Өңірімізде жыл соңына дейін 209 нысанның 116-ын пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Соның ішінде 1 қыркүйек күні 20 мектеп ел игілігіне берілмек. Аталған 209 инвестициялық жобаның іске асырылуына 64,9 млрд теңге бағытталған.
– «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 32 мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. 32 нысанның 19-ы 2016 жылдан өтпелі болып, 19-ын пайдалануға беру жоспарда бар. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілген. 2017 жылы құрылысы жоспарланған 13 мектеп 2018 жылға өтпелі, – дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қ. Жамашев.
Сондай-ақ 2016-2017 оқу жылдарында облысымыздағы 94 білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл аудандық, қалалық бюджет есебінен 43 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстарына 2,6 млрд теңге қаралған. Бүгінгі таңда 45 білім беру нысанының 36-сында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.
Сала мамандарының айтуынша, өңірдегі барлық мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары оқу маусымы басталғанша бітеді. Ең бастысы, құрылыстың сапалы әрі мерзімді аяқталуына мән берілуде.