«Дариға жүрек» Избранное

Пятница, 15 Март 2024 06:18 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 512 раз

Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» және «Аққулар ұйықтағанда» атты екі поэмасының желісімен сахналанған поэтикалық толғаудың премьерасы өтті. Қойылымға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және зиялы қауым қатысты.

premier

 

Көрерменнің көңіліне шуақ нұрын сеуіп, сезімге бөлеген премьераның қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов. Режиссердің айтуынша, М.Мақатаевтың өлеңдерін жас буын сүйіп оқиды.
– Мұзбалақ ақын шығармаларындағы оқиғалар тізбегі біздің кешегі өткен өмір белестері мен бүгінгі кездегі өмір толқындарын тоғыстыратыны айдан анық. Мұқағали ақынның әрбір шығармасын көрерменнің, әсіресе жас буынның сүйіп оқып, тыңдайтыны бәрімізге мәлім. Сондықтан бұл спектакльде көрермен ақынның поэзиясымен қатар, сөзіне жазылған әндер мен сол уақытта ел жырлаған әндердің сазына кұлақ түрді. Қалың көрермен актерлердің образдарды шынайы сомдауынан терең мағыналы ақын философиясына үңіле білді деп ойлаймын, –деді Қ.Қасымов.
Бірінші бөлімдегі «Дариға жүрек» оқиғасы көрерменді соғыс жылдарында болған оқиғаларға жетеледі. Жас келіншек Дариғаның жан жары майданға кетіп, соның оралуын күтіп, аңсап, сезімге шөлдеп жүрген сәттерін кейіпкер әсерлі жеткізе білді. Сол күндері қаралы қағаз алған соң оның өмірі күрт өзгеріп, сезіміне бой алдырып, үлкен қателікке бой ұрады. Мұны көзімен көрген жас ақын Мұқағали жер бауырлап жылай жүріп жеңгесін ақтап алғысы келеді. Бірақ сол қателік – Дариғаның жардан құлап, өмірмен қоштасуына әкеліп соғады.
Екінші бөлімде «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының оқиғасы көрерменді ауыл маңындағы табиғаты сұлу көлге қарай алып барды. Бұл – аққулар мекендеген қасиетті көл. Сол маңайда тұрып жатқан отбасының жалғыз ұлы науқастанып, шипа табылмайды. Анасы түс көріп, баланың дертіне аққудың еті дауа екені аян болып түседі. Киелі құсты атуға болмайтындығын айтқан жұбайының сөзіне құлақ аспай, сәбиінің емі үшін шырылдаған ана аққуға оқ атады...

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.