Жыр дүлдүлі Жамбыл атамыздың «Менің өмірім» деген өлеңіндегі:
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан», – деген жолдарынан оның Жамбыл тауының етегінде ақ түтегі бораған ақпанда туылғанын білеміз. Жамбыл жоқшылықтың жұтаң тұрмысын кешіп өсті. Әкесі Жапа кедей болғанымен ел ішінде сөз ұстаған, дау-дамайда бітімгерлік шешімін айта білген адам екен. Шешесі Ұлдан мінезі салмақты, төңірегіне тәлімді, қисыны келгенде қиыстырып өлең шығара беретін, отырған жерінде әдемі дауысымен сызылтып ән салатын, өнерге жақын жан болыпты. Жамбылдың арғы аталарынан ділмар шешендер, өнерпаз серілер шыққан екен. Содан болар Жәкеңнің тегі – Екей руы туралы ел ішінде: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деп шындықты әзіл араластыра айтатын көрінеді.
Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ дүмше молданың ұрып-соққан қорлығына шыдай алмаған бала Жамбыл «дүмшеден дәріс емес, дүре алғанша, қолыма домбыра алып, жыр айтайын» деп өлеңге бетбұрады. 13 жасынан бастап-ақ ақындыққа аңсары ауып, өлеңнен өрнек тоқи бастаған бала бірде үйге әкесінің үстіне кіріп келіп:
«Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті – дер,әке!» – деп батыл тұрып бата сұрапты.
Молданың алдын тастап кеткен баласының бағытын құптай қоймаған әкесі «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, Сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын. Жын, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ» деп теріс аунап түсіпті. Бірақ өр мінезді, тентектеу болып өскен бірбеткей бала айтқанынан қайтпай Жетісу бойына атағы шыққан Сүйінбай ақынға барып, сөзін сынатып, батасын алады. Жамбылдың:
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай
Сүйінбай деп жырласам,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай», – деп ұстазын ардақ тұтып өткені де сондықтан. Байдың қойын бағып жүргенде далада ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы секілді Жамбылға да ақындық өнер түсінде қонады. Мұны ақынның өзі: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін.Түсімде ақсақалды қария келіп: «өлең аласың ба, көген аласың ба?» деді. Мен: «Өлең!» деппін. Оянып кетсем, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай болып жатыр екенмін. Дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, жан-сарайым кеңіп сала бергендей болды» деп еске алғанын білеміз. Сол өрекпіген жыр толқынның екпінімен 17-18 жасында-ақ топ жарып, айтыстың ақберен жүйрігі болып таныла бастаған Жамбыл Жабаевтың есімі Жетісу өңіріне түгел тарайды. Жамбылдың осы өңірдегі аузымен құс тістеген небір шешендермен сөз додасына түскен шақтарында жүрегіне шоқ түсіріп, махаббаттың машаһатына салған ақын қыздар Бұрым мен Сараға деген сезімі оның тағдырының мұңды бір бөлшегі болып қалды.
Жамбыл жиырма жеті жасында Айқым еліндегі бір тойда Қыдырма қызы Бұрым сұлумен танысады. Талшыбықтай бұралған бойжеткен ажарымен ғана емес, ақындығымен де, әншілігімен де жүрегін бірден жаулайды. Жәудір көз, ақша маңдай, алма мойын арудың көркіне өнері, сөзіне ақылы сай екенін аңғарған ақын жігіт қайымдасып, жөн сұраса келе айтыстың қызығын сезімінің қызуымен қабыстыра термелей жөнеледі. Қыз да осал қарсылас емес еді. Әйткенмен сан рет кездесіп, жұрттың да желігін қоздырып, өздері де желе қатар тақымдасқан қос ақын бірін бірі жеңе алмай тарқасатын. «Жамбыл-ау, бұл қызбен ұзақ, қызу айтысып, не жеңбедің, не жеңілмедің» дегендерге: «Мен Бұрыммен жеңу үшін айтысып жүр дейсің бе?» деп көңіл көкжиегіндегі сырдың ұштығын шығара жауап беріп қояды. Қыз да Жамбылдың жан- жүрегіндегі ынтық сезімге ыстық ықыласымен жауап беріп, қос ғашықтың арманы бір арнаға тоғысады. Әттең, бірақ Бұрымның айттырылып қойған жері бар.Ал жүректің қалауы – Жамбылда.. Шешуші сәт тақап, айттырылған жаққа ұзатылар шақ жақындағанда қыз ғашығымен кетуді ұйғарып, Жамбылға шешімін білдіреді. Жамбыл сүйгенін алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бұл оқиға екі елдің арасында үлкен дау туғызып, жауласуға әкелетін жағдайға жетеді. Ел іші бұзылатын болғандықтан Жамбылды өзіне жақын тұтатын осы аймақтың беделді болысы Сарыбай ақын жігітті зорлықпен көндіріп, Бұрымды төркініне қайтарады. Заманның зауалы, қоғамның әділетсіз қағидасы ақын жүрегін қатты жаралап, еңсесін езеді. Кіршіксіз сұлу сезімінің тұнығын мұң шайқап, жаны жабырқаған Жәкеңнің «Бұрымға» деген өлеңі осындай нала мен арманнан туған еді.
«Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар,
Бір көріп, дидарыңды болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым.
Жарқ еткен оқтан ұшқыр бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым айжарықта Бұрымымнан, 
