Патриот деген ерлік пен өнегенің өлшемі Избранное

Пятница, 26 Октябрь 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5477 раз

Бүгінде ұрпақ тәрбиесі, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу – басым бағыттардың бірі. Қазір әскери әлеуетімізді танытар кезең. Мемлекет басшысы 5 қазан күнгі халыққа арнаған Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиені жандандыруды, әрбір мектепте осы жұмыстарды қолға алуды тапсырған еді. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қалай? Әскери мектептердегі патриоттық тәрбиені қалай жандандыруға болады?

Жас сарбаз-5

Меморандумның маңызы зор

Елбасы өз Жолдауында «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн» деген еді. Сарбаз» балалар жасөспірімдер бірлестігі мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін нығайтуға өз септігін тигізбек. 
Әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскерге шақыру жасына дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді жетілдіру мақсатында 2015 жылғы 1 желтоқсанда, Тұңғыш Президент күніне орай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылған болатын. Жастар ұйымдары мен әскери-патриоттық клубтардың қызметін үйлестіру мақсатында орталықтың базасында балалар мен жастардың республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл қоғамдық бірлестіктің филиалдары барлық өңірлерде жұмыс істейді. Жалпы, бүгінге дейін елімізде 2828 әскери-патриоттық клуб құрылыпты.
Таяуда ҚР Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі, республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы арасында азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум түзілді. Яғни, Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі Жолдаудағы нақты іс-шараларды орындауға кірісіп кетті. Меморандум 5 жылға жасалып отыр. Айта кету керек, мұндай келісім алғаш рет Шымкент қаласында түзілді.
Меморандум аясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу; жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, сондай-ақ әскери қызметтің беделін арттыруға және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу; кадет сыныптарын және әскери-патриоттық клубтарды ашуда мүдделі органдармен және республикалық және өңірлік жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар әскери-патриоттық үйірмелердің, кадет сыныптарының, сондай-ақ білім беру мекемелерінде, оқушылар сарайында, демалыс лагерьлерінде, спорт лагерьлерінде, өзге де жастар ұйымдарының жұмысы бойынша өзара іс-қимыл атқарылады.

Батырлар ерлігі – ұрпаққа үлгі

Біз батырларымыздың ерлігін ұрпаққа өз дәрежесінде дәріптеп жүрміз бе? Нендей іс-шараларға көңіл бөлген жөн? Бұл да өзекті мәселенің бірі. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу кім кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Жуырда ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков тиісті ведомствоға депутаттық сауал жолдаған-тын. Өскелең ұрпақ бойына патриотизмді сіңіру жөнінде әлі де көп міндеттер барлығын меңзеген еді.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы қолынан қаруы түспей, елдің бейбіт өмірі үшін күресті. Әрбір қазақ жауынгері өз қарсыласына әскери таным-білім және ерік-жігер тұрғысында еш есесін жіберген жоқ. Мәселен, бір ғана 1643 жылы Орбұлақ шайқасын атап өтуге болар. Қазақстан аумағына лап қойған 50 000 жоңғар қолына қазақ жауынгерлері қасқая қарсы тұра білді. Жәңгір хан бар-жоғы 600 адамнан тұратын шағын жасақпен жауды жайрата, жеңіске жеткен-ді. Мұның бәрі ерліктің ерен үлгісі.
Одан бөлек Ұлы отан соғысында ерлік көрсеткен батырларымыз қаншама?! Ұланғайыр байтақ даланы жаужүректігімен қорғап қалған осындай батыр бабаларымыздың жанқиярлығы ұмытылмауы тиіс.
Мәжіліс депутаты әскери оқу орындарындағы патриоттық тәрбиені күшейтуде бірқатар ұсыныстарын айтты. Н.Дулатбеков, ең маңыздысы, әскери оқу орындарында патриотизм сабағын енгізу мәселесін қарастыруды ұсынады. Ондағы мақсат – ұлттық мақтаныш сезімін күшейту, қазақ халқының салт-дәстүрлерін сыйлау мен құрметтеу. Одан бөлек әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды әскери қызметке, әсіресе қазақстандық жастар арасында оның кәсіптік негіздеріне деген құрмет сезімін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, көрнекті әскери қолбасшылардың құрметіне, шынайы патриоттардың өмірі мен қызметі туралы білімдерін дәріптеу үшін, тек әскери емес, сондай-ақ азаматтық мамандықтар бойынша, студенттер мен жас ғалымдарға атаулы стипендиялар тағайындау; оқу бағдарламалары және арнаулы курстар аясында, өскелең ұрпақтың оны жан-жақты түсінуі және оларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу үшін, Қазақстанның әскери тарихын оқып зерттеу және білім беру процесінің барлық кезеңдерінде, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейде қаржыландыра отырып, әскери-спорттық ойындарды жүйелі түрде өткізу, т.б. бірқатар жобаларды жүзеге асыруға үндеген еді. Мұның бәрі де жастарды тәрбиелеуде, қоғамның санасын оятудағы қажетті іс-шаралар.

