Сенің атың – жақсы адам

Вторник, 14 Март 2017 04:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5382 раз

Ақмарал ЛЕУБАЕВА... Айтыс айдынына аққудай керіліп шығатын кербез арудың есімі сонау 88-ші жылы сол өнердің сахнасы арқылы жұртшылыққа жарқ етіп танылып еді. Ол кезде бар-жоғы 19 жастағы бойжеткен болатын. Содан бері талай додада топ жарған дәулескер ақын жазба ақындығымен де поэзия көгінде өз жұлдызын биіктетті. Өлең өлкесінің ерке де еркін мінезді ару Ақмаралы сөзден маржан тізген, ойдан орман ұйыстырған сұлу сезімнің суреткері. Біз бүгін мерекеге орай ақынның сырлы өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

sening atyng

Қазақ едік..

Қазақ едік тағдыры бөлек өзгеден,
Мақсатына ұмтылатын көздеген.
Айту парыз ақындарға ендеше,
Елегіңнен өткізейін сөзбенен.
Қазақ дейтін бар екен деп бір халық,
Атымызды әлем бүгін жүр танып.
Тіл мен ділін, дінің қайта жаңғырып,
Ту көтеріп, әнұранды шырқадық.
Ақ найзаның ұшыменен жер деді,
Ақ білектің күшіменен ел деді.
Осыларды армандаған бабалар,
Біз көргеннің біреуін де көрмеді.
Сәулесі бар азаматтар саналы,
Бір-біріне құлақ асса бағалы.
Қазағым деп біріксе егер бес саусақ,
Жұдырықтай жүрек болып соғады.
Біздің елдің баласы.

Еңбегімен мерейлі,
Ер жігіттің бағасы,
Әрі жақын, әрі алыс,
Бақ пен тақтың арасы.
Сыртыңнан жүр жұрт мақтап,
Сенгені ғой шамасы
Шамшырағыңды жандырсын,
Шырайлы жердің қаласы,
Шарықтай бер қырандай,
...біздің елдің баласы.
Мейірім дейтін ауылдан,
Жүрегіңдегі ұлылық.
Иманы күшті қауымнан,
Жүзіңдегі жылылық.
Жаратқанына мың шүкір,
Өзіңдей қайсар жігітті,
Қазағымның ұлы ғып.
Ұят ұлттың ұстыны.

Ұят қой деп....

Жұрт жүгірген мəнсапқа ұмтылмадым,
Жұлып алар жүлде үшін жұлқынбадым.
Ұялумен əлі де өмір сүрем,
Тойса болды демеспін бір күн қарын.
Ұялып жүріп білдім, сақтап жүрген,
Ұятымның ішінде ұлтым барын!
Ұят болад..
Ұямызда сіңген бұйрық қанымызға,
Дақ түсірмей келген сөз арымызға.
Саусағымен түрткенмен бəз біреулер,
Оған бола сынбайды сағымыз да.
Өзгертулер ендіре алмады олар,
Қабылдап қойған ұят заңымызға.
Ұятын қорғау үшін ұл мен қыздың,
Қоғам құлақ асса екен зарымызға.
Шаңырақты ұстап тұрар уық болса,
Ұят біздің ұстын болған жанымызға.
"Ұят болад",- деп өсірген аналардың
Дауысы жаңғырып тұр жадымызда.
Ұятым бар...
Елді ұятқа ешқашан қалдырмаймын,
Ұрпақ үшін күресуді ар қылмаймын.
Ұяты бар əлі де қазағымның,
Тобығынан дұшпанға шалдырмаймын.
Ұйқысынан оянған аю сынды,
Ұятыма тиіссең оңдырмаймын!!!!
Ұят керек...
Жігіттерге басына киген бөрік,
Қыздарыңа жүзіне берген көрік.
Бабалардың қан менен тері аққан,
Тәуелсіздік жеткен жоқ желмен келіп.
Ел мен жерді аманат еткен бабам,
Еншімізге ұятты да берген бөліп.
«Ұятқа қалдырмайды ұрпағым»,- деп
Міне, осы болашаққа келген сеніп.
Ұятсызды маңыңа жолатпаған,
Ұяттының орынын төрден беріп.
«Ұят кетті»,- деп жүрген бар осы күні,
Ұятының жоқтығын елден көріп.
Ия , Алла, ата баба дәстүрін жалғау үшін,
Ақыреттің қамын бастан қамдау үшін.
Жүрегінде иманның ұясы бар,
Əр бауырым тура жолды таңдауы шын.
Ұятының күштісін жисын қазақ,
Өмір бойы өкініш болмау үшін.
Ұстанымы ұлтымның ұят болсын ,
Ұятты боп ұрпаққа қалмау үшін!

******** *******

Сіз үшін....

