Тегін үйірмеге қатысуға шақырады

Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 10824 раз

Шымкент қаласы білім бөлімінің Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылының басталғанына орай «Ашық есік» күнін өткізіп, үйірме жұмыстарымен таныстырды. Үйірме қатысушыларының қолынан шыққан киізден, ағаштан, моншақтан, жасалған түрлі қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды.

 MG 2398

– Бұл орталықтың негізі 40 жыл бұрын қаланған. 2012 жылы Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы болып қайта құрылып, 24 үйірме оқушыларға есігін айқара ашты. Ал бүгінде «Пифагор», «Жас өлкетанушы», «Жас химик», «Архимед», «Автоәуесқой», эстрадалық вокал, «Былғары шебері», «Ағаш ою», шығыс жекпе-жегі, еркін күрес сынды 40 үйірмеге 3300-ден астам оқушы қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр, – дейді орталықтың бұқаралық бөлім меңгерушісі Нағима Әсіл.

 MG 2385

Үсен Төлебаев №79 мектептің 9-сынып оқушысы. Үш жылдан бері орталыққа келіп, «Ағаш ою» үйірмесіне қатысып жүр. Оның қолынан шыққан түрлі ағаш бұйымдары қалалық, облыстық көрмелердің көркін келтіріп, жеңіс те сыйлады. 

– Сабақтан бос уақытымда осы орталыққа қарай асығамын. Өйткені мұнда қызығушылығы, көзқарасы, тіпті арман-тілегі ортақ достарым көп. Бұдан бұрын «Компьютер әлемі», «Компьютерлік графика» үйірмесіне, футболға  қатыстым. Сосын осы «Ағаш ою» үйірмесіне жазылдым. Ағаш жонып, одан түрлі заттар жасаған ұнайды. Жетекшіміз Нұрдәулет Қаныбеков ағайдың арқасында ағаштан ою ойып, талай туындыны жасауды үйрендік. Іні-қарындастарыма ойыншық ұшақ, кеме жасап бердім. Мерекелерде де туыстарыма, достарыма өзімнің қолымнан шыққан бұйымдарды сыйлаймын, – дейді Үсен.

 MG 2383

Шәкірттерге 60 ұстаз қосымша білім беріп, бар білгенін жалықпай үйретеді. Өткен оқу жылында үйірме қатысушылары түрлі бағыт бойынша республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, намысты қолдан бермеді. Айталық, «Арулар» би ансамблі республикалық «Балауса жұлдыздар», «Жұлдызға жол», тағы басқа сайыстарда топ жарса, «Жас қаламгер» үйірмесінің оқушылары Алуа Мұхтар мен Әмзе Нұржас Атырау қаласында өткен республикалық «Ақ көгершін» фестивалінде жүлделі І орынға ие болды. Бұдан бөлек спорттық жарыстан жүлделі оралған жасөспірім қаншама.

Орталық ұстаздары қаладағы мектеп оқушыларын өнердің, спорттың сан қырынан хабардар болып, уақыттарын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмеге қатысуға шақырады. Дәрістер тегін жүргізіледі. Мекен-жайы: Ә.Жангелдин көшесі, 17 үй, Байланыс телефоны: 56-05-90

Последнее изменение Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:32