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран, Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып,
Жүрегім қасіреттен жырым-жырым», –
деп келетін жырынан ақын жанының ащы запыранын сезгендей боласың. Өкінгенмен өктем заман өткелінен өтер жол жоқ. Айкүміс ақынмен бір айтысында Жамбыл «әуелден-ақ болдың ойда», «құмары басылмаған албырт едім» деп ақын қызға жігіттік желігін білдіре тіл қата отырып, «жасшылық ұрындырды талай жарға» деген өкінішін де астарлап аңғартады. Сөз орайында қиянатшыл қоғамның қыз тағдырына тұсау салар қысастығына қынжыла келіп:
«...Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,
Қор болып кете ме деп бір жаманға», – деп қайырады. Сонда Айкүміс адамның ерік шеңберін заманның шеңгелімен шегендеп:
«Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!» – деп астарлай ой тастайды. Айкүмістің «қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың?» дегендегі меңзеп отырғаны—Бұрым болатын. Әрине, ақын қыз бұл жерде дәрменсіз жігітті кінәлап та, күстаналап та отырған жоқ. Ол уақыттың уысындағы тағдырдың тар жолына нала көңілін білдіріп отыр.
Бұрыммен тағдырын табыстыра алмаған Жамбыл ақынның өмірлік жолына ескіліктің солақай салтының тосқауыл болғаны бір бұл ғана емес еді..Жастық дәуренінің қимас күндерін сырлы сезімге шомылдырып, тағы бір сұлу жолыққан. Ол – Албан Бөлек батырдың қызы – Сара ақын болатын. 1875 жылдың қоңыр күзінде Қарқара жайлауындағы әсем бір кеште алтыбақан басында тамылжыта ән салған әппақ арудың айдай жүзі, тана көзі жасы отызға ойысқан ақын жігіттің жүрегіне шоқ салды. Ерке қыздың есті алған назды үні Жамбылдың жүрегінде жыр толқытты. Ақын жігіт көкірегін кернеген арман отын ару бойжеткеннің балбыраған өңі мен балдай үні еріксіз үрлеп, аңсаған бақытын осынау жайлауда тапқанын өлеңмен өріп, әуенмен әрлеген. Сара қыз да сырттай атына қанық, санасы өзімен теңдес замандасының зерделі сөздеріне зейінмен ынта қойып, ішкі сезімін тұспалмен жеткізген. Бір-бірінің сырын алысқан Жамбыл мен Сара бұдан кейін де осындай сауық кештерде бірнеше рет жолығып, қыз бен жігіт болып айтысып, сезімдерін сұлу сөзбен қағыстыра, көңіл түкпіріндегі тілектерін қабыстыра бір-біріне өлең арнайтын. Сараның «Угай-угай-әй-угай» деп сызылта салатын әні жігіт жанының толқындарын дөп басып жататындай еді. Өнермен танысып, өлеңмен табысқан қос өнерпаз бір-бірінің жүрек сырын қапысыз ұғысқан. Сол сезімнің жетегімен екеуі бас қоспаққа уәде байласқан. Бірақ ғашықтардың жүрек әміріне жүген салған қыз әкесі Сараны айттырылған жеріне ұзатып жібереді. Жамбыл сүйгенінің соңынан іздеп барып, ебін тауып кездеседі де. Мұңлық ғашығы сонда көз жасын көлдете тұрып қалаусыз құшақта қор болып өтетін өміріне өксіп, арманын аңсаумен күн кешетініне налып, шерлі көңілінің күйін ақтарған. Көңілдің қалауын сезім-балға емес, қалыңмалға бағалаған әңгүдік күйеу әйелінің салқын пейілін сезіп, бейшараны жәбірлеп, ұрып-соғумен болады. Қорлық пен зорлықты, қасірет пен қайғыны көтере алмаған қайран Сара құсалықтан қайысып, қайтыс болады.
Жанына жазылмас мұң салып кеткен ғашығының қасіретіне езілген Жәкең өткен күндердің өзекті өртеген өкініші еске түскенде «Сара десе дегендей еді-ау, шіркін!» деп күрсініп, өз-өзінен күбірлеп отырады екен. Терең ойға түскен ондай шақтарда Сараның «Угай-айына» салып, ыңылдап ән салатынын сырт көз талай байқаған. Кейініректе жұрт Жамбылдың әні деп айтып жүрген «Угай, угай, әй-угай» расында Жәкеңнің емес, Сараның әні еді.
Жамбыл атамыз жас күнінде Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, тағы басқа әйгілі ақындарды айтпағанда сөзбен зер тоқыған Айкүміс, Сайқал қыз, Бөлектің қызы секілді ақын қыздармен де айтысқа түсіп, оларға жігіттік желдірме көңілмен сылқым сөзін арнағаны анық. Бірақ Бұрым мен Сара қыздың ақын тағдырындағы жөні бөлек. Бұл екі ару да жыр дүлділінің өнер жолындағы ғана емес, өмір жолындағы да қимас, қымбат жауһарлары еді.
Сүйген жүректі қайта-қайта сүріндірген қиянатшыл заманның зұлымдығы мен әділетсіздігінен жаны жүдеп, көңілі жабырқап жүрген шағында әкесі Жамбылға Орынбек дегеннің қызы Момынды құда түсіп, алып береді. Бірақ Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл тұған Момын өмірден ерте озады. Қырыққа таяған жасында Жамбыл өзі қалап Тілеуқабыл қызы Қанымжанды айттырып, бас қосады. Жамбыл жар қызығы мен шаңырақ шаттығын осы Қанымжаннан көреді. Одан Алғадай, Шымбай, !зтілеу, Тезекбай туылады.
...Ия, жасы жүзге таяп өмірден өтсе де Жәкеңнің жүрегін жаралаған жауһарлар оның жанының мәңгі сағынышы мен аяулы арманы болып қалғаны ақиқат.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 13 Январь 2017 08:36