Әскери тәрбиеге 73164 жасөспірім тартылған

Республикада әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру мақсатында бірқатар жобалар, нақты іс-шаралар қолға алынған. Қорғаныс министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсек. Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қауқары қандай?
Бұл ұйымның республикалық штабының құрамына негізінен мемлекеттік органдардың, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері кіреді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми деректеріне көз жүгіртсек. Қозғалыстың қызметінің нәтижесінде биыл елдегі әскери-патриоттық клубтардың саны 2828-ге дейін артып, оған 73164 бала жұмылдырылған. Сонымен бірге әскери бөлімдер жанында 150 клуб құрылса, оған 4361 бала қамтылды. Әскери-патриоттық клубтардың әр төртінші тәрбиеленушісі өз өмірін армиямен байланыстырады.
Соңғы екі жыл ішінде «Жас сарбаз» қозғалысы басқа мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, республикалық ауқымда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде әртүрлі 992 іс-шара өткізген. Қамтылған адам саны 110 000 адамнан астам.
Жыл сайын әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері бойынша қорытынды және есеп беру форумдары, көшпелі отырыстар және қоғамдық тыңдаулар, оқу-әдістемелік жиындар ұйымдастырылады.
«Жас сарбаз» қозғалысының негізгі бағыттарының бірі – кадет сыныптарын ашу. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, қоғамдық қорлардың қолдауымен 101 кадет сыныбы ашылса, онда бүгінде шамамен 3000 бала тәлім алады.
Жыл сайын өткізілетін «Айбын» әскери-патриоттық жиынын іс-шаралардың ең ауқымдысы дер едік. Мәселен, аудандық, қалалық, облыстық іріктеу турларында 55 000-нан астам бала бақ сынаған. Олардың қорытындысы бойынша үздік әскери-патриоттық клубтар айқындалады. Соңғы үш жыл ішінде «Айбын» әскери-патриоттық жиынының қорытынды кезеңіне 3110 бала қатысыпты. Әскери жиында балалармен идеологиялық жұмыс іс-шаралары, әртүрлі зияткерлік ойындар, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар өткізілуде.
Сондай-ақ, жас патриот келбетін қалыптастыруда жыл сайын өткізілетін «Жас ұлан» республикалық армия әндері фестивалінің орны ерекше. 2017 жылы фестивальдың іріктеу кезеңіне барлық өңірлерден 3000-нан астам оқушы қатысқан. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша өткізілетін іс-шаралардың негізгілері осындай.
Мемлекет басшысы да халыққа арнаған биылғы Жолдауында бұл жұмыстарды одан әрі жандандыру қажеттігін айтты. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, әскери-патриоттық тәрбиені мектеп жасынан-ақ қарқынды дамыту керектігін аңдап отырмыз. Таяуда ғана Шымкентке ресми сапармен келген Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев болашақта «Жас сарбаз» бірлестіктерін әр облыстан құруды жоспарлап отырғанынан хабардар етті. Мұның бәрі де тәрбиені әр өңірде күшейтуге басымдық бермек. Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе жасалған үш жақты меморандумға сәйкес, алдағы уақытта қалада бірқатар жобалар қолға алынбақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.