Шоқан жүрегіндегі шоқ

Пятница, 03 Февраль 2017 05:51 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4606 раз

немесе Мұхамедханапияның махаббат машақаттары

Шыңғыс сұлтан тұңғыш ұлы Шоқан шыр етіп жарық дүниеге келісімен оған болашақта жар болар қалыңдық таңдауды өзіне үлкен бір мақсат етіп қояды. Сол таңдау өзімен бақталас болған төре тұқымы Ахмет Жантуриннің сүйікті қызына түседі. Солайша қазақ дәстүрімен бесіккертті дәстүріне жүгініп, періште балғынды атастырып та қояды. Шыңғыстың бұл шешімінде ішкі есеп те бар болатын. Олар жер дауы, барымта құны секілді мәселелерде өзара келісе алмай, ата-бабасынан бері қарай бір-бірімен байырғы дұшпанға айналған жандар еді. Бәтуа тауып, бітіспесе қалың бұқара алдында беделінен айырылатынын түсінген екеуі ежелгі қазақ салтымен бесікқұдалыққа бел буады. Солай етіп, періште екі перзенттерінің болашақтағы некесімен өзара татулықтарын нығайтпақ ниетті көздейді.

shokhan

Шоқан сүндетке отырғызылып, атқа отыруға жараған соң бірде әкесі Шыңғыс пен анасы Зейнеп сүйкімді ұлдарын еркелете басынан сипап: «Сен міне, атқа мінуге жараған жігіт болдың. Ержетті деген осы. Құдай қаласа келіншек алып, бізді қуантатын күнге де жетерміз. Атастырған қалыңдығың да бар» дегенде, ерке, еркін өскен балақай: «Мен әлі кішкентаймын, үйленбеймін» деп шалт бұрылып, ойынның қызығымен далаға жүгіріп кеткен. Балдырған ұлдарының тәтті тіліне елжіреген әкесі «Е, ұлым, біз тұрғанда үйленбей қайда барасың?» деп күлген де қойған. Ол кезде қайран ата-ана болашақта қазақ халқының маңдайындағы жарық жұлдызы болып қалар ұлдарының тағдырының өзгеше өрілерін, оның жүрегін баураған махаббат машақаты мүлде басқа арнаға бұрылып кетерін қайдан болжасын?!.

Өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа білген, шығыстың бірнеше тілін меңгерген Айғаным әжесінің тәрбиесі арқасында болашақ ұлы ғалым – Шоқан бала күнінен-ақ орысша сауат ашты. Шыңғыс та беделді анасының айтқанына қарсы келе алмады. Сөйтіп Омскідегі кадет корпусын аяқтаған дарынды жігіт корнеттікке тағайындалған соң әке-шешесінің дәулетіне сүйеніп, мырзалық күн кеше бастады. Ол қолдан зерленген әсем киім киіп, бұлғын жағалы тонымен маңғаздана жүргенде ерекше салтанатты көрінетін. Бұлғақтап өскен бозбала орыс аристократтарына еліктеп, бір саусағының тырнағын ұзын етіп өсірді. Оның Омскідегі Мокрый көшесіде орналасқан жекеменшік үйі сыртынан қарағанда қарапайым көрінетін. Алайда ішіне кірген қонақтар сәнді жиһаз бен мүлікке таңданбай көз салмасы мүмкін емес еді. Орта жүзге аса беделді сұлтан әкесі оған қолдан тоқылған қымбат кілемдер мен бағалы аң терілерін жіберетін. Мұның үстіне қаржыдан тапшылық көрмеген Шоқан піл сүйегінен жасалған бұйымдарды жинауға құмартты. Француз иіссуын пайдаланды. Гаваналық шылым шекті. Бозбалалықтың балдәуренінде балқыды. 

