Коллекциясында 500-ден аса кілем мен алашасы бар Избранное

Среда, 13 Ноябрь 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 502 раз

Миллионды қаладан сан түрлі кәсіп иесін, елден ерекшеленген кейіпкерлерді де жиі кездестіріп жатамыз. Бұл жолы қазақтың тоқылған кілемдерін жинаушы әрі насихаттаушысы Дана Бектаева турасында әңгімелекпіз. Сұхбат барысында коллекционер он жыл бойы 500-ден астам кілем мен алашаға қалай қол жеткізгенін айтып берді.

 DSC0488

Бала жастан есепке жүйрік болып, геометриялық кескіндерге ерекше көңіл бөлген Дана Ерікқызы мектеп жылдарындағы әр жазғы демалысын ата-әжесінің ауылында өткізген екен. Онда уақытын пайдалы іске жұмсапты. Үйренгенінің бірі – кілем тоқу. Қызығушылықтан туындаған ықыласы қолөнерге ауып, өсе келе өмірі өнермен өріліпті.

– Қазір жасым қырықтан асты. Үш перзентім бар. Тұңғышым тұрмыс құрып, немеремді бауырыма басып әже атандым. Мектеп оқып жүрген шағымда әжем кілем тоқуды үйреткен. Кейін ұмыт болып кетті. Ата-анамның қалауымен медицина саласына оқуға түстім. Соғыс майдангері атам да дәрігер болған. Соңғы он жылдан бері өнерге бет бұрдым. Бастапқыда балаларға арнап ертегі жазатынмын.

Ол ресейлік сайттарда жарияланып, ағылшын және француз тілдеріне аударылды. Кейін келе қазақтың қыз-келіншектері мен асыл аналарымыз тоқыған қолөнер бұйымдарын зерттеуге көштім. Бұл бір жан рахаты. Әр кілем қайталанбас әсер сыйлайды. Тарихтан сыр шертеді. Кейбірінің жыртылған жері бар. Кілемдер сол жыртығымен бағалы, – дейді Д.Бектаева.

Ұлттық дүниелерге әуес Дана құнды кілемдерді еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын мемлекеттерден жинағанын айтады. Денін Сыр өңірінен тапқан. Қызылорда облысында қазақы кілемдер көптеп сақталған көрінеді. Ал алашаларды негізінен Ақтөбе өңірінен алған. Кілем беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі тым күрделі көрінеді.

Дегенмен ол әр сызықтың, түр-түсінің айтар ойын жақсы ұғынады. Кілемдерге салынған ою-өрнектерді дамыған технологияның өзі тоқи алмайды. Ал сол жазу, сызу жоқ кездің өзінде бір сызықтың бойына өрнектердің тінін тайдырмай сала білген апа-әжелеріміздің шеберлігіне таңдай қақпасқа болмайды.

– Үйімде жинаған коллекциямның бір бөлігі тұр. Шамамен жүзден асады. Ал қалған кілемдерді қоймаға сақтадым. Арасында 19-ғасырға тиесілісі де бар.

 DSC0435

Арнайы альбом жасап, барлық кілемдердің фотосуреттерін салдым. Кілемдердің барлығы нөмірленген. Қайдан алынғаны және атауы көрсетілген. Бірақ көп қолөнер бұйымдарындағы бейнелер толық зерттелмеген. Соңғы уақытта тарихшылардың айтқандары мен ғылыми зерттеу жұмыстарын салыстыра келе кейбір бейнелерге анықтамалар жазып жүрмін. Оны әлеуметтік желілердегі парақшамнан оқуға болады. Кілем іздеп, алыс-жақын елдерге саяхат жасап та қайттым.

Ирандағы кілем музейінен ерекше әсер алғаным бар. 14 мың экспонат жасақталған. Онда қазақ кілемдерінің бұрышын кездестіруге болады. Жылға жуықтады арнайы мұражай ашып, өзім жинаған ата-бабадан мұраға қалған дүниелерді өткізсем деп шыр-пыр болып жүрмін. Бұл ұсынысымды хат түрінде Мемлекет басшысына жолдаған болатынмын. Бірақ әлі жауап алмадым, – дейді коллекционер.

Ал Ғ. Иляев көшесінде орналасқан №40 көпқабатты үйдің тұрғындары Дана Ерікқызын ерекше құрметтейді. Ол ата-анасынан мирас болып қалған пәтерге қайта қоныс аударғалы ауласын абаттандыруды қолға алған. Өнерлі жан аулаға гүлдер отырғызып, қазақи бұрыш жасаған. Тіпті, кіреберіске мүсін де орнатқан. Коллекционердің сөзінше, бұл – «Перизат ана». Әлемді жамандық атаулыдан қорғайтын ана деп біледі.

