ҚАУІПСІЗДІК ҚОЛҒА АЛЫНҒАН

Пятница, 29 Январь 2021 06:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2977 раз

kauipsizdik-kolga-alyngan

Шымкенттегі Еңбекші ауданы аумағында көп қабатты үйлер көп. Осыған орай қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 250-ден астам үйге бейнебақылау камерасы орнатылған.

Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Ильясов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есебінде мәлімдеді. Есеп карантин талаптарына байланысты онлайн өтіп, әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей көрсетілді.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ның тарапынан көп қабатты 253 үйдің 803 кіреберісіне бейнебақылау камералары орнатылды. Басқа үйлердің тұрғындарына бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде көп қабатты 37 үйдің 148 кіре берісіне бейнебақылау камераларын орнатуға тұрғындар келісімдерін берді, – деді аудан әкімі.
Ғалымжан Илясов, сонымен бірге, ауданда ретсіз саудамен күрес күшейтілгенін баяндады. Нақты айтқанда «Тәртіпсіздікке – нөлдік төзімділік» қағидасы негізінде ретсіз сауда орындарын жою мақсатында өткен жылы 94 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған.

Нәтижесінде 267 ретсіз сауда орны анықталып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 204-бабына сәйкес 570 хаттама толтырылды. Салынған айыппұл көлемі 632 мың теңгені құраған. Ал елдімекендерді абаттандыру тәртібін бұзу жағдайларына қатысты 1289 хаттама толтырылып, 291 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Заңсыз қойылған 6 дүңгіршек алынды. Бұған қоса сыртқы келбетті бұзып тұрған 978 жарнама алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімі есеп соңында тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы қойған сауалдарына жауап берді. Ол сұрақтардың көбісі қоғамдық көлікті оңтайландыру, көшелерді жарықтандыру, әсіресе шалғай елдімекендердегі мектепке барар жолды жарықпен қамту, қоқыстарды дер кезінде тазалауға қатысты болды.

Ғалымжан Илясов өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.