Бейбіт заманның шырағы сөнбесін Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2372 раз

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толып отыр. 1988 жылдың 15 ақпаны күні бұрынғы соңғы сарбаз Кеңес одағының шекарасы мен Ауғанстан жерін байланыстырып тұрған көпірден өтті. Осылайша ондаған жылға созылған соғыс аяқталды.

87

 

Дегенмен, ұрыс қимылдары тоқтаса да сол соғыстың зардабы әлі де толық жойылған жоқ. Елге оралған жауынгерлердің қатары күннен күйге сиреп келеді. Бұрынғы сарбаздар бүгінде бір-бірімен байланысын үзбеуге тырысады. Бұл жолы да даталы күнге орай Абай саябағындағы ескерткіштің жанында қаруластар бас қосты.
Ауғанстан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу жиынына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан,
Қазақстандағы ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, одақтың жергілікті филиал жетекшілері мен ардагерлер қатысты.
Жиналған қауым алдымен соғыста опат болған жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
– Сол жылдары Қазақстаннан Ауған жеріне жалпы 21 мыңнан астам сарбаз аттанса, бүгінде сол жауынгерлердің 14 мыңнан астамы қалды. Құрметті ардагерлер, сіздер жыл сайын марқұм болған қаруластарыңызды еске алып, жиналасыздар. Соғысты көрмеген адам бейбіт өмірдің құнын біліп, қолында барды бағаламауы мүмкін. Сол үшін еліміз соғыс өртінен аман болсын, бейбіт заманның шырағы сөнбесін деп тілейміз. Бүгінгі тілек-дұғаларыңыз қабыл болсын, соғыста қайтқан марқұмдардың жаны жәннатта болсын, – деді Шыңғыс
Жұмабекұлы.

88


Жиын соңында марқұмдардың рухына Құран аяттары бағышталды.
Жалпы, Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылу күніне арналған іс-шаралар интернационал-ардагерлер еңбек ететін ірі ұйымдарда жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі – «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС. 14 ардагер жұмыс істейтін компанияда мұндай жиынды ұйымдастыру жылдағы дәстүрге айналған.
Биыл да мұнай өңдеу зауытындағы еңбеккер-ардагерлердің басы қосылып, салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиынға
Қазақстандағы ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы мен Шымкент қалалық ардагерлер одағының өкілдері келіп, «ПҚОП» ЖШС басшыларына, зауыттағы ардагерлерге алғыс айтты, компания өкілдері мен еңбеккерлерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады. Ал «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС әкімшілік-құқықтық мәселе және персоналдарды басқару департаментінің директоры Гүлназ Әшірбаева бастаған компания жетекшілері ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпаттар берді.
– Бейбіт күнде соғыстың өртін көрген сіздер елдік пен ерліктің, бейбіт өмірдің бағасын жақсы білесіздер. Бүгінгі жас ұрпақ сіздер бастан кешкен сұрапылды көрмесін деп тілейміз. Сіздер – жастарға үлгісіздер. Әрдайым аман жүріңіздер! – деді Гүлназ Мансұрқызы.
Осылайша алып зауыттағы ардагерлер назардан тыс қалған емес. Компания басшылығы тарапынан ауған соғысы ардагерлеріне мүмкіндігінше жағдай жасалған.
– Зауыт басшылығы тарапынан әр ардагерге 35 АЕК көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұған қоса жыл сайын шипажайларға жолдама беріліп, денсаулығын күту үшін демалысқа жіберіп тұрамыз. Ал ардагер-әріптестерімізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз, – деді «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС мемлекеттік органдармен жұмыс істеу жөніндегі аға менеджері Сұлтан Әбдіқадыр.
Айта кетейік, мұндай мерекелік іс-шаралар зауыт құрылғалы бері өткізіліп келеді. Ал ауған соғысының ардагерлері «ПҚОП» ЖШС құрылымында өз мамандықтарымен қатар зауыттағы жастарға тәрбиелік-патриоттық маңызы бар қызметтерді атқаруда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.