебер, Карл Мосин, Ян Краузе, Франц Зауэрер сияқты кәсіпқой балуандармен терезесі тең күрескен. Бұл азаматтар өз ұлтының мақтанышы, айтулы тұлғалар еді.
1910 жылы Қажымұқанды ресейлік төрт балуанмен бірге Америкаға шақыртады. Сол жолы бәрінің қабырғасын кілемге жапсырып, әлем чемпионы атанып қайтады. Еуропада да еркін күресте ешкімнен жеңілмепті.
Америкадан кейінгі сапарда мұсылман мемлекеттерінен шақырту алып, Стамбулда, Мекке, Мәдине қалаларында осындағы бар мықты балуандарды жығады. Елдің сөзін ұстаған абыздар «қажы» атандырып, «мұсылмандардың ең күшті балуаны» атағын береді. Қажымұқан бабамыз жайында өзіміз де ізденіп, індетіп оқыдық. Қажымұқанмен бірге күрескен, бар сырын білетін жақын досы Вейланд Шульцтің естелігі бөлек. Кейінірек Қажекеңнің тар заманда аманаттап кеткен жәдігерлері осы Вейланд Шульцтан алынған.
Өкініштісі сол, біз мұсылман жұртынан алғаш рет әлем чемпионы болған Қажымұқан атамыз туралы фильм түсіре алмадық.
«Қыз Жібектей» жауһар фильмді дүниеге әкелген Сұлтан Қожықовтай дара режиссердің күш атасына келгенде таланты кеміп қалды дегенге кімді сендіргендейсің. «Бізді де танып қой» – деректі фильм емес, комедия. Тұтас кинода
Қажымұқан тұлғасы жоқ. Орыс айтса, бас шұлғып жүрген біреу. Басты рөлде ойнаған Әуелханның жазығы жоқ. Бар кінә, күнә осы киноға иелік қылған орыстың кино өнеріндегі кеудемсоқтығында.
Батыр рөліне Әбілсейіт Айханов секілді жауырыны жерге тимеген даңқты, кәсіпқой балуандарды емес, ауылдағы тепсеңде жер жыртып жүріп, майлық газеттен хабарландыру оқып қалған, балуандығын ел түгілі өзі де ұмытуға айналған тракторшыны бекіткен.
Қазақтың ақшасына түсірілген сол кинода орыстар «Біздің Поддубныймен теңесетіндей бұл кімнің шікірәсі?» дегенді айқын аңғартты. Кино бізге Сахалинде әскер қатарында жүргенде жетті. Бір эпизод жүрегімізде жара болып жазылып қалған.
Поддубный, Қажымұқан демей-ақ қояйықшы, бір маңқа қазақты, әлемнің мықтыларымен бірге тұрғысы келетін сайқымазақты «күрескен былай болады» дегендей, кеудесіне алып, әуелете көтеріп, өз жауырынын жерге тигізбей басын кілемге тірейді. Қасқыр арқалаған лақтай салмағы жоқ қазақ балуанының көзінде сұмдық-ай, намыс жоқ, ойсыздық, осылай болу керек деген қалып бар.
Әуелхан бауырым мұндай масқарампаз фильмнен бас тартуы керек еді. Қазақтың бас балуанын қорлағаны үшін.
Ал осы фильмнің қайғысы
Сұлтан Қожықовтың ішіне түсіп, ажалын жақындатуға себеп болды деседі. Намысы шыдатпады-ау, есіл ерді. Сол шовинист орыстардың менмендігі, өзге ұлттарға шекесінен қарайтын тексіздеу жаратылған тағы бір шоғыры атамызды тағы қорлады.
Ресейліктер ұлтқа еңбегі өткен тұлғаларын насихаттауға толық кірісіп кетті. Кітап жазып жатыр, фильмдер түсіріліп жатыр. Бәрі дұрыс. Ұлттың ертеңін ойлаған, өскелең ұрпақтың өз мемлекеті үшін мақтанып, үлгі алуына керек шаруа. Болашаққа қызмет, патриоттық тәрбие. Орыс пен қазақты қан қақсатқан адмирал Колчак туралы да керемет фильм түсірді. Мейлі, Ресейдің қамын жеген бір ұлы ғой. Бірақ өз перзентін аспандату үшін өзгенің асылын жерге ұратыны қалай?!
Ресейліктер «Поддубный» туралы бюджеті 12 млн доллар тұратын фильм түсірді. Иван Поддубный – французша күрестен әлемнің алты дүркін жеңімпазы. Ұлттық тұлға. Осы кинода Поддубныйдың түрік балуанының мойнын үзетін эпизод бар. Тіршілік белгісі жоқ, дәрменсіз балуанды қос аяғынан сүйреп кілемнен алып кетеді. Қажымұрат, Қажымұқан...