Ай жарығы жол көрсетіп алдымнан,
Сымдай түзу тура нұрмен тартылған.
Уа, Тәңірім, жаңылдырмай өткізші,
Тағдыр дейтін тар жол тайғақ талқымнан.
Екеумізде үнсіз ұғар ортақ үн,
Жасанды ойдан жасамаймыз жорта мұң.
Ережесін бұзар едім ойынның,
Тәңір дейтін төрешіден қорқамын.


***** ***** ****

Маңдайыма қадап ап ұлық күнді,
Айдан ұрлап сімірдім тұнық мұңды.
Сыбағамды даулап дала заңымен,
Ары-бері шайқадым тымық түнді.
Адамдардан алыстап мүлік құнды,
Асау көңлім Күреңдей күлік мінді.
Кедергінің өзенін кешіп өтіп,
Қолдан қайық жасадың қырық түрлі,
-Сіз үшін,- деп сыртыңыз күліп тұрды.
Жасыра алмайтындай бұлт күнді,
Бірақ бәрін ішіміз біліп тұрды.
Өзің үшін..

Аллаға аян барлығы,
Сұраймын содан керегін.
Маған қымбат ар құны,
Білмеймін жұрттың не дерін....
Алысқа көз сал құлыным,
алыстан шолып байқағын.
Дейтіндер сөз тұғырым,
алыстан айтқан айтарын.
Алыстай берсін уақытым,
Алыса білу керегі.
Алыстау жүрген бақытым,
Айналып өзі - ақ келеді.... күтейік, ə...

 

***** ***** *****

Бір ауыз жылы сөзіңнен,
Бүршік атып, жайнағаным үшін.
Дауысыңды естіген сайын,
Дыбысына тоймағаным үшін.
Сеніміме ұя салып,
Сертіңнен берген таймағаның үшін.
"Жаттала қоймас тəтті өлең жаз",- деп,
Намысымды қайрағаның үшін.
Бəрі қолымнан бір-ақ сәтте,
Келетініндей ойлағаның үшін.
Сезімді оттай үрлеген сайын,
Өшіріп алмай ойнағаның үшін.
Пайдасыз мұңды ысырып тастап,
Кеудемді жырмен жайлағаның үшін.
Қазандай оттан түспеген кейде,
Түбінен сөздің қайнағаның үшін.
Қойшы, несін айта берейін,
"Қой" дегім келмейтінін біліп,
қоймағаның үшін,
Сені жақсы көрем.. ақымақ!!!

 

***** ***** ****

Мұнарым сол,
сіміріп ішкен мұң жырын.
Арманым сол,
жетеді деумен кім бұрын.
Қисынын іздеп,
қиыспай жүрген құндының,
Сабырлым сол,
бетке ұстап сөйлер шындығын.
Айбарым сол,
ақиқат етіп айтарын,
Тарланым сол,
сан ойдың түрген түңлігін.


Мұңсызым деймін,
мынаны ұқсаң болғаны
Адалым деймін,
араша болған арманы.
Құпияым деймін,
қақпасыз қоршау шарбағы.
Семсерім деймін,
тас қиып түсер салмағы.
Ақылдым деймін,
таразы жүрек таңдауы.
Тұлпарым деймін,
ұзаған көштен шаңдағы.
....қасиетің ғой бабадан,
Балаға жеткен қандағы.
Бар сырым осы бүкпесіз,
Аллаға аян қалғаны...


***** **** *****

Жаныңды түсінердей түр көрсетіп,
Өз дегені болмай қалса қыр көрсетіп.
Ұпайын түгелдесе болды оларға,
Өзін алдар өтірігін шын көрсетіп.
Ұсақ тірлік жасайды майдаланып,
Қасиетін жоғалтып қайманалық.
Қандай жолмен болса да ебін тауып,
Қалғысы кеп тұрады пайдаланып.
Топқа салып, қамшылар тозған атын,
Сүріндіру үшін тек сөз бағатын.
Өресінен шошыдым кей адамның,
Өз дегенін жасаса мəз болатын.
Көкейімді ашытқан көмескі ой тек.
Ақыл, сезім бас қосып кеңесті-ай кеп.
Өзімді өзім жұбаттым, сосын бірақ,
Сен олардың сортынан емес қой деп....


**** **** **** ****

 

