Дегдар өнердің дарабозы Избранное

Среда, 24 Июль 2019 04:19 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3276 раз

Қазақстанда қолөнердің «Хас шебері» атағы бар-жоғы төрт адамға берілген. Сіз соның біреуі біздің Шымкентте тұратынын білесіз бе? Халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ең асыл аманаты – қолөнерді жанына серік етіп, он саусағынан өнері тамған Бибажар Симованы мегаполис тұрғындарына тағы бір таныстырып, оның «алтын» қолынан шыққан бұйымдарын насихаттамақ ниетпен біз қолөнершінің шеберханасына жол тарттық.

WhatsApp Image 2019-07-22 at 10.23.42 2

Шебердің Тассай елдімекеніндегі үйі – шеберханасына, шеберханасы – үйіне айналып кеткен екен. Қолөнершінің үйіне бас сұққанда көрмеге енгендей әсер алдық. Қабырға мен еден оюлы алаша, оқалы кілем, гобелендер, түкті тақыр, бау-басқұр, қоржын, шашақбау, аяққаптар, ойма нақыштармен ойып жасалған қолдорбалар, қолдан тоқылған сырға-моншақтар, сандық формасындағы қаршын, сырмақ, кестелі, тоқыма бұйым түрлеріне толы.

Шымкентті былай қойып, республикаға танылып, одан әрі халықаралық деңгейді бағындырған Бибажар Иманбекқызының қолынан шыққан бұйымдардың санында шек жоқ. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ 26 кілем тоқыған екен. Әсілі, ол табиғатынан қолөнерші боп туған секілді. Ешқандай оқу оқымай-ақ, Күлән апасынан бір-екі рет көріп-ақ, қаршадай қыз жеті жасында кілем, тоғыз жасында алаша тоқыған.

– Күлән апамның ұршығымен жіп иіремін. Қандай дүние істесем де алдын ала сызбасын сызып, әуреленіп жатпаймын. Ою-өрнектер, нақыштар өзінен өзі көкейіме құйылып келе береді. Мектеп қабырғасында жүргенде өз киімімді өзім тігіп кидім. Жоғарғы оқу орнында да солай. Тұрмысқа шыққанда қайынсіңлілеріме киім тігіп, кілем, алаша тоқып бердім.

Енем үйдегі жүндердің бәрін өртейді екен. Апама жүнді өртемей, сабап, шүйкелеп, одан ұршықпен жіп иіруді үйреттім. Кейіннен бәрі қолөнерші, кілемші болып шыға келді. Өмір бойы еңбек еттім. Әлі де еңбектеніп келемін. Үйге кіріп-шығып жүріп, құрылғыда гобеленді тоқи беремін, - дейді Бибажар апа.

Хас шебер

WhatsApp Image 2019-07-22 at 10.23.42 3

Тоқыма құрылғысында шатыр гүл салынып тоқылып жатқан түкті кілеміне қылқалам және қолөнер шебері, халық мұрасын зерттеуші Ғани Іляевтің өзі қызығып, шынашақтай қыздың саусақтарынан шыққан бұйымдарға жоғары баға беріпті.

Танымал суретші Сыр еліне келген кезде Бибажар Симованың әкесінің үйінде қонақта болады. Сол кезде ұлы тұлғаның көзі бірден киіз үйдегі тоқыма бұйымдарға салынған ою-өрнек түрлеріне, бау-басқұрларға түсіп, таңданыспен қызыға қарайды.

Сол сәтте-ақ әкесіне айттырып жүріп, Бибажар Иманбекқызын Шымкент педагогикалық институтындағы «Сурет және сызу» мамандығы бойынша оқуға түсіреді. Ғ.Іляевтің жетекшілігімен
Алматыға, Мәскеудегі Эрмитажда көрме қойып, жүлделі І орын иеленіп қайтады. Кейіпкеріміз Ғани Іляевтай ұлы ұстаздың алдын көріп, оның шапағатына бөленгені үшін өзін шексіз бақытты санайды.

Әне-міне жетпістің желкесіне шыққалы тұрған апамыз табаны күректей 60 жылдан астам саналы ғұмырын асыл мұраны жаңғыртуға арнап келеді. Қолөнерлік кәсібін кілем тоқудан бастап, кейіннен дипломдық жұмысын да кілем тоқу бойынша қорғапты. Кәсіби мамандығын алғаннан кейін ісмерлігіне іскерлігі қосылып, киім де, кесте де тігіп, тоқыманы да жандандыра түседі. Әрі ЖОО-да шәкірттерге сабақ береді.

Бибажар Симова қолөнердің ішіндегі қолданыстан шығып бара жатқан бұқар теру, қақпа алаша, қар теру сияқты тоқыма тәсілдерімен қатар кежім тоқуды жақсы меңгерген шебер. Жүнді түтіп, шүйкелеп, иіріп, ширатып, тоқыма жіп түрлерін өзі дайындап ала береді.

Тек тоқыма өнерімен ғана шектелмейді, ойманақыш, бастырмалау, ши, түскиіздері мен кесте өнерінің де, табиғи жүннен жасалған кәде-сыйлардың сан түрінің шебері. Оның қазіргі заман талабына сай жасалған бұйымдарына сұраныс жоғары. Әр қолөнер бұйымының түстік шешімі, орындалу технологиясы жоғары сапаға ие.