Абай армандап өткен ару

Махаббат әр адамның жүрегіне ұя салатын сезім құдіреті. Ол құдірет бірде шапағатқа, бірде машақатқа, бірде ләззатқа, бірде азапқа, бірде нұрға, бірде мұңға бөлейтін, ыстығы мен суығы астасып жататын асау бір ағын. Жарқылы жаныңа гүл еккізетін, тіпті кейде қайғы-қасірет шеккізетін бұл сиқырлы сезімнің ғашықтық ғаламаты да, махаббат машақаты да сонысымен қымбат, сонысымен жұмбақ.
Осы оттың шарпуынан ақылы дария, таланты жаһанға жария небір ұлыларыңыз да «аман» қалмаған. Ғашықтық ғаламаты тағдырының аманатына айналған талай-талай тұғырлы тұлғалардың сүйіспеншілік сезімі жайлы сөз қозғайтын жаңа жобадан сіздер қазақтың әйгілі адамдарымен қатар ғаламның танымал ұлыларының ұлы сезімдері хақында сыр ұғатын боласыздар.

234

«Махаббатсыз дүние бос...» Адамның жан дүниесін жарық нұрға бөлейтін ұлы сезімді бір- ақ ауыз сөзбен осылай түйіндей білген ақын Абайдың жүрегін шоқтай жандырған махаббат алауы оның ақындық шабытына ғана емес, өмірлік бағытына да сәуле шашқан сөнбес шырақ еді...

 

«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас.

