Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» Избранное

Среда, 28 Октябрь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 330 раз

Ханбибі Есенқарақызының 12 жылдық елеулі еңбегі

Алаш белсенділері құрған қоғамдық-саяси «Ақ жол» газеті – 1920-26 жылдары шыққан. Алғашқы редакторы – Сұлтанбек Қожанов болды. Газетте Н.Төреқұлов М.Дулатов,
Х.Досмұхамедов, И.Жансүгіров, А.Байтұрсынов және басқа да көптеген қазақ зиялыларының Түркістан, Қазақ АССР өмірі мен оқиғалары туралы материалдары жарияланған. Бір ғасыр бұрын халқымыз кеңес империясының құрамында болса да, ұлт үшін өзекті мәселелерді осы басылымның бетінде көтеріп отырды. Ұлт мүддесіне қызмет еткен басылымның жарық көрген сандарын, ондағы материалдарды жинауды 2008 жылы қолға алған ақын, қоғам қайраткері Ханбибі Есенқарақызы бұл ізденісті жұмысқа 12 жыл уақытын арнады.

610

Жарық көрген 6 жылда «Ақжолдың» 613 саны шыққан екен. Басылымның барлық санын табу үшін ол Қызылорда, Орынбор қалаларына сұрау салып, Мәскеу мен Алматының, Ташкенттің кітапханасы мен музейін аралап шыққан. «Ақ жолдың» 60 пайызын Мәскеуден алдыртқан.
– Алаш зиялылары «Ақ жолды» шығаруға бар жанын салған. Сол арқылы қазақ басылымын жаңа сапа мен сатыға көтерген. Бұл газетті қазақ зиялыларының артында қалдырған аманаты деп айтуға әбден болады. Оған жәй ғана мерзімдік басылым емес, қазақтың қоғамдық ой-санасына қызмет еткен басылым ретінде қарауымыз керек. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы да – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы идеологиясын жасаған басылымдар. Егер бұл басылымдар болмаса, ХХ ғасырдағы өзгерістердің болуы екіталай еді. «Айқап» та, «Қазақ» та, «Ақ жол» да – ғажап феномен, құбылыс. Біз 1925 жылға дейін қазақ жерінде болған өзгерістерді осы «Ақжол» газеті арқылы жан жақты терең зерттей аламыз. Оның бағалылығы осында. - деді онлайн-жиында сөз алған тарихшы Мәмбет Қойгелді.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов «мұндай құнды кітаптардың көп томдығы тарих пен әдебиетті оқытатын оқу орындарында қолжетімді болса, біздің қоғамдық санамыздың дамуына қосар үлесі сүбелі болар еді» деген пікірін айтты.

611


«25 томдық аса іргелі еңбекті шып-шырғасын шығармай оқырманға ұсынған Х.Есенқарақызына алғысымыз мол. Бұл еңбекте әлі де өзектілігін жоғалтпаған мақалалар өте көп. Бұл басылымда отарлаудың тарихы мен шежіресі тұнып тұр», - деді ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мұндай ғажап ақыл-ойдың ұлттық қазынасына айналған кітаптардың шығуымен бірге оқылуы да насихатталуы керектігін алға тартты. Ол үшін оқырмандардың кітап оқуына жағдай жасап, кітапханаларды модернизациялау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын да тілге тиек етті.
«Ақжол» газетін жинақтап жарыққа шығарушы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры, әдебиеттанушы-тарихшы ғалым Сұлтан-хан Жүсіп: «Ақ жол» газеті ХХ ғасырда бүткіл БАҚ-тың рөлін атқарды. Ол – халқымыздың шежіресі, айнасы. Біз арғысын айтпағанда, ХХ ғасырдағы тарихымызды жақсы білмейміз. Себебі, көп архив құжаттарына қол жеткізе алмай келеміз. Мысалы, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы архивтің біршама қоры өртеніп кетті. Оның ішінде өкінішке қарай «Ақ жолдың» да біраз бөлігі күлге айналды. Х.Есенқарақызы ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің арқасында осынау бағалы еңбекті бүгінгі ұрпаққа тарту етіп отыр», - деді Сұлтан-зан Аққұлұлы.
Иә, Х.Есенқарақызы елімізде аналогы жоқ «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде зейнетке шыққаннан кейін де жұмысын жалғастырған еді. Көпен Әмірбек айтқандай, «тарихымыз шаңның астында қала ма деп, зейнетке шыққан соң да 10 жыл қызмет атқарды».
«Ақжолды» жинақтауға кіріскенде экс мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамеди: «Ханеке, сіз 200 адамы бар институттың істейтін жұмысын істеп жүрсіз. Қалай осыған тәуекел еттіңіз?» деп таңқалған екен..
–Көбіміз «Тәуелсіздік маған не берді?» деп ойлаймыз. Ал «Тәуелсіздікке мен не бердім?» деп ойлай бермейміз. «Менің тәуелсіздікке берген еңбегім,
Қазақстанның қоржынына салған олжам осы» деп көңілді бір демдеп отырған жайым бар. Бұл кітаптың жарыққа шығуына 12 жыл өмірімді бердім. 1920-26 жылдардың аралығында қазақ зиялыларының үлес қосуымен шыққан «Ақ жолдың» алғашқы редакторы мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың репрессияға ұшырап, атылып кеткенін ел жақсы біледі. 6 жыл бойы шығып тұрған басылымға осы уақыт аралығында 13 адам редактор болыпты. Оның ішінде Жүсіпбек Аймауытов та бар.

