Күнгейде қолөнер орталығы ашылмақ Избранное

Пятница, 26 Июль 2019 03:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4094 раз

Шымкентте бірегей қолөнер орталығы ашылады. Бұл туралы күнгейлік қолөнершілер мен алматылық «Qazaq Oner» ұлттық қолөнер орталығы мүшелерімен кездесуде айтылды.

Шымкент қаласының туризм басқармасы тарапынан жергілікті қолөнер шеберлеріне барынша жағдай жасалуда.

– Басқарма туризмнің стратегиялық рөлін жақсарту, Шымкент қаласында қолөнершілер мен кәдесый бұйымдарын жасайтын азаматтардың бизнесін дамыту, одан әрі ілгерілету және Алматы қаласының тәжірибесі негізінде қолөнершілерді біріктіретін шеберхана ашуды мақсат етіп отыр, - деді басқарма басшысы Тұрар Ахметов.

Кездесуде кәсіби мамандар кәсіпкерлер мен қолөнершілерге өз ісін ашып, дөңгелетіп алып кету үшін қажетті іс-шараларды, түрлі жеңілдіктерді түсіндіріп, ұсынды.
«1С-Битрикс Қазақстан» қамқоршылық бөлімінің жетекшісі Мөлдір Оспанова «Қолөнерді әлемдік деңгейде дамыту керек. Ол үшін интернет-сауданы дамытып, интернет-дүкен ашу қажет.

Мәселен, бүкіл Қазақстан қолөнершілер сайтының каталогын жасауға болады», деп, интернет-коммерцияның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталды. Әзірге елімізде 107 интернет-дүкен бар.
Бұдан бөлек, «Қазпошта» АҚ e-commerce менеджері Ерлан Нұрғожаев та интернет сауданың тиімді тұстарын «Қазпоштаның» мысалы негізінде түсіндірді.

Соңғы кездері компанияның электронды коммерция саласында қарыштап ілгерілегенін мысалға ала отырып, кәсіпкерлерді жаңашыл болуға шақырды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да отандық қолөнершілерді қолдауға дайын.

Палата менеджер-кеңесшісі Майра Балсүгірованың айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Субсидиялау және кепілдеме негізінде екінші деңгейлі банктер 14%-бен несие береді. «Бастау» бағдарламасы бойынша 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер 3 апта оқытылып, «Кәсіпкерлік негіздерін бітірді» деген сертификат беріледі. Көп балалы, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер және жас кәсіпкерлерге 505 мың теңгеге дейін қайтарымсыз несие беріледі.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « Дегдар өнердің дарабозы Шілдехана күзету »