Көп ұзамай сән-салтанаты келіскен Уәлихановты генерал-губернатор өзіне адьютанттық қызметке шақырды. Оның Еуропаға еліктеуі осылай басталды. Карта ойнады. Шараптан ұрттады. Гвардиялық екпінде сөйлеуді үйренді. Кескін-келбеті келіскен корнет сол кезде зиялы санатындағы орыс пен татардың талайының қадірлі қонағы болды. Сондай ортада кейде ол даланың серілік мінезін де байқатып қоятын. Әне-міне тұрмысқа шығамын деп қалыңдық аталып қалған қыздарға да білімділігімен, сымбаттылығымен, шығыс пен еуропалық мәдениетті қатар үйлестірген талғампаз тектілігімен ұнап та қалатын. Ол Лермонтов пен Полонскийдің өлеңдерін жатқа айтып, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын» қара сөзбен жырлап бергенде жастар жағы қолпаштап қол соғатын. Еуропалық бикештердің арасында Шоқанның етегінен ұстап, еріп кеткісі келгендер де көп еді. 

1852 жылы Шоқан Омбыда кадет корпусында оқып жүргенінде хан тұқымынан шыққан, жүріс-тұрысы да, өзін ұстауы да ақсүйектігін танытып тұратын сымбатты азиатқа Батыс-Сібір губерниясының губернаторы Густав Хрестианович Гасфордтың жап-жас үлбіреген әйелі Любовь Федоровна есі кете ғашық болған деген әңгіме де бар. Жасы 60-ты алқымдаған губернатордың айдай сұлу әйелінің сезімі Шоқанды да бей-жай қалдырмаған. «Оның аты да, заты да – махаббатқа тұнып тұр» деген сөзді Шоқан осы әйелге арнап айтқан деседі. Бір-біріне ынтыққан қос жүректің ыстық сезімі жайлы өсек Гасфорттың құлағына да жеткен. Әйткенмен сабырлы губернатор, генерал-лейтенант Густав қызбалыққа салынбай, әрі сенімді қызметкерімен арадағы сыйластыққа сызат түсірмей, екі ғашықты екі жаққа бөліп жіберумен шектелген. Олардың осы махаббат хикаясы жайлы Ресейдің халық әртісі Георгий Котов пьеса жазып, соның негізінде әйгілі режиссер Владислав Казенин Омбы мемлекеттік музыкалық театрында «Любина роща» деген спектаклін сахналаған. Әр жылы аталған театр жаңа маусымын осы қойылыммен ашуды дәстүрге айналдырыпты. 

«Любина роща» деген тіркестің өзі Шоқанның сөзі екен. Кешке қарай ғайып болып кететін одан достары қайда болғанын сұрағанда ол сүйіктісімен кездесетін тоғайды солай атаған. Ол тоғай кейіннен «Любина роща» деп аталса, қазір Любинский даңғылына айналған. Онда Любаның әдемі орындықта жалғызсырап отырған мүсіні бар. Онымен түйісетін даңғыл Шоқан Уәлихановтың атында. Тірлікте тағдырлары табыспаған ғашықтардың жолын бүгінде қос көше түйістіріп тұр. 

Бір қызығы өмірбаяншылар Шоқанның, Омбыда, Петерборда жүрген кезіндегі «хикаялары» жөнінде мардымды ештеңе айтпайды. Оның қызмет бабымен орыс астанасының сол дәуірдегі танымал ақындарымен, олардың жұбайларымен, ірі шенеуніктерімен қарым-қатынаста болғанын ғана жазады. Айтқандары оның Қашқарға жасаған саяхаты, сол туралы жазған теңдессіз жазбалары төңірегінде ғана өрбиді. 

Су жағасындағы тасты қалада жүріп, көк жөтелге шалдыққан ол елге келіп, науқасын қымызбен емдеуге мәжбүр болады. Міне, осы кезеңдерде бүкіл еуропа саулығына тілекші болған аса дарынды ғалым ғашықтықтың дертіне ұшырайды. Кімге дейсіз ғой? Анасы Зейнептің қызметші әйеліне.
Тар құрсағын жарып шыққан перзентінің амандығын тілеуге келгенде қай ана алдына жан салушы еді?! Зейнеп ханша ұлы Шоқанға сегіз қанат үй тіктіріп, сенімді деген жас қызметші келіншек арқылы күнделікті үш мезгіл тамағы мен әбден бапталған қымызын жіберіп тұрады. Бұл кезде оның жасы жиырма алтыға келіп қалған-тын. Атастырылған қалыңдығы оның жолына қарап, «отырған қыз» атанды. Сондықтан Шыңғыс сұлтан ұлын үйлендіру мәселесін жеделдетуге кіріседі. Мұнысына Шоқан үзілді-кесілді қарсы болады. «Денсаулығымды түзеп алайын» деген желеу айтады. Өйткені ол үлбіреген жас қызметші әйелге біржола көңілі құлап, ғашықтық отына шарпылған-тын. Қырсыққанда қылықты келіншектің күйеуі бар. Бірақ ол екеуінің махаббат сезіміне бөленуіне Шоқанға арналып тігілген үйде ешкім кедергі жасай алмайтын. Оның рұқсатынсыз бұл табалдырықтан тек қана қызметшілер ғана аттай алатын-ды. Онда да оларды қажет шағында өзі шақыртатын. 

