Жергiлiктi полиция халыққа есеп бередi

Пятница, 29 Январь 2016 06:22 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4273 раз

Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында есеп беретін мемлекеттік билікті қалыптастырудың ауқымды шаралары қамтылғаны белгілі. Соның бірі– жергілікті қауымдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру. Осыған орай облысымызда жергілікті полиция қызметі құрылып, жұмысқа кірісті. Бұдан былай өңірдегі заң бұзушылықтарды анықтауға, зерделеуге және жоюға бағытталған шаралар ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айта кетейік, жаңа құрылым қызметінің алда атқарар жұмысына тереңірек үңілу үшін ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Зұлпыхаров Мұсабек Ханиұлымен сұхбаттасқан едік.

IMG 6510– Мұсабек Ханиұлы, Ұлт жоспарында жергілікті полиция қоғамдағы қылмыспен күресте негізгі роль атқаруы керек деп айтылған. Алдағы уақытта өнімді жұмыс істеу үшін қандай жоспарлар жасалды?

– Жергілікті полиция қызметін құрудағы басты мақсат– халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін күшейту және полиция қызметкерлерінің беделін арттыру. Ендігі жерде жергілікті полицейлер жергілікті қоғамдастықпен бірлесе ұсақ қылмыстан бастап, төзімсіздікпен күресуге қадам жасайды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар да қамтылатын болады. Жергілікті полицияға ауладағы, жол бойындағы, қоғамдық орындардағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды қадағалау міндеті жүктеліп отыр. Енді жергілікті полиция әр үйдің тұрғынын бетпе-бет танитын болады. Қажет болған жағдайда әрбір тұрғынмен кездесіп, қандай мәселелер бар екені туралы да сұрап, халықпен бірге жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз. Бізге қоғамдық тәртіпті қадағалау, тұрмыстық жағдайда орын алатын зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі мен құқық бұзуға төзбеу талаптары қойылып отыр.

– Бұған дейін әкімшілік полицияның құрамында болған бірнеше құрылым енді жергілікті полиция қызметінің құрамына біріктірілді. Оларды атап өтсеңіз...

– Жергілікті полиция құрамына учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер істері бойынша инспектор, табиғатты қорғау полициясы, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметкерлері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымы кіріп отыр. Жергілікті полиция қызметі құрылымдық түрде ішкі істер органының қызметкерлерімен тең дәрежеде болып, әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерінің бірыңғай құқықтық мәртебесіне ие болады.

– Жергілікті полиция қызметінің бастығын облыс әкімі тағайындайды. Ал аудандардағы жергілікті полиция бастықтарын тағайындау қалай жүзеге асады? Үміткерлер бар ма?

– Өздеріңізге белгілі, ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың ұсынысымен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен, облыс әкімінің өкімімен ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Абылаев Балтабек Сейілбекұлы тағайындалды. Ал аудандық жергілікті полиция басшылығына үміткерлерді жергілікті полицияның бастығы облыс әкіміне ұсынады. Ал облыс әкімі аудан басшысына және жергілікті мәслихаттың депутаттарына ұысыныс береді. Мәслихаттың келісімі берілген соң, облыс әкімі аудандағы жергілікті полиция бастығын тағайындау туралы өкім шығарып, оны Ішкі Істер департаментіне жолдайды. Қазіргі кезде аудандағы басшылыққа үміткер азаматтардың құжаттары қаралуда. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосымша хабарлаймыз.

– Бұған дейін полиция қызметінің басшысы әкімнің не халықтың алдында есеп бермейтін. Енді әрбір атқарған жұмысы айқындалып, баға берілетін болады. Осы орайда, бұл талап жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын қаншалықты сапалы етеді?

– Иә, жергілікті полиция қызметіне осындай талап қойылып отыр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын ширатып, жауапкершілігімізді арттыра түседі. «Судың да сұрауы бар» демекші, жұмысымызға есеп береміз. Мұндай талап полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың сенімділігін арттырады деп ойлаймын. Ал есеп беру үшін нақты атқарылған жұмыстар болуы керек қой. Жергілікті полиция қызметінің бастығы әкімдіктер мен мәслихат пен халық алдында есеп бермек.

– ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі құрамында қанша адам бар және олардың қызметтік формасы өзгереді ме?

– Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметінде 2 мың 747 адам жұмыс істейді. Атап өткен жөн болар, олар 2015 жылы аттестациядан сәтті өткен полицейлер. Ал формасына келер болсақ, біз үшін арнайы тігілген киім үлгісі жоқ. Жалпы, полицейлердің формасы бірдей болады.

– Жергілікті полиция қызметінің құрылғанына айдың жүзі болды. Көңіл күйлеріңіз бен жұмысқа деген ынталарыңыз қандай?

– Жұмысымыздың сапалы болатынына күмәнім жоқ. Өйткені, жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Жеке құрам өнімді еңбек етеміз деп ерекше леппен жұмысты бастап та кетті.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.