Көрші елден көрген кереметтер Избранное

Среда, 16 Октябрь 2019 04:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 779 раз

Мәлім де беймәлім Өзбекстан туралы әртүрлі әңгімелер айтылады. Тарихы терең Ташкент, сырлы Самарқанд, бақ қонған шаһар Бұхара сынды үш көне қаланың әрқайсысы тұла бойы тарих пен тағылым тұнған жерлер. «Мың естігеннен бір көрген артық» дейді атам қазақ. Жуырда «Достық» керуенімен көрші елдің көрнекті үш шаһарын аралап қайтуға жолымыз түсті. Сонымен...

314

 

Берекелі бейсенбінің таңында Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратына бір топ делегат жиналдық. Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі М.Қалмұратов бастаған экскурциялық тобын SilkWay Халықаралық университетінің президенті М.Юнусов сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Саяхатшы 35 адам үш көлікке жайғастық та, сапарға бет алдық. Бағытымыз – Ташкент.
Хош, Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында үш күндік сапарымыз басталды.

 

313

 

Жақсыны – көрмекке...

Күн найза бойы көтерілген уақытта шекарадан астық. «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы өтіп, Ташкентке беттедік. Бұл жақтағы әрбір күніміз, сәт, сағаттың бәрін ұйымдастырушылар жоспарлап қойған екен. Бағдарламаға сәйкес, алдымен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінде қазақ диаспорасымен кездестік. Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Амангелдіұлы жылы қабыл алды. Қазақстанда білімге құмар, жаңашылдықты жатырқамайтын, талапты жастар үшін ашылатын есік көп екені, мүмкіндіктердің молынан болатыны сол кездесудегі әңгімеге арқау болды. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың дамуы жөнінде пайымды пікір айтылды. Емен-жарқын әңгімеден соң, қазақ халқын ынтымаққа ұйыстырған Төле би бабамыздың кесенесіне бет түзедік. Алдымен ұстазына, содан соң «Жас адамға басты кесір – еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір – тілазарлық, кежірлік» деп кеткен баба рухына арнап Құран бағышталды.

Төле бидің басына қойылған ақ мәрмәр тастағы қазақ әріптерімен жазылған «Тәңірім қазаққа ерлікті де, елдікті де, даналықты да берген» деген сөзі көзімізге оттай басылды. Ақыл-ойға кемел, жөн-жобаға білгір, дана жанның ардақты істерімен, асыл қасиеттерімен, асқан әділдігімен, кемеңгерлік ғибрат-кеңестерімен, «даналық шешімдерімен» қазақ елін көркейтуге бар қажыр-қайратын жұмсағанын осы екі қатар сөзден-ақ ұққандай болдық.
Бұл күндері қазақ жұртының ғана емес, күллі түркі халқының тәу ететін киелі орнына айналған Шайхантаур мазаратына жерленген Төле би бабамыздың кесенесін Өзбек үкіметі арнайы қорғауға алыпты.
Зияраттағы имам-шырақшы Атамұрат Тұрсынов кесенеге реставрация соңғы рет төрт жыл бұрын жасалғанын, толықтай мемлекет бақылауында екенін айтты. Оның сөзінше тәу етіп, зиярат жасауға келетіндер жыл санап көбеймесе, азайған емес.
Түстеніп алған соң, тағы жолды жалғастырдық. Жол бойы жағалай егін алабы, қаз қатар тізілген ағаштар. Ақ алтын алқабы да ерекше көздің жауын алып, жайқалып тұр. Қысқасы бос жатқан жерді көрмейсің. Осыдан-ақ өзбек халқының еңбекқор екенін біліңіз. Жол бойында электр бағанасына ұя салған ләйлек құсын көрдік. Олар өз «Отандарын» биікке салады екен. Тағы бір байқағаным ауылды жерлерде де біркелкі соғылған үйлер көп. Қанық қызғылт түске боялған тұрғын үйлердің бой көтергеніне көп бола қоймағаны көрініп-ақ тұр. Ара-тұра жүргізуші бірер уақыт аялдап алады. Сөйтіп, 300 шақырымды артқа тастап, бес сағат дегенде Ташкенттен Самарқандқа да жеттік.