Күтпеген жағдайға тап болған Шыңғыс пен Зейнеп балаларын орысша оқытқанына өкінетінін ағайындарына айтып, перзентіне өкпелеп жүрді.

– Жарығым, Шоқаным, – деді Зейнеп ұлына жалынып. – Біздің төрдегі басымызды есікке сүйреме. Менің ақ сүтімнің ақталмай текке кеткені ме? – деп оны райынан қайтарғысы да келді. 
Ол анасына шындықты айтты. Өйткені Ахмет Жантуриннің қызы мұның інісі Жақыпты сүйетінін білетін. Бойжеткенді Жақып та ұнататын. Мұны естіген әкесі мен шешесі қатты таңырқайды. Сонымен не керек, мемлекеттік қызметтегі адам, кавалерия штабс-ротмистрі Шоқанға сөздері өте қоймайтын болғандықтан Шыңғыс пен Зейнеп қоластындағы қызметші әйелді оған жолатпаудың шараларын жасайды. Әйел мен оның күйеуін Шыңғыстың бауырларының бірі – Жебенің ауылына аттандырмақ болады. Мұны естіген Шоқан қызметші келіншекті қайтаруға әрекет етеді. Себебі махаббат буына мас бақытсыз жанды уландырып өлтіру амалы ойластырылып жатқанын біреу оған сыбырлап қойған еді. Сұлтан ойлана келе әйел мен күйеуін Мұса Шормановтың қарамағына жіберуге шешім қабылдайды. Ұлы оған да қарсылық білдіріп, әке-шешесіне ойын ашық жеткізеді.

– Мен ол әйелдің алғашқы некесін дала заңы бойынша күйеуіне талақ айтқызып, бұзып, қайта некелеп үйленемін,– дейді тік мінез төре жігіт алған бетінен қайтпай. Ол ашық аспан астында, қалың жұрттың алдында билер төрелігіне жүгініп, өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдей алатынына бек сенімді-тін. 
Бұл кезде әйел үй тұтқынында отырған. Шоқан оны күштеп босатып алмақ болады. Осы әрекетті сезіп, Шыңғыстың қаны қатты қараяды. Бұл сұлтан тегіне басылатын қара таңба еді. «Ұлық Абылайдың шөбересі бұзылған қатынға үйленбек. Бұған жол бергенше орыстанған ұлын өлімге қиғаны артық». Сөйтіп, ең сенімді нөкерін жіберіп, шайтан азғырған үлкен перзентінің үйін мықты күзетке алдырады. Шоқанды ерекше құрметтейтін нөкер жігіт шындықты жайып салады.

– Аға сұлтан сізді ауылдан тірі шығармауға сөз берді. Желігіңізді басыңыз, мырза.
...Үрейлі хабар. Қазақтың салты бойынша ата-анасының абыройына таңба салып, олардың еркінен тыс шығу ең ауыр қылмыс саналып, тіпті өлім жазасына дейін кесілген. Ырың-жырың шиеленіскен тұста бәрінен бұрын Жақып шыр-пыр болды. Әкесінен бауырына, бауырының алдынан әкесіне күн-түн демей шапқылап, бәтуаға келулерін тіледі. Ол қайткенде де қантөгісті болдармауды ойлады. Өйткені ағасы Ахмет Жантуриннің қызын күштеп некелесуден босатып, сүйгені Жақыпқа қосылуына мүмкіндік жасады ғой. Шындығында Шоқан болмағанда ол өжеттік танытып, ағасына атастырылған қызға үйлене алмайтыны ақиқат-тын. Сөйтіп ағасына атастырылған қалыңдық інісіне бұйырып, екі ғашық бас қосып, екі төре кетіспей, бесікқұдалығын сақтап қалды. Оның үстіне ағасын жанындай жақсы көретін бауырлық сезімі де ерек еді.