Мұнарлы мүйіс мекенің,
Мұндалап қолын бұлғаған.
Мұңайып босқа нетемін,
Мүмкіндік берер бұл ғалам.
Музамды сүйіп өтемін,
Мұқала қоймас жыр қалам!
Мұңымды жұтып жүріп- ақ,
Мақсатыма жетемін.
Маңғазым менің....
Маңызын ойдың түгескен.
Маңайын сөзбен оятып,
Мазасыз оймен күн кешкен.
Маңдайын күнге сүйгізіп,
Маң дала үшін күрескен.
Маңына жинап кіл жақсы,
Майталман топқа ілескен.
Мақтаныш етер ер едің,
Марқайса бұлттан жіп ескен.
Селт етпегенің бе....
Сені де дейді ау, сөз көсем.
Себебін білсең хəлімнің,
Сергелдең ойды кезбес ең.
Сезімнің мұзын ерітіп,
Селінен ойдың іздесем.
Сенімім егер болмаса,
Сірə дə бұған төзбес ем....
Сиқыма мынау күлерсің,
Сияқты бала сараңдау.
Сипатын жазып берсем деп,
Сиясы жүрек амалдау.
Суретші өлең міндеті,
Сұлбасын жасап тəмамдау.
Сұқтана берме сырыма,
Мақсаты оның адалдау!
Сұрағы қайран көңілдің,
Сүрінсең берер кім ақыл.
Сауығы сайран өмір бұл,
Сусымай қолдан тұра тұр.
Суырып ала алмаймын,
Арада жүрек сына тұр.
Сағыну үшін жаралған ,
Сенің атың - СҰРАПЫЛ!


**** **** *****

Түсер солай орынына көңіл жəйлап,
Жылжи берер, айналаңда өмір қайнап.
Ертелі кеш есіңе бір түскен кезде,
Еріксіз күлсең болды мені ойлап.
Тағдыр кейде қаталдық танытқанда,
Жасанды көз, жалпақ сөзден жалыққанда.
"Сөйлесейін деп келдім,"- десең болды,
Күрсініп кеудең босап қамыққанда.
Жолды көрмей тұрғаным ары барар,
Тоғысқан дариялар толып ағар.
Иісімді сағынсаң додаға кел,
Тұлпар көңіл иесін танып алар.

Ұғысқаны сол болсын ойымыздың,
Көкпар берер сыбағасын дайынсыздың.
Қайыстан қамшы өріп ала келші,
Жел мен құзын қағатын бойымыздың.

********** ******** *********

Ойлай берем неге осы күн түні,
Көңілімнің ілінбестен кірпігі.
Қалай, қашан, неге бəрі қай жерден,
Түсінбеймін бастады өзі кім мұны?
Жаным қалап тұрған соң ба ұмтылып,
Жүрегімнің басылмайды ынтығы.
Таусылмайды көрсем деген көзімнің,
Сылтау іздеп, себебінің мың түрі.
Менде сондай, сенде қалай білмеймін,
Көңіл жүйрік талай басын іркіді.
Сенде солай болған сəтте ойланбай,
Сөйлесуге келдім дейсің бір күні!
Мүмкін саған көрінемін күлкілі,
Ертегінің басталғандай мың түні.
Ұмыттырып жіберетін мұңыңды,
Осы болар тəтті арманның шіркіні.
Жазылғанын жаным сезді өмірдің,
Жарасының қалып кеткен тыртығы.
Өз өзімді кінəлайтын пенде едім,
Санамдағы ойды үнің сілкіді.
Сылтау айтып «шəй ішем» деп бір шыны,
Сөйлесуге бара салам бір күні!

 

**** **** ***

Қар жауып тұр Тəңір нұрын құйғызып,
Қара жерге аппақ көйлек кигізіп.
Мұз көңілді алсам шіркін, жібітіп,
Маңдайыма маңдайыңды тигізіп.
Əдемі бір күйге толса əн құшақ,
Сырғанайсың көңіліме шаңғы сап.
Таудан бірақ, қол бұлғаса күн шығып,
Əттең, еріп кетесің ғой қар құсап.


***** *********** ****

Жүрегім шым-шым етеді,
Айтқаным емес асыра.
Тамырым жиі лүпілдеп,
Ауа жұттым ашыға.
Көлегейлеп жүремін,
Жат көңілден жасыра.
Жап-жақын жерде тұрса да,
Жете алмаймын қасына.
Басқа адаммен сөйлессе,
Бүртүрлі болам расы да.
Қарамаймын қыз ба ол,
Əлде ескі досы ма.
Дəмін татып көрмегем,
Қызғаныш деген осы ма?
Айтшы, а?

***** ***

 

Шабыт керек...шуақ жыр шашпақ үшін,
Қуаныштың құшағын ашпақ үшін.
Көңіл дейтін жүйрікті іздеп жүрмін,
Жүрегімнің сағынышын баспақ үшін....
Уақыт керек...сынақтан өту үшін,
Уəденің үйіне жету үшін.
Бал іздеймін ұрттатқан баяғы өмір,
Удың дəмін ұмытып кету үшін.
Сезім керек...сезіне білу үшін,
Қарап тұрып көзіңе күлу үшін.
Сабыр дейтін соқпақпен аяңдадым,
Ең бақытты жанға ұқсап жүру үшін.
Күту керек... кезегін келер бақтың,
Мекен жайын келсе шын егер тапқың.
Шым шытырық шығарма өмір деген,
Тəңір деген жазушы шебер-ақ тым.

Последнее изменение Вторник, 14 Март 2017 05:48
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.