– Бірінші гүл егіп, ауланы тазарттым. Кейін ою-өрнектермен безендірдім. Мұндағы суреттер қорған болсын деген мақсатта салынған. Тап осындай суреттерді бұрынғы киіз үйдегі кілем-алашалардан көруге болатын. «Жайсаң төсеніш, ілсең үйге сән береді» деп қарайтын әжелеріміздің қатары азайды.

Кілем тұтынатын отбасылар сирей бастады. Тіпті, қайсыбір шақтарда оны бір-біріне сыйға апаратын. Себебі, сыйдың төресі саналды. Қазіргі күні көбіне жұрт оны тек қыздың жасауына қосатын болды. Бәрін айт та бірін айт. Осылай жасап жүріп, сөз де естігенім бар. Жақында бірінші қабаттағы көршіміз үйін сатуға бекіді.

Пәтерді көруге келген азамат менің жұмысымды қоқысқа балапты. Кім болды екен деп сұрап, мемлекеттік қызметте істейтінін білдім. Қазақы болмысымызды қоқысқа теңеп, танып біліп алмай жатып, маған тіл тигізгені қатты көңіліме батты. Жұрттың еңбегін бағаламайтын адамдарға қарап қарным ашады, – дейді ол.

Дана Бектаеваның айтуынша, ұлттық құндылығымызға бізден гөрі шетелдіктер көп қызығады. Туыс халықтардың тыныс-тіршілігіне зер салып көрелікші. Түркімен кілемінің атағы талай жерді шарлады. Алғаш 1869 жылы түркімен шеберлерінің жәдігері Санкт-Петербургтегі көрмеде бәйге алыпты. Содан бері Еуропа жұртшылығы олардың осы бір құнды дүниесіне жоғары баға береді.

Деректерге сүйенсек, Иран мемлекеті соңғы 8 жылда бір ғана кілем саудасынан 17 млрд доллар көлемінде табыс табады. Оны америкалықтар, жапондар, ресейліктер белсенді түрде сатып алады екен. Ирандықтар алдағы уақытта бұл саудадан түсетін табыс еселене береді дейді. Қолөнер шеберлерінің саудасын қыздырып жүр. Шет елдіктер бағасына қарамай сатып алады. Өзіміз ше? Төл дүниемізді қаншалықты бағалап жүрміз.

Дана Ерікқызы нарықтағы қазақ кілемдерінің бағасы төмен екенін де жасырмады. Оның айтуынша, тоқылған кілемдер 2 мың АҚШ долларынан басталады. Ал ескілерінің құны арта түседі. Мысалы, 15-20 жыл бұрын тоқылған кілемдерді 30- 40 мың долларға алуға болады.

Коллекционер қазір кілем тоқуда бұрынғы заңдылықтар сақталынбайтынын айтады. Мысалы, суреттерді орналастыру, кескіндеуде көптеген айырмашылық бар екен. Бұл кілемнің бағасына да әсер етеді-мыс. Яғни, кілем алушы сапасын ғана бағалап қоймай, тіпті бейнесіне де назар аударатын көрінеді.

– Басты мақсатым – қазақтың өнері, қазақ аналарының жанын салып тоқыған еңбегі кілеммен бірге өшпесе, өлмесе деймін. Бірақ жалғыздың үні шықпас. Менің үніме құлақ түріп, басшылар мен ел ағалары қолдау көрсетіп, музей ашып сонда жинақтасақ нұр үстіне нұр болушы еді. Барлығын сатып жіберуге де болады. Бірақ бұл тарих қой.

Сонау бағзы замандарда намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп сан тарауға бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп екі-ақ түрі бар деп жүрміз. Ою-өрнекті әсем кілемдеріміз наурыз мейрамында киіз үй жабдығында ғана пайдаланылатын экспонатқа айналып бара жатқаны өкінішті,– дейді Д.Ерікқызы.

P.S

Отандық өнімді насихаттауға үгіттеп, қолдауға шақырған басшылар қазақтың ұлттық құндылықтарына келгенде үнсіз қалатыны несі?! Сан ғасырлар сорабынан сыр шертетін тарихи дүниелердің бары үлкен қуаныш емес пе?! Ал кілем музейін ашу бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені түсінікті. Сондықтан да Дана Бектаеваның алдағы уақытта ұлтымыз, ұрпағымыз үшін маңызы бар жобаның жерде қалмайтынына сенімі бар. Оны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу үшін аманатқа қиянат жасалмаса, қаншама еңбекпен жиналған дүние далада қалмаса екен деген тілегі бар. Заманның брендімен өмір сүріп жүрген жандар шетелдің дүниесін тықпалап әлек. Ал, олар кейінгі өскелең ұрпаққа не береді? Сол жағын ойлап көрдік пе екен...

Фото авторы
Серік ҚОСАЕВ

Другие материалы в этой категории: « Тұғыры биік тұлғалар Құн жетпейтін қолөнер »