Мұсылман текті араб, түрікте
Қажымұқан есімді балуан жоқ. Мамбу, Ахмет, Салах, Нұрлы, Жүсіп, Мұстафа, Махмут... Мұның бәрі
Қажымұқаннан жеңілген.
Көне тарих жазбалары, кешегі күрес шежіресі біздің Қажымұқанның орыстың бас балуаны Иван Поддубныйдан осал еместігін айғақтайды. Кешегі бұратана ұлттың баласы орыс алыбының қатарында тұр. Тегі – түрік. Зымияндар патша үкіметі мен кешегі Кеңес одағындағы астамшылықты орайы келгенде тағы жалғастыруда. Кино – тарих. Дүние дөңгелегі айналып кетті.
«Біздің Поддубный түрік балуанының желкесін үзген». Шовинистік пиғыл бойына сіңген, аға буын қанына құйған жастар енді елу жылда осылай деп ашық айтатын болады. Ақиқаты, Поддубный араб, түрік кілемінде күреспеген. Сонда бұл қандай астамшылық?
...1913 жылы Харбин қаласында
Ресей мен Жапон балуандарының арасында бүгінгі еркін күрестен жарыс өтеді. Құрамында Қажымұқан бар Поддубный бастаған орыстар ойсырата жеңеді. Жапонның бас балуаны Саракики Жиндофу – намысты туған ер. Ол орыстарды өлсең құн сұрамайтын жапон күресі джиу-джитсумен айқасуға шақырады.
Сонда бүгінгі ресейліктер ту қылып, тұлғатануға айналдырған балуандарының бірінің дәті шыдамайды. Саракики намысты шабақтап, келеке қылғанда біздің атамыз, кешегі ер түріктің «жаным – арымның садағасы» дейтін ұланы «иттің күресі болса да күресемін» деп ортаға шығып кетеді. Балуандары бүгежектеген Ресейдің намысын жыртты дей алмаймын. Жапонның қорлағаны сүйегінен өтті-ау.
Соңын бәріңіз білесіздер. Қажымұқанның ерні, құлағы жыртылды, денесі қызыл қан болды. Ал Саракикидің ең соңғы күресі осы. Ауруханада жатып дүниеден өтіпті. Басы сынған, миы шайқалған... жапон чемпионының.
Осының бәрін неге таусылып айттық. Елбасы «Қазақфильмнің» президенті Ермек Аманшаевты қабылдап, қазаққа ұстын болған тұлғалар туралы кино түсіруді ұсынды. Бұратана дейтін патша үкіметі жоқ. Қылышынан қан сорғалаған, қазақты қасап етіп қырған, айтулы тұлғаларын жаппай атқызған Кеңес одағы жоқ. Тәуелсіз, өз шылбырың өз қолыңдағы еркін елсің. Кімнен жасқанғандайсың?..
Қазір теледидарды қосып қалсаң, бірінен бірі аумайтын, кейіпкерлері еш сендірмейтін, тез жалықтыратын, күн айналмай жатып ұмытылатын киносымақтар қаптап кетті. Екінің бірі кино түсіргіш, екінің бірі режиссер, екінің бірі продюсер, сценарий жазғыш. Орысша араласқан қойыртпақ, көбік су.
Осындайда мемлекеттің, халықтың ақшасының обалын ойлайсың. Қажымұқанның рухы орыстың бас балуаны Поддубныйдан жоғары болғанын Харбиндегі айқас көрсетті. Сіз білесіз, біз білеміз. Кейінгі ұрпақ ше? «Менің атам сенің атаңның мойнын үзген». Поддубный киносы келер жүзжылдықтарға, желбуаз ұлдарының аузына осындай сөз салып берді. Намыссыз болсаң шыда.
Не істеу керек? Ал төрткүл дүниені даңқымен тітіренткен көк түріктің ұрпағы екенің рас болса, Қажымұқан туралы кино түсір. «Жаужүрек мың баланы» түсіре алдық қой. Рухы мықты режиссерлер бар.
«Қазақтың өзге халықтан сөзі ұзын» деген еді абыз ақынымыз күйінгеннен. Сөз көп, іс аздау. Қазақтың ешкімнің алдында төменшіктер жағдайы жоқ. Мынау салқар даланы қазаққа сауғаға берген ешкім жоқ. Өзі тіленіп ешкімге тиіспеді, тиіскеннің омыртқасын омырды. Тақырып, тұлға жетеді.
Әлде біздің санасы ұйықтап қалған, құлдық психологиядан арыла алмай жүрген шенділеріміз
Елбасы «Қажымұқан туралы кино түсір» деп қашан айтады?» деп жүр ме екен...
Әй, өзге түгілі өз жұрағатына қор болған қайран, Қажекем-ай...

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.