1920 жылдар Кеңес өкіметінің орнауы, қара шекпенділердің басып келуі, шекарамыздың өзгеруі, ашаршылық, репрессияның белең алған кезі. Қазақ өмірінің таза мазмұнын беріп, халыққа жеткізіп отырған газетті Алтайдан көшіп келген Ғалымбек Ерубай мен тағы бір жігіт екеуі төте жазудан аударды, - дейді Ханбибі апамыз.

612


Сөзімізді Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Қожанованың ойымен түйіндегіміз келеді. «Ақ жолдың» 25 томдығын халыққа ұсынған азаматтардың ерлігі, патриоттық борышын ақтағаны деп білемін. Тұтас бір институттың жұмысын атқарғандай болыпты. Алаштың асылы Сұлтанбек Қожанов атамның 125 жылдық мерейтойына қосқан айрықша үлесі деп білеміз. 1926 жылы «Ақ жол» Сталиннің қаһарына ұшырады. Көсем «ақ гвардияшылардың идеологиясын жариялайды» деп айыптап, газетті жаптырды. Бірақ, Бірімжанов жазғандай: «Ақ жол» – біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз» ретінде жүрегімізде қалды. Қайраткерлеріміз қуғындалғанымен, халқымызды ұлықтап кетті».

25 томдық тарих – қазақ ұлтының қазынасы

1920 жылдың желтоқсанынан бастап, 1926 жылға дейін үздіксіз жарыққа шығып, халықтың тыныс-тіршілігін, әдеби-мәдени жаңалықтарды жалпы жұртқа жеткізіп отырған бірден-бір басылым – «Ақ жол» газеті болды. Профессор Дихан Қамзабекұлы: «Ірі қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық мәселелерден бастап қарапайым тұрмыстық-танымдық мәселелерге дейін халықтың сұранымы мен өресіне орай қорытып, сараптап отырған «Ақ жолдың» тарихи орны әрқашан айқындала көрінеді. Өйткені оның басында тұрған қаламгерлердің қабілеті, ұстанымы елдік парасатпен біте қайнасқан еді», - деп ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан «Ақ жол» газетінің ел өміріндегі орнының қаншалықты құнды болғандығын тарқатып айтқан болатын.

