Театрдың әр маусымы – бір тарих Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 637 раз

Қыркүйектің 17-жұлдызында Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры 86-шы театр маусымының шымылдығын түреді. Осы орайда театр директоры Қайрат Қарғабаев пен ұжымның көркемдік жетекшісі Тимур Ахметовке алдағы маусым жайлы бір-екі сауал қойған едік.

Каргабаев Кайрат

Жұмат Шаниннің ескерткіші бой көтереді

- Қайрат Жайлауұлы, 86-шы театр маусымы несімен ерекшеленбек? Көрерменге ұсынар жаңалықтарыңыз бар ма?

- Биылғы маусымның шымылдығын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған өлең шумақтарынан үзінді оқу эстафетасына орай «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауымен ашпақпыз.

Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – режиссер Республикалық «Еңлікгүл» және Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Қуандық Қасымов.
Көркемдік жетекшілікке Тимур Нұралыұлының тағайындалғанына бірнеше ай ғана болса, менің театрына басшылығына келгеніме екінші айдың жүзі енді болды.

Бұған дейін жоспарланған дүниелер ішінара өзгеріске ұшырауда. Бүгінде сырттан режиссер шақырып, өзгеше форматтағы қойылымдар қойсақ деген ниеттеміз. Көрермен көңілінен шыққан қойылымдарды алыс-жақын шетел театрлары мен басқа қалалардағы өнер ордаларында көрсету мақсатында келіссөздер жүргізу үстіндеміз. «Асатпай жатып құлдық» демейік, нәтижесін уақыты келгенде көре жатарсыздар.

- Келер 2020 жылы «Шымкент қаласы – ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанбақ. Бұл ауқымды шараға «Шанин» театрының дайындығы қалай?

- Жыл сайын республикалық, Халықаралық театр фестивальдері Қазақстанның басқа қалаларында өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін біздің Шымқалада мүлде өткізілмепті. Өз тарапымыздан мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысына келесі жылдың наурыз, сәуір айларында «ТМД елдерінің театр фестивалін» Шанин театрында өткізсек деген ұсыныс тастадық. Байқау аясында ТМД елдері драматургтерінің туындыларын көрерменге ұсынсақ деген ойымыз бар.

Мәдениет министрлігімен келісе отырып, сүбелі өнер фестивалі біздің Шымкент қаласында өткізілсе деген жоспарды қолға алдық. Неге десеңіз, біздің шаһарда бес бірдей театр бар. Оған ұжымымыздың шығармашылық, материалдық әлеуеті толық жетеді. Егер жүзеге асып жатса, бұл бастамамыз бауырлас елдерге деген сыйластық әрі шығармашылық қарым-қатынастың алтын көпірі болмақ.

Биыл театрымызға 85 жыл толып отыр. Мен басшылық қызметке келгенге дейін айтулы мерекені ұйымдастыру мәселесі кейінге шегеріліп жүріпті. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атануымызға орай бір күнді біздің театрға арнасаңыздар» деген ұсыныс білдірдік.

Бұған дейін театр ғимаратының алдынан қазақ театр өнерінің негізін қалаушы, Қазақстанның Халық әртісі, режиссер, драматург, Жұмат Шаниннің ескерткішін орнату туралы ұсыныс айтылған болатын. Бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылуда. Қалалық мәслихат депутаттары ұсынысымызды қолдап, оны жүзеге асыруға кәсіпкерлерді жұмылдырмақшы. Айтулы өнер тарланының ескерткіші орнатылып, жаңа репертуарлар дайындасақ, көрме залын жасақтасақ деген жоспарымыз бар.

- Бұл маусымда қызықты да маңызды жаңалық көп болатын секілді. Сырттан режиссер шақыру, басқа елдердің драматургтерінің шығармаларын сахналау, өзге қалалардың театрларын қонаққа шақыру, т.с.с. Ал сіздердің шығармашылық труппаның гастрөлдік сапарлары қай бағытта болмақ?

- Бұған дейін біздің шығармашылық ұжым Нұр-Сұлтан және Қызылорда қалаларына гастрөлдік сапармен барып қайтты. Алдағы уақытта Алматы, Жамбыл облыстарының көрермендері өнерімізді тамашаласа деген ниеттеміз. Бұдан бөлек, кәсіби мамандарды, театр сыншыларын арнайы шақырып, шығармашылық құрамға шеберлік сабағын өткізу де ойымызда бар.

Дыбыс режиссері, дыбыс операторы дейтін мамандардың жетіспеуі көп мәдениет мекемелеріне тән нәрсе. Оған оқытатын оқу орындары да аз. Біздегі бұл жұмысты атқарып жүргендердің дені әуесқой кадрлар. Президент Қ.Ж.Тоқаевтың Жолдауынан кейін театр қызметкерлеріне қамқорлық күшейсе, шаңырағымыз оқуды жаңадан бітірген жастармен толығар деген үміттеміз.

Біздің тәжірибелі әртістеріміз М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Өнер» факультетінің студенттеріне дәріс береді. Студенттер алған ілімін бізге келіп іс-тәжірибе жүзінде сахнадан өтеді. Қойылымдағы көпшілік авансценаларға қатысып, театр өмірінен тәжірибе жинайды.