 

316

Самарқанд кеші

Ымырт жабылып, қас қарайған кез Самарқанға табан тіредік. Самарқанд кешінің өзі сұлу болып тұрды. Бір мейрамханада кешкі ас берілді. Өзағамның көк шәйі мен самсасын ерекше атап өту керек шығар. Сервистік қызмет жақсы екені көрініп тұрды. Қонақ үйге жайғасқан соң, қараңғы түскеніне қарамастан бірнеше жігіт Регистанды көріп қайтуға шықтық. Ол біз аялдаған маңға жақын екен. Алайда жарық-шамдар біз барғанда сөніп тұрды. Аралауды ертеңге қалдырып, таза ауада шамалы жүріп кері қайттық.
Осылай сапарымыздың екінші таңы атқаннан қала аралауға жоспар құрдық. Аудармашы-гид жалдаған екен. Жас шамасы отыздағы жігіт басымызды қосты да орысшалап сайрай жөнелді. Зияратты Регистаннан бастадық. Регистан дегеніміз – Ұлықбек кесенесінен, Шердор медресесінен және Тіллә Қари медресесінен тұратын ортағасырлық архитектуралық кешен. Медресенің үшеуі де әр түрлі мезгілде тұрғызылып, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасы ретінде жеткізілген. Біз барғанда адам қарасы қалың болды. Барлық кесенеде қолөнер бұйымдарын саудалайтын орындар ашқан. Олардың бірінде қолөнер шеберлері сурет кескіндеп отырғанын да көз шалып қалды.