Қазақтың қарымды қаламгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі
Есенқарақызы қаншама жылдар бойы «инемен құдық қазып», Алматы, Ташкент, Мәскеу қалаларындағы шаң басқан архивтерді ақтарып, «Ақ жол» газетінің толық нұсқасын елге жеткізу мақсатында өлшеусіз еңбек етті. Еңбек еш кеткен жоқ. Атқамінер азаматтардан, зиялы қауым өкілдерінен, тарихшы ғалымдар тарапынан қолдау тауып, биылғы Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толып отырған атаулы жылда қалың елдің қолына тиіп, ұлт руханиятына үлкен сілкініс жасады.
Шымкент қаласы әкімдігінің, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» тақырыбында газеттің 25 томдығының салтанатты тұсаукесері ZOOM форматында ұйымдастырылып, республикалық деңгейде өткізілді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, әдебиеттанушы-тарихшы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Борисовна салтанатты жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысты.
Ел тарихының кешегісінен жан-жақты мағлұмат беретін маңызды шараға Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР ҰҒА академигі, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан
Бәйменов, ҚР ҰАК басшысы, п.ғ.д., профессор Үмітхан Мұңалбаева, журналист, сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, Атыраудан мемлекет және қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Амангелді Айталы, ф.ғ.д., профессор Қылышбай Сүндетұлы, Алматы қаласынан ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Кенжехан Матыжанов, ф.ғ.д., профессор Амантай Шәріп, Қостанай қаласынан т.ғ.д., профессор Аманжол Күзембаев, сондай-ақ жергілікті ғалымдар, ақын-жазушы қаламгерлер қатысып, тарихи тағылымы терең пікірлерін ортаға салды.
Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді: «Ханбибі Есенқарақызының бұл еңбегі қазақ қоғамының санасын жаңа сатыға көтерген құнды дүние» десе, қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз: «Бүгінгі «Ақ жол» газетінің тұсаукесері біздің тарихымыздың, журналистика тарихының отарсыздану саясатының бір көрінісі», - деп баға берді.
ҚР ҰАК басшысы, п.ғ.д., профессор Үмітхан Мұңалбаева Хан апамызға жүрекжарды лебізін, ақ тілегін айтып, «Халық құрметі» медалімен марапаттады. Құнды қазынамыздың елмен қауышуына мұрындық болған алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп: «Ақ жол» газеті кезінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жиырма тоғыз жылдағы радио, теледидар, электронды немесе қағаз құжаттарының қызметін бір өзі ғана атқарды»,- деп, бұл басылымның қаншалықты құнды екендігін саралап берді.
Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Борисовна: «Ақ жол» газетін жинақтауда Ханбибі Есенқарақызының бармаған кітапханасы, ақтармаған архиві қалмады. Менің атам Сұлтанбек Қожанов газетке елдің қоғамдық-саяси, мәдени істері жөнінде материалдар жариялап, газеттің қаражатпен қамтамасыз ету мәселесін де шешуде көп жұмыстар атқарды. Ханбибінің бұл еңбегі еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан үлесі деп бағалауымыз керек», деді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов: «Бізде ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ халқының қоғамдық ахуалы әлі де зерттеуді қажет етеді. Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығашы «Ақ жол» газетімен бірге Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналының жинағын жарыққа шығару халқымыздың отарсыздануына жол ашады. Хан апамызға қайраткерлігі мен ақындығын ұштастырып, ғылымға қосқан үлесіңізге алғысымды білдіремін», деп ағынан жарылып ақжарма тілегін айтты. Алдағы атқарылуға тиісті елдік міндеттерді де меңзеп өтті. ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Ұлттың рухын көтерудегі бұл еңбектің маңызы зор, ұлт алдындағы Алаштың ізбасары ретінде жасаған еңбегіңіз» - деп, бұл жинақтың бүгінгі ұрпаққа қаншалықты қажетті дүние екендігіне тоқталды.

613


ОҚМПУ-дің Оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, тарихшы ғалым Баршагүл Исабек: «Ақ жол» газетінің көп томдық кітап болып жарыққа шығуы – алдағы үлкен ғылыми жобаларға, ізденуші студенттерге, магистрлер мен докторанттарға зерттеу обьектісі болары анық», - деп бұл кітаптың ғылымға бет бұрған жастар үшін қаншалықты қажетті екендігін жеткізді. ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, тарихшы ғалым Қайрат Анарбаев: «Ақ жол» газетін құрастырушылар сол кезеңде тарихшы болмаса да кәсіби тарихшылар жасайтын дүниені жасап кетті. Бүгінгі ұрпаққа тарихи сана мен тарихи жадыны қалыптастыруда бұл еңбектің құндылығы жоғары», - деп атқарылған тірліктің тарихи маңызының тереңдігіне мән берді.
«Жиының мынау бір күндік, Аңыз боп қалсын мың күндік» деп келетін халық өлеңіндегідей, «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» тақырыбындағы газеттің 25 томдық жинағының салтанатты тұсаукесері қалың елді дүр сілкіндірген, ел рухын бір сілкіндірген ұлағатты жиын болды. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы қатысып, «Ақ жол» газетінің ел үшін қаншалықты құнды екендігін атап өтті. Дәл осы күні, осы уақытта Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітапханалар туралы көтерген маңызды мәселесіне, республикамыздағы кітапханаларға, кітап оқу, кітап оқыту ісіне жаңаша көзқараспен көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. «Бүгінгі заманда кітапсыз, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес» деген ел Президентінің сөзін зиялы қауым өкілдеріне, көпшілікке жеткізді.
Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбековтың: «Қазақ ақындарының ішінде Ханбибінің орны бөлек. Ол қазақтың қайраткер қызы, замандасымыз болғандықтан, біз оның іскерлігін де, туралығын да жоғары бағалаймыз. Қайраткерлік мінез таныту кез келген ақын қыздың қолынан келе бермейді», - деп айтқанындай, Алаш арыстарының арман-мүддесі тоғысқан «Ақ жол» газетін туған елімен қауыштыру – нағыз қайраткердің ғана қолынан келетін қасиетті парыз, екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Қазақтың «Хан қызындай Ханбибісі» атанған қайраткер-қаламгері
Ханбибі Есенқарақызы Алаш аманатына адалдығын танытып, «Ақ жолды» туған еліне табыстап, халық алғысына бөленді.

Анар Жаппарқұлова,
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының
директоры, филология
ғылымдарының кандидаты

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.