Жақып Шыңғыстың барлық шаруасын үйлестіріп ұстайтындықтан әкесіне сөзі өтімді еді. Сондықтан екі жақтың татулығына тұтқа бола білді. Мәміле бойынша әйелді Жақып Сырымбеттен Көкшетауға алып кететін болып шешілді. Шоқанға да керегі сол еді. Ол Көкшедегі таныс молданың көмегімен, қадірлі билердің төрелігіне жүгініп, әйелді күйеуінен ажыратты. Оған құн ретінде 200 мың ақша мен бір жылқы берді. Бұл заңды ажырасу туралы Шоқан петерборлық досы Гутковскийге хат жазыпты. Ал ғашығына некелескені туралы ешқандай жазбаларда айтылмапты. 

Солайша Шоқан Көкшетауға қоныс тебеді. Келіншек (есімі ешқандай жазбаларда айтылмайды) ғалымның үйінде біраз уақыт өмір сүреді. Шыңғыс ұлына қызметші әйелмен арадағы байланысын сырт жұртқа білдірмеуді қатаң талап етеді. Солай болады да. Сұлтанның тақ таласындағы бақталасы Ерден Сандыбаев бәрібір бұл жағдайды сыпсыңы көп сырт құлақтан есітіп, орайы келгенде оңтайлы пайдалануға кіріседі.
Аға сұлтандыққа сайлау науқаны 1862-ші жылы өтуі керек болды. Бұл кезде әскери губернатор Густав Карлович Кури еді. Ол пара алып, « Аға сұлтандық лауазымын алып беремін» деп Ерденге сөз берді. Дәл осы кезде Петербордан келген зиялы 

Уәлихановтың Атбасарға аға сұлтандыққа өзін-өзі ұсынғаны белгілі болды. Ерден Сандыбаев дереу іске кірісті. Олар әйелінен айырылған күйеуді тауып алып, оның атынан «Әйелімді тартып алды» дегізіп, Омскіге арыз жазып апартқызды. Шоқан мен 

Шыңғыс та қарап жатпады. «Ол әйел – қызметшіміз» деп жалтарды. Сөйтіп оны көз қылып, Зейнептің қарамағына Сырымбетке қайтарып жіберді. Мұса Шорманов та Сандыбаевқа қарсы әрекет етіп, бұларды қолдады. Үшеуі қосылған соң үлкен күшке айналып шыға келді. Шоқан әкесімен татуласқанын білдіріп, аға сұлтандықтан бас тартып, әкесінің сайлануына мүмкіндік жасады. 

Қандай ресми дерекке сүйенсек те, Шоқан Уәлиханов ата-баба салт-дәстүрімен үйленіп, той жасап некелеспегені айтылады. Тезек төренің қызына қырындап жүргенде науқасы меңдеп, қайтыс болғандығы туралы кейбір жазбаларда айтылған. Ал қызметші әйел жөніндегі болмашы дерек тек біз жоғарыда айтып өткен досы Гутковскийге жазған хатында ғана кездеседі. Онда онымен дала заңы бойынша некелескені айтылмайды. Әйтсе де сол әйелмен ұлы Шоқанның махаббат машақатына малынғаны ақиқат секілді. Өйткені ел арасына сол кезде осы бір оқиғаның сыбысы білініп қалмаса, 

Ерден Сандыбаевтың кеу-кеулеуімен әйелдің күйеуі губернаторға арыздана алмас еді. Өзі үлкен үміт күткен ұлының қия басып, желіккенін білмесе, Шыңғыс сұлтан да онымен араздасып, тартысып несі бар?
Әйтеуір не десек те, мұнда мұңды бір шындық бар. Әйел алдында ұлы да ұлылығын ұмытатынын өмір талай дәлелдеген. 

Ия, солай... Бар-жоғы 29 жыл ғана ғұмыр кешкен ұлы ғалым махаббат атты ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйде кетті.

Последнее изменение Пятница, 03 Февраль 2017 06:42
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.