315


Орталық Азияның өзге қалалары секілді Самарқанд та екі бөлікке бөлінген: жаңа қала және көне қала. Жаңа бөлігі қаланың білім беру және мәдениет орталығы деп танылса, көне шаһар тарихи ескерткіштер мен дүкендерге, сауда лашықтарына және көне ғимараттарға толы. Туристерге арналған саяхаттар көбіне көне қалада өткізіледі. Жүзден аса ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірген шаһарда жалпы саны 500 мың адам тұрады. Тұрғындарының саны мен көлемі жөнінен Өзбекстандағы екінші үлкен қала саналады. Қалада мейрамханалар мен қонақ үйлер көп екен.
Келесі ат басын арнайы бұрған қасиетті орын - Әмір Темір кесенесі. Жарты әлемді жаулап алып, үш құрлыққа әмірін жүргізген, 34 жасында таққа отырған атақты Ақсақ Темірді жұртшылыққа таныстырудың қажеттілігі де болмас. Бізді таңдандырғаны - кесене тарихы. Таныстырушы жап-жас өзбек жігіті әр сөзіне екпін сала сөйлеп, тыңдаушыны еріксіз өзіне қарата әңгімелеп келеді. Өзі өзбек болғанына, осы жерде жүргеніне мақтаныш сезімде екенін де жасырмады. Кесенені жаңғырту жұмыстары, құран аяттарын кесене қабырғаларына алтындап жазу жұмыстарына төрт келіден астам алтын жұмсалғанын да айтып өтті. Кесенеге кіре берісте даңқты қолбасының жаулап алған жерлерінің картасы қойылған. Бармаған, алмаған жері қалмаған екен. Ал, баршаға жария суреті аңыз бойынша салынған. Сталиннің тапсырмасымен антрополог Герасимов жетекшілік еткен топтың қабірді ашып, бас сүйегін зерттей отырып жасаған нақты портреті өзгешелеу екен. Оны да бізге көрсетіп, «өмірде, бизнесте, тағы басқа жағдайларда жолыңызды ашады, күш-қуат береді, Мәскеуден келген бір адам, осылай да осылай, жоспарлаған карьерасына жылға жетпей қол жеткізген» деп, басқа да жайларды айтып, сатып алуға қолқалады. Суретті жертөледе орналасқан дүңгіршектегі сый- кәделермен бірге саудалауға қойыпты. Делегат мүшелерімен шетелдік туристер де іші-сыртында суретке түсіп жатты.
Тарихи ескерткіштердің қайсысына барсақ та бәрі жаңа, әдемі, жақсы сақталған. Он ғасырдан бергі соншама дүниелер біздің заманға қалайша мұртын бұзбай жеткен деген сұрақ еріксіз ойға оралды. Бар мәселе мемлекеттің қамқорлығы мен назарында екен. Өзбекстан 1996 жылды Әмір-Темір жылы деп, атап ірі реконструкция жұмыстарын жүргізуге мол қаражат бөлуді дәстүрге енгізеді де, ЮНЕСКО-ның халықаралық конгрестерін ұйымдастыруды бастайды. Көп ұзамай 60-тан астам мәдени ескерткішін Юнесконың мәдени мұрасының тізіміне енгізеді. Соның арқасында әсіресе, Еуропадан ағылған туристер ел қазынасына миллиондап қаржы құюмен қатар, бұл елді Орта Азия тарихының алтын бесігі ретінде қабылдап үлгерді.
Қасиетті жұма күнгі сапарымыз жартысына таяды. Ерлер қауымы жұма намазын өтеуге асықты. Ал қалған бөлігі базар аралауға ниетті едік. Гид-аудармашы бізді Суяб базарына бастады. Базарлары үлкен екен. Кәде-сыйлар сататын дүнгіршектерін аралап, қажетімізді іздеуге кірістік. Саудагерлер пысық. №5 дүкенге кіріп едім, жасы елулер шамасындағы әйел отыр екен. Өзбекше білетінімнің көмегі тиді. Мейілінше саудаласып, қалаған заттың бағасын түсіріп алдық. Бір қызығы әлгі апай ағылшынша, орысша үш тілге судай екен. Келушілердің сұрағына мүдірмей, сұраған затының бағасын айтып, әзілдесіп күліп те қояды. Бұл да, болса ала тақиялы ағайынның сауданың мәнін білгеннен болар деп түйдім. Сырлы Самарқанның базарын шарлап жүргенде түс те өте шықты. Күн шыжып тұр. Көлігімізге мініп, түскі асқа қаланың орталық дәмханасына бардық. Әкелген тағамдары тіл үйіреді. Мейрамхананың іші-сырты да ұлттық нақышта безендірілген. Келушілер дән риза.
Кеш ауа әл-Бұхари кесенесіне жеттік. Кесенеге кіреберіс жолды бойлай жайма базары бар екен. Тегін кіргізбейді. Билет алып кіру керек. Жергілікті халыққа теңгемен есептегенде 50 теңге, ал шетелдіктерден әжептәуір ақша сұрайды. Бізді ұйымдастырушылар өздері есептесіп, кіргізді.
Имам Бұхари кесенесінің аумағы әжептәуір үлкен екен. Мешіті мен мұражайы да бар. Алдымен қабірге жақындадық. Кесене басында гид бар даусымен түсіндірме айтып тұр.
Құран оқымақ болып жайғаса бергенімізде шам намазына азан айтылды. Азанның дауысы ерекше естілді ме бөлек әсер қалдырды. Шырақшы Құранын оқып, Имам Бұхаридің өмір жолы туралы тағы да әңгіме өрбітті. Біз де өз тарапымыздан хадис білгірі имам Бұхариге Құран бағыштадық. Мұражайына бас сұқтық. Қызметкері ондағы заттарды мұсылман елдерінен келген сыйлықтар деп таныстырды. Оның айтуынша, ең бағалы сыйлық Меккедегі Қағбаның сыртына жапқан жамылғының үзіндісі. 2 метр қара матадағы жазулар алтын және күміспен өрілген. Ендігі бағытымыз – Бұхара. Жолшыбай Шақар деген елдімекенге аялдадық. Үлкен дәліз жолдың бойынан дәмхана ашқан отбасының ұсынған дәмін таттық. Түнделетіп межелі нүктеге жеттік.