– Мәселен, бір сөмкені үзіп-үзіп екі аптада тоқып бітіремін. Үзіп дейтінім, ЖОО-да беретін сабағым бар, той-томалағым бар. Осы өнерім мені жасартады. Жүн сабаймын, оны тараймын, шүйкелеймін, одан кейін қолыма қыстырып, ұршыққа салып, жіп иіремін. Бұл процестің бәрі де денені шынықтыруға жатады.

70-ке келсем де тіземе тұз жиналып, болмаса ауырып көрмеппін, - деді қолөнерші.
«Білмегенді көріп үйрен, білгеніңді басқаға үйрет», «Уықты басқұр ұстайды, елді дәстүр ұстайды» демекші, Бибажар апа жастарды жалқаулыққа салынбауға, осындай пайдалы істермен айналысуға әрі ата дәстүрді жаңғыртып, рухани баюға шақырады.

Айтса - айтқандай, Бибажар апаның бос жүрген кезін көрмейсіз. Қашан көрсеңіз де таудай тірліктер тындырып жүргені. Ісмерлік көрмелері мен конкурстардың бәрінде де ұлттық өнерді дәріптеп келеді. Қолөнердің арқасында АҚШ, Австралия, Вьетнам, Үндістан, Түркия, т.б. елдерге көрме қойып қайтқан.

Ал апамыздың үйіне именбей келіп, емін-еркін сұхбат алып, көрме залының қақ төрінен репортаж жүргізген шетелдік журналистер көп. Америка Құрама Штаттарынан келген Эдвард Кулаконслай деген журналист Бибажар Симованың авторлық «Хас шебер» атты кітабына жылы естелік жазып қалдырыпты.

Шын шеберде мін болмас

WhatsApp Image 2019-07-22 at 10.23.42 1

Бибажар апамызға қарап нағыз қазақ әйелінің прототипін көремін. Қолөнерлігі, ісмерлігі, іскерлігі өз алдына, отбасының да берекесін кіргізіп, ұршығын айналдырып келеді. Жолдасы Баян Симов көзі тірісінде апамызды «Биеке» деп өткен екен. Бүгінде «Ерін сыйлаған етекте қалмайды», «Жақсы әйел ері ұялатын іс қылмауы тиіс» деген сияқты қазақтың келелі сөздерін жадына тоқитын әйелдер кемшіндеу.

– Біз жолдасым екеуміз осылайша өте тату тұрдық. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, жеткіздік. Үйге дос келсе де, ағайын-туыс келсе де, құшақ жая қарсы алып, еш қабақ шытпаппын, - деп Бибажар ана отбасылық өмірінің сырын ағытты.

Бибажар Симова ешқашан жалғыз жүрген емес.

– «Қатарым көбейсе екен» деп Құдайдан тілеуші едім. Қазір, құдайға шүкір, қатарымыз көбеюде. Қазақстанның түкпір-түкпірінде, тіпті, шет елдерде де шәкірттерім көп. Жапырағым жайқалып, қанатым кеңеюде. Тәуелсіздік алғанға дейін біздің өнерімізді керек еткен ешкім болмады. Егемендікке қол жеткізгелі, Құдайға мың да бір тәубе, «кімсің, Бибажар» болып келемін, - дейді өзі.

Кәсіби қолөнерші өнерімен діңгегі мықты бәйтерекке айналды. П.ғ.д., профессорлар Сәуле Жолдасбекова, Бахтияр Ортаев, п.ғ.к. Айнагүл Ұзақова, киім дизайнерлері Эльмира Шермұханбетова, Раушан Төлегенова, Жадыра Исаева (гобеленші), Марат Ерімбетов сынды шәкірттері Симованың атын кеңінен шығарып жүр.

Бибажар Иманбекқызы осылайша Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ою-өрнек сияқты інжу-маржандарымызды бүгінгі заманауи тілде өз туындылары арқылы сөйлетіп жүр. Оның қолынан шыққан әр бұйымда қазақ халқында бұрыннан бар қошқар мүйіз, арқар мүйіз, толқын, бұғы мүйіз, сынық мүйіз, құс қанат, құс таңдай, қолтықша, тарақ, балта сияқты өрнекті оюлар тамаша тоғысқан.

...Кейіпкеріміз «қолөнер ежелгі маңызын жойды, жаңа шыққан технологиялардың салдарынан енді онымен шұғылданудың қажеті жоқ» деген пікірлерге қарсы халық қолөнерінің бай мұрасын сұрыптай отырып, заманға лайықты рең беріп, қолөнердің мәңгі өлмес мұра екенін дәлелдеп келеді.

Хас шебердің шығармашылық жұмыстарының қыр-сырына үңіліп, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеу кейінгі ұрпақ еншісінде. «Талантты тірісінде бағалайық, өлгесін өкінгеннен не пайда?» деп Кеңшілік ақын жырлағандай, дегдар өнерді дәріптеп жүрген дарабоз Бибажар 

Симованың бойындағы бар құндылығын жеткізсек деген ой біздікі. Ал жастар апамыздың өнеріне ынтық болса, тәжірибелі қолөнерші үйретуден жалықпақ емес. Әрі апамыздың сарқылмас энергиясынан энергия, жігерінен жігер алып қайтатыны сөзсіз.

Последнее изменение Среда, 24 Июль 2019 04:28
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.