Бұл ұлы ақынның ақылы мен жүрегін жаулаған, қолы жетпей, мәңгі арманына айналған ғашығы Тоғжанға арнаған сезімінің селі. Абай-дана, Абай-дара, Абай-ақын, Абай-хакім. Солай бола тұра Абай да жұрт қатарлы жұмыр басты пенде. Оның да жігіттік желікті, қызық-думан көрікті бастан өткермеуі мүмкін емес. Әкесінің тапсырмасын орындай жүріп ол талай дала аристократтарының аруларымен танысты. Лап етіп жанған, соңыра өз сезіміне өзі тоңған сәттері де болған шығар. Бірақ Тоғжанға деген кәусар көңілінің ынтықтығы өмір бойы басылмай өтті. Бұл – көркем шығармадағы бейнелі образ емес, бұл – ақын тағдырының шынайы шындығы.

Абай үш әйел алған адам. Әйткенмен алғашқы қосағы Ділдаға үйленбес бұрын-ақ махаббат дертіне шалдығып, жүрегі Тоғжанға тұсалған ақын арманының орындалуына заманның қатал қағидалары, дәрменсіздікке душар еткізген дәстүр-дәріптері дес бермеді. Бөжей мен Майбасардың дауы кезінде Құнанбайдың тапсырмасымен Сүйіндік ауылына келген бозбала жігіттің албырт сезімін оятқан Тоғжан бейнесін жазушы Мұхтар Әуезовтің суреттеуінде былай танимыз. «Қақтаған ақ күмістей жазық маңдайы, сәл жасаураған бота көздері, қарлығаштың қанатын еске түсіретін қиғаш қастары, ұшы үлбіреп тұрған екі бүйрек беті, шебер қолынан шыққандай жұмыр иегі, аққу мойыны мен қаз омырауы»...Бұған дейін Семейде талай орыс, татар қыздарымен таныс-біліс болып жүрсе де Абайдың сезімін арбаған мына сұлулық оны еріксіз еліттіріп, ессіз күйге жетелеп бара жатады. Сүйіндіктің ауылындағы сол жүздесуден кейін Тоғжан бейнесі көз алдында мөлдіреп, көңіл түкпірін тәтті бір сезім шайқайды да тұрады. Жан-дүниесін тағатсыз сағынышқа малған күйден арыла алмаған ақын «Арылмас, айықпас бұл не дерт?» деп өзі де ішкі әлеміндегі өзгеріске таң қалады.

Сүйіндіктің өзінен екі-үш жас үлкен баласы Асылбекпен таныстығы мен көңіл жарастығын себеп етіп, Майбасар лаңынан қолы босаған Абай Тоғжанды көріп қайтуды ойлайды. Бұл кезде Құнанбай аға сұлтандықтан босап, оның болыс інісі Майбасардың орнын Сүйіндік басқан еді. Бұдан бұрын Сүйіндік ауылына барғанда жүзтаныс болған Ерболмен кездесіп, орайы келіп Асылбектің отауына түседі. Қыз ағасының үйде жоқтығы қос ғашықтың таң атқанша сырласып, қимас сезіммен табысуына себеп болады. 

Бұдан кейін де Абай айнымас адал досы Ерболдың көмегімен Тоғжан ауылына жолай жолаушы іспетті тағы бір тоқтап, сүйген аруымен жүздесудің есебін тапқан еді. Тоғжанның ағасы Әділбектің қайындап, өзге үлкендердің де ілесе кеткені ауыл жастарының жиналып, ойын-сауық құруына мол мүмкіндік тудырған-тұғын. Асылбектің отауындағы жастардың басқосуы, әдемі әзіл-күлкімен көңілдің жарастығын жақындастырған тәтті сәттер Абай мен Тоғжанның жүректерін жалынымен жандырды. Екі жасқа тілеулес жеңге келер түні оларды оңаша табыстырып, бір-біріне ынтыққан қос жүрек таң атқанша сезім сыры мен көңіл шерін тарқатып тауыса алмай, қимастықпен амалсыз қоштасады. Бұл Абайдың ессіз сүйген ғашығымен соңғы рет жолыққан, мәңгі сағынышқа айналған жүздесуі еді.

Өйткені сүйген жүрек өздерінікі болғанымен, шешім етер ерік өзгенікі еді. Абайдың өзі көрмесе де, әке-шешесі қалап айттырған қалыңдығы бар. Тоғжанның тілегін тұсап, сыртынан атастырған күйеуі бар. Сондықтан да екеуі де ғашықтық дертінен құса болса да әке-шешенің әмірінен асып кете алмайды.

