Мемлекеттік айып тұрағы ашылады

Пятница, 29 Январь 2016 04:53 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3887 раз

Шымкент қаласында муниципалды айып тұрағы ашылады. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен мәжілісте шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті. Жиында қала әкімі жер қатынастары бөлімінің мамандарына арнайы жер телімін белгілеп, бұл мәселені тезірек шешу керектігін айтты.

shtrafstoyankaМәжіліс барысында белгілі болғандай, бүгінгі таңда Шымкент қаласында автокөліктердің саны бұрынғыға қарағанда артып, 190 мыңға жеткен. Қаладағы жол-көлік қозғалысында ережелердің жиі сақталмайтынын тілге тиек еткен қала басшысы әсіресе, қаланың орталық көшелерінде той кортеждерінің жиі кептеліс тудыратынын, тәртіпсіз жүргізушілердің кесірінен қалада оқыс оқиғалардың көбейгенін еске салды.

– Жұмыстан тыс кезде қала көшелерін аралап тұрамын. Сондайда бір-бірімен жарысып, тәртіп бұзып жатқан жүргізушілер кездеседі. Той кортеждері де көпшілікке кедергісін келтіріп отыр. Оларға қатаң тыйым болу керек. Алдағы уақытта Шымкентте мемлекеттік айып тұрағын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – заңға бағынбағандарды жазасыз қалдырмай, қаладағы тәртіпті реттеуге септігін тигізеді, – деді қала әкімі.

Қала басшысы Ғ.Әбдірахымов полицейлерге жоғарыдағыдай келеңсіздіктерді жоюға, тәртіпсіздікпен күресте күш біріктіре отырып, нәтижелі жұмыс жасау маңызды екенін жеткізді.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.