Биылғы «Жастар жылына» орай, Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнінде жас әртістеріміз «Махаббат формуласы» атты сазды-лирикалық кеш өткізді. Бұл қойылым да көрерменін тауып, жақсы бағасын алды.
Енді аталған оқу ордасымен меморандум түзіп, ойға алған жоспарымызды жүйелесек деген ойдамыз. Бұдан бөлек ОҚМУ-дің студенттерімен штаттан тыс жұмыстар жүргізсек, режиссерлік лаборатория ашсақ деп отырмыз.

Көрерменнің басты талабы – жақсы қойылым

IMG 0246

Театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Ахметов жаңа 86-маусымның ерекшеліктеріне шығармашылық, көркемдік тұрғыдан жауап берді.

- Жаңа басшымыз Қайрат Жайлауұлы екеуміз үшін бұл – алғашқы маусым. Сондықтан оның жауапкершілігі өте жоғары. Жаңа маусымға қызу дайындық үстіндеміз. Әлгінде айтылғандай, театр маусымы «Желсіз түнде жарық ай» қойылымымен ашылмақ. Бұл әдеби-музыкалық шара Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы кезінде ақын шығармаларының желісімен сахналанған.

Аталған спектакль уақтысында репертуардан түскен. Белгілі бір себептерге байланысты үш жылдан бері тоқтап қалған болатын.

Жұмыстан шыққан бір-екі актерлеріміздің орнына актерлер қосып, сол декорация, сол режиссуралық шешіммен қайтадан сахналадық. Абайдың көңіл толқытар өлеңдері, шығармалары, әндері, Абай мен Тоғжанның махаббаты кез келген көзі қарақты көрерменді бей-жай қалдырмайтыны рас.

Жалпы бұл маусым несімен ерекшеленеді? Қазақстанның халық әртісі, профессор Ерғали Оразымбетов бірнеше жыл бойы «Шанин» театрының көркемдік жетекшісі, бас режиссері, директоры қызметтерін атқарған кезеңде қойған бірқатар спектакльдері кезінде көрермен көзайымына айналғаны белгілі.

Ол туындылар уақытында театр байқауларында жүлделі орындарға ие болып, театрымыздың мерейін үстем еткен кездері аз емес. Алайда он шақты жылдан бері ол спектакльдерде ойнаған актерлердің жастары есейіп кетуіне байланысты және басқа түрлі себептермен репертуарға енбей келген. Енді көрермен сол «жоғалтып» алған қойылымдарымен қайта қауышпақ. Соның бірі – әкемтеатрдың талантты режиссері, білікті маман Әубәкір Рахымовтың «Бес бойдаққа бір той» (авт. Тынымбай Нұрмағамбетов) комедиясын қайыра өңдеп, жаңа маусымда көрерменге ұсынбақпыз.

Кезінде театр сахансында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовқа арналған екі спектакль қойылған. Бірі – Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы», екіншісі марқұм Әбілда Аймақтың «Шәмшінің сағынышы». Осы екеуінің біреуін қайтадан көрерменге ұсынатын боламыз.

- Байқаймыз, «Шанин» театры да өткенді тірілтіп, рухани жаңғырып жатқанға ұқсайды. Дей тұрғанмен биыл жаңа спектакль көре аламыз ба?

- Биылғы маусымда атқарылатын жұмыс шаш етектен. Жылдың соңына дейін бір комедия және бір көңілді мелодрама сахналауды жоспарлап отырмыз. Бұйыртса, қазан және қараша айында екі жаңа қойылымды тамашалайтын боласыздар.

Театрымыздың репертуарына Қазақстандағы белді режиссерлердің қолтаңбасы қалатын татымды еңбектер енгізсек деген мақсатымыз бар. Материал таңдауда көрерменнің ішкі сұранысына жауап беретін дүниелерді іздестіріп жатырмыз. Өйткені, қазір театр мен көрерменнің арасын көзге көрінбейтін алшақтық бөліп тұрған сияқты.

- Иә, ол алшақтық бүгін пайда болған жоқ. Қазір театрға көрерменнің келуі қалай?

- Әр кезде әрқалай. Бұрындары залдың жартысы әрең толатын. Оған бірінші себеп ғимаратымыздың қаланың орталығынан Нұрсәт шағынауданына ауысқандығы деп ойлаймыз.

Қазір, құдайға шүкір, Нұрсәтте де тұрғындар көбейді. Алдыңғы жылдары біз автопарктермен арнайы сөйлесіп, кешкі сағат 20.30-ға маршрут қойдыратынбыз. Бүгінде кешкілік қойылымнан шыққан соң үйге қайтатын қоғамдық көліктер қатары көбейді. Әкімдіктің бұл бағыттағы жұмысы бізді қатты қуантуда.

Сең қозғалды. www.ticketon.kz сайтымен келісімшартқа отырдық. Енді билетті онлайн түрде сатып алуға мүмкіндік бар. Көрерменнің басты талабы – жақсы қойылым, ұтымды режиссура, сәтті драматургия және әртістің шеберлігі. Театр өнерінің синтездік табиғаты төрт жағы тең болса, көрермен қай уақытта болса да табалдырығымызды босатпайды деп ойлаймын. Биылғы маусымнан үміт көп деп отырғаным да сол.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « ЗАЛЫМДАР Өнерпаздың он қолы бар »