Құнанбайдың Абайға айттырған қалыңдығы Ділдә айтулы жердің, атағы дүркіреген Алшынбай бидің қызы. Алшынбай Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересі. Абайдың анасы Ұлжан да бұл тұқымнан алыс емес, Алшынбайға ағайын қарындас боп келеді. 

Ділдәнің Абайдан екі жас үлкендігі болғанымен, әйгілі әулеттің қызы тым тәккаппар, өр көңілді, кесек сөйлеп, кергіп басады. Ал Тоғжанға деген маздақ сезім жүрегінде мәңгі жанған Абай Ділдәмен дәм-тұзы жарасқанымен, ол оның сүйіп алған жары емес еді. 15 жасында отау иесі атанған Абай тұңғыш ұлы Ақылбай дүниеге келгенде де өзін әке ретінде сезіне алмады. Абайға аңсары қаншалық ауғанмен ата салтты аттап кете алмаған Тоғжан да тағдырдың тұсауына көнбеске шарасыз-тын. Күйеуі ақырғы рет келіп алып кетерінің алдында ол Абайға «жетсін» деп хабар бергізіп, соңғы рет жүздесіп, тілдесіп қалуға тілек білдірген. Жаздың желсіз ымырт жабылар шағында жым-жырт сайда қос ғашық құшақ айқастыра тұрып сүйіскен күндерінің сәулесіне шомылып, қоштасар шағының қайғы-қасіретіне тұншыққан. Көңілдегі нала мен жүректегі жара, өзекті өртеген өкініш пен өксік, сағыныш пен сағымға айналған сырлы сәттер екеуін арманның айықпас дертіне шалдықтырып, араларын амалсыз алшақтата берген. Жайшылықта ұяң, нәзік, қорғаншақ Тоғжан ұзатылар шағында ішкі дертін ірікпей, жан сырын жария етуден жасқанбай, ел ағаларынан рұқсат сұрай отырып Абаймен қоштасу зарын шығарыпты.

«Кертаудың ат байладым аршасына, Сәлем де Тобықтының баршасына»... деп басталатын бұл сыңсу әнді кешегі елуінші жылдарға дейін әжелеріміз ұмытпай айтып та келген екен.

Ал «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық  
табылса да»

деп өз жанының жарасын жырмен ақтарған Абай да өмір бойы қолы жетпеген ғашығын аңсаумен өтті. Сол сағыныш, сол арман оны Әйгеріммен Тоғжан боп табыстырды.

...Құнанбайды қажылық сапарға Семейден аттандырып салған соң көп ұзамай елге қайтқан Абай мен Ербол көз байланар шақта Орда тауының бөктерін жайлаған Бекей мен Шекей деген ағайынды адамдардың ауылына тап болады. Жолсоқты болып келген Абай Бекейдің отауында азырақ мызғып алмақ боп жатқанында түсінде Тоғжанды көреді. Дәл баяғыша өздері кездескен Жәнібек өзенінің етегінде «Мен келдім. Міне, қасыңдамын» деп сүйгені тұр. Тоғжан мұны сағынғанын айтып, сызылтып өзі үйреткен «Топайкөкке» салады. Зарықтырған ғашығына «Кел, келші, сәулем» деп құшағын жая бере оянып кеткен Абайдың құлағына тым жақыннан әлгі үн үзіліп жетеді. Сол «Топайкөк»... Сол Тоғжанның дауысы... Абай есеңгірегендей есікке ұмтылады. Бірақ бұл әнді салып жатқан Тоғжан емес еді. Ол көрші Шекей үйінде жастармен бірге отырған Бекейдің қызы Шүкіман болатын. Дауысы ғана емес түр-тұлғасы да, бет-әлпеті де Тоғжаннан аумай қалған бойжеткенді көргенде Абай аңырып тұрып қалады. Жүрегі аттай тулаған ол, «айнымаған Тоғжан» деп күбірлей береді. Бекей үйінде жалғасқан жастар жиыны Шүкіманды ашық ажарымен ғана емес, жарқын мінезімен, жүректің қылын шертер әншілік өнерімен, назды, сазды үнімен де өзіне баурап бара жатты. Қыз да сыртынан атына қанық қонақ жігіттің жанарынан лап еткен жалынды аңдаусыз аңғарған.

