Мегаполис мәртебесін асқақтатқан шара Избранное

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4068 раз

«ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ» БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Қала күні мерекесі қарсаңында «Шырайлы Шымкент» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Қалалық балалар мен жасөспірімдер сарайында өткен марапаттау рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

 MG 3524

Байқауды Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Журналистер мен блогерлер арасындағы байқау жеңімпаздары «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік теле-радиобағдарламасы», «Үздік Интернет-БАҚ жарияланымы» және «Әлеуметтік желілер мен блог-посттардағы үздік жазба» номинациялары бойынша марапатталды.

– Бүгінгі «Шырайлы Шымкент» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі қала күнін тойлау мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Түрлі буын өкілдерін біріктіретін бұл тамаша және жарқын мереке барлық қалалықтар үшін сүйікті мейрамға айналған. Бүгінде Шымкент қарқынды дамып, ажарлана түсті. Қаланың көшелері мен саябақтары көркейіп, көз қызықтырады. Жаңа шағынаудандар салынып, тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл әрине, қала тұрғындарының еселі еңбегінің нәтижесі, – деп атап өтті Ғабидолла Рахматоллаұлы.

DSC 1479

Байқаудың мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына бағытталған, қаланың туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттайтын мақалалар жариялау, сюжеттер трансляциялау және әлеуметтік желілерде посттар жазу арқылы Шымкент қаласының имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат таратудағы үлесін, журналистер мен блогерлердің кәсіби ынтымақтастығын арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысушылар қаланың жаңаша келбетін көрсетуге, жаңа қырын танытуға талпынғаны байқалады.

Сонымен, «Үздік Интернет-БАҚ жарияланымы» номинациясы бойынша І-ші дәрежелі диплом «TENGRINEWS.KZ» ақпараттық порталына берілді. ІІ-ші дәрежелі дипломмен OTYRAR.KZ ақпараттық медиа-порталы марапатталды. ІІІ-ші дәрежелі дипломға «BNEWS.KZ» – қазақ ақпараттық агенттігі лайық деп танылды. «Nur.kz» ақпараттық порталының тілшісі Алиса Масалева «Ең көп оқылған мақала» номинациясын иеленді.

DSC 1518

«Үздік теле-радиобағдарламасы» номинациясы бойынша І-ші дәрежелі диплом «24 KZ» ақпараттық телеарнасына, ІІ-ші дәрежелі диплом «Айғақ» және «TVK» телеарналарына берілді.

«Үздік баспасөз жарияланымы» номинациясы бойынша І-ші дәрежелі диплом қалалық «Панорама Шымкента» газетінің тілшісі Галина Германға табыс етілді. ІІ-ші дәрежелі дипломмен «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі, ІІІ-ші дәрежелі дипломмен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби марапатталды.

«Әлеуметтік желілер мен блог-посттардағы үздік жазба» номинациялары бойынша І-ші дәрежелі диплом Әсет Әссандиге бұйырды. ІІ-дәрежелі диплом Руслан Сембиев пен Асхат Шотаевқа, ІІІ-дәрежелі диплом Мейірман Сауранбековке берілді.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сый-сыяпаттарға ие болды.

Последнее изменение Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:07
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.