Туристер көз тіккен мекен

Бұхара Самарқанға ұқсамайды. Мұндағы ескі шаһар қуыс жолдарымен ерекше. Сәулеті жағынан ұқсаса да Самарқандтың жөні бөлек. Өзбекстанға саяхат жасаушылардың көбіне осы шаһар ұнайды. Неге-дүр, кеткің келмейді, бір сиқыры бар. Бұқараның базарын көргенде аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Орта ғасырда жүргендей сезінесің. Бір қызығы АҚШ, Германия, Малайзия, Франциядан келген туристердің көбі дерлік егде жастағылар.
Өзбекстанның көне қаласында 100-ден астам медресе, әр кезеңнің түрлі сәулет стилінде мешіттер, мавзолейлер мен бекіністер және өзбек шахтарының сарайлары сақталған. Орта Азияның мәдениетімен, тарихымен, халқының тұрмыс-тіршілігімен танысуға кірістік. 500 жылдық ағаш пен Бұхарада өте сирек кездесетін қолдан жасалған су айдынын аралаудан бастадық. Жергілікті халық ол жерді Ләбі Хауыз деп атайды екен. Ләбі Хауыздың айналасына Нәдір Диван Бегі мен Көкілташ медреселері орналасқан. Одан бөлек, су айдыны жанында Өзбек фольклорында жиі кездесетін кейіпкер Қожа Насырдың есегіне мінген монументі орнатылған аллея бар. Ал Бахауиддин Нақшбанди көшесімен орта ғасырда жүргендей серуендеп, әртүрлі саланың ұсталарымен, олардың ұлттық өнер үлгісін жасау әдісімен таныстық.
Мен жұмыс істеп тұрған медресе мен мұнараны көруге асықтым. - «Кәлән» мұнарасы қаланың ең биік ғимараттарының бірі. 46,5 метр,-деді гид-аудармашымыз. Бұхарада 100-ден астам медресе бар екені жайлы жоғарыда айтып өттік. Солардың ішінде ерекше көзге түсетіні – Мір-і Араб.
Аталмыш оқу ордасы – бүгінде Бұхарада істеп жатқан жалғыз медресе болып саналады. Төрт жыл діни дәріс алатын орталықта бүгінде 120-ға жуық шәкірт оқиды екен. Медреселердің барлығы жабылып, ғимараты басқа мақсатта пайдалануға берілген. Бір қызығы мұндағы мешіттер бөлінеді екен. Бес уақыт намазды оқуға бір мешіт болса, екіншісіне жұма намазын өтеуге баратын көрінеді.
...Үш күндік сапарымыз аяқталып, үлкен әсермен елге оралдық.

Түйін.

Біз барған қалалар нағыз туристердің мекеніне айналған. Қонақ үй мен мейрамханалардағы сервистік қызметте мін жоқ. Бұл елде таксишілер тек сары түсті көлікпен жүреді. Кәдесый сататын дүңгіршектеріне дейін терминал қолданады. Саудагерлерден бастап халықтың басым бөлігі үш тілді меңгерген. Бізді алып жүрген гид-аудармашы Мехри Болтаеваның өзі 6 тілге судай ағып тұр. Ал біздегі жағдай қандай? Шымкент те шежіреге бай, 2200 жылға жуық тарихы бар шаһар. Бірақ біз тек соны айтып, туристерді тарта аламыз ба? Жуырда осы салада атқарылған жұмыстарды қалалық мәслихат депутаттары қабылдамағанын ескерсек, туризмге бөлініп жатқан қыруар қаражат желге ұшқандай көрінеді. Ал қасиетті орындар мен тарихи ғимараттардың жайы мен қызмет көрсету сапасы сын көтереді деп айта аламыз ба? Бұл қарқынмен туризмнің туын желбіретуге қауқарымыз жете ме екен? Әлде 430 метрлік Арбатпен мақтанамыз ба?! 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкент туристерді несімен қызықтыра алады? Бұл сұрақ бәрімізді ойландыруға тиіс.

Шымкент – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Шымкент
Суреттерді түсірген Асхат Әссанди

Последнее изменение Среда, 16 Октябрь 2019 04:14