Жаңа қойылымдармен қуантып жүр Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 354 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры соңғы уақытта өз көрермендерін жаңа спектакльдермен қуантып жүр. Осы айда «Бағдаршамдар елі» және «Бразилия байлығы» қойылымдарының премьерасы өтті.

kuirjak

 

«Бағдаршамдар елі» спектаклінің қоюшы режиссері – Жарас Исмаил, қоюшы суретшісі – Еркебұлан Айдаров.
Соңғы уақытта жас балалардың көлік апатына ұшырап, көз жұму фактілері жиілеп кетті. Қоғам үшін баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі – ең басты байлық. С.Мергенбайқызының «Бағдаршамдар елі» танымдық ертегісінің мақсаты – балаларға жолда жүру ережесін түсіндіріп, өмірде оны қолдануды үйрету.
Қойылымды тамашалау арқылы балалар жауапкершілікке, сергектікке, жол ережесін және белгілерін есте сақтауға, қабілеттерін дамытуға дағдыланады. Сондай-ақ қойылымда интерактивті ойындар арқылы жол қауіпсіздігі ережелері де түсіндірілді.
Ал, «Бразилия байлығы» ертегісінің авторы – Ана Мария Машаду. Ертегінің режиссері Б.Ербатша мен суретші Е.Айдаров балаларға қойылымның айтар ойы мен мағынасын әдемі декорация арқылы ұшқыр жеткізе білген.
Ертегі авторы Ана Мария Машаду балалар мен ересектерге арналған жүзден астам кітап жазды. Олар 17 елде аударылып, көптеген ұлттық және халықаралық марапаттарға ие болған. 2000 жылы Ханс Кристиан Андерсен атындағы сыйлықпен марапатталған.
Спектакль барысында балалар бағбаншы, Манеку, Люсия, Гаспар, Флора, Симон және Хамелеонмен танысып, дос табады. Бразилия байлығы дегенде ойыңызға не келеді? Алтын ба, гаухар тас па? Жо-жоқ! Ондай байлықты бұған дейін балақайлар көрген жоқ! Оны тек «Бразилия байлығы» спектакльді тамашалай отырып қана біле алады.
Айта кетейік, бұл спектакльдер алдағы уақытта Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында тұрақты түрде қойылады. Театр ұжымы тіпті мектептер мен бала бақшаларға барып өнер көрсетуді де жоспарлап отыр.

Г.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ЖАС АҚЫНДАР ӨЗБЕКӘЛІНІ ЖЫРЛАДЫ «Дариға жүрек» »