Бұл кезде жасы отызға келген Абайдың жақсы аты Орта жүзге түгел тарап, әйгілі болып қалған-ды. Ділдәмен бас қосқан 14-15 жылдан бері алты баланың әкесі болып та үлгерген. Бірақ түнде түсінен, күндіз есінен шықпайтын Тоғжанның сол баяғы уылжыған бейнесін қайта тапқалы Абайдан дегбір кетті. Ақылына көркі, мінезіне сымбаты сай арудың айдай жүзін көз алдына қайта-қайта келтіріп, қайтар жолда қасындағы серігі Ерболға « Керім! Несін айтасың!..Керім!» деп тамсана сөз етумен болды. Досы да «Оның рас. Әй. Керім-ақ екен! Әй, керім!» дегеннен танбады.Сұлу қыздың Шүкіман атын затына сай көрмеген қос жігіт осыдан кейін оны Әйгерім деп атауды ұйғарған. 

Түсінде Тоғжан боп аян берген арудан Абай енді айырылмауға серт етті. «Мен Әйгерімді жар етемін» деп байлауын бір-ақ айтқан ол ақылдаса келе достары Ербол мен Жиреншені Мамай ауылына елшілікке жіберді. Қыз қарсы емес. Бірақ бұл жерде шешуін келтіретін бір қиын түйін тұрған-ды. Ол–Әйгерімнің айттырылған жері бар. Оның алғаш атастырған жігіті жастай қайтыс болып, қалыңдықты кейін қайынағасына қосуды ұйғарған. Жасы мосқал тартқан, әрі қыздай алған әйелінен бата алмай шырмалған қайынағаға қосылуды қос көрмейтін Шүкіман да басына бостандық ала алмай жүрген. Абайдың достары қыз жағымен де, айттырылған жұртымен де бәтуаласа келе мәселені оңтайлы шешіп тынды. Абай Бекейге де, Шүкіманның қайын жағына да еселеп қалыңмалын төлеп, көп ұзамай Әйгерімді алып келді. Бір тәуірі, мінезі шайпау, тілі ащы болғанмен Ділдә бұл жағдайға аса тулап, шу шығармады. Отыздан енді асса да бетін әжім торлап, жасынан ерте егде тартқан, алты бала туып, саркідір қатын болған ол «Абайға бала туып берем деп, оның қисапсыз қонағын күтем деп титықтап біттім. Алатын тоқалын ала берсін» деп кедергісіз көне салған. Көңілі қалап, жаны сүйіп қосылған жары Әйгерім араға жыл салып Тұрағұл атты ұлды дүниеге әкелді. Бірақ Ділдә «бай --сенікі, бала –менікі» деп нәрестені бауырына басып, тәрбиесіне алды. Әйгерім тұңғышы Тұрағұлдан кейін Мекайыл, Ізкайіл, Кенже атты перзенттерін дүниеге әкелді.

Абайдың үшінші әйелі – Еркежан інісі Оспанның жесірі, Оспан қайтыс болған соң «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген әмеңгерлік салтымен Еркежанды қайынағасы Абайға қосады. Екі әйелі бар Абай келінін алуға көп қарсылық білдіреді. Керісінше Оспанның үш әйелінің ішінде қарашаңырақта қалған Еркежанның еншісіндегі қыруар малға қызығып, Тәкежан мен Ысқақ інісінің ең кіші жесірін иеленуге таласады. Бітпейтін дауға нүкте қою қажет болғанда Еркежан қайынағасы Абайды таңдайды. 

Үш әйел алып, соның ішінде Әйгерімге жүрек қалауымен үйленсе де Абайдың көңіл түкпірінде Тоғжан тұлғасы мәңгі мұнартып қалған еді. Тоғжан ұлы Абайды ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйге салған, арман мен сағыныштың қол жетпес қиянына айналған ару. Оның мұң мен сырға толы махаббат жырларының жауқазын гүлі ғашықтық дертінен бүршік жарып, өлең өлкесінің есігін ашуға, ақындық талантының тегеурінін танытуға алғышарт болды.

...Абай ессіз сүйген Тоғжан қыздың есімі содан бері махаббат пен сағыныштың символындай талай аруға теберік аттай телініп келеді.

Опубликовано в Мәдениет
Страница 2 из 2