«Локомотив» стадионында футболдан жасөспірімдер арасында «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы үшін» Халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің барлық облысынан және Қырғызстан, Өзбекстан сонымен қатар Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет Түркіменстан футболшылары да қатысты.

IMG 8352-02-05-17-04-01

– Жылдан-жылға жарысымыздың өрісі кеңейіп келе жатыр. Осындай жарыстардан келешекте өзіміздің ұлттық құрама сапында ойнайтын футболшылар шығады деп ойлаймын, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды өзбекстандық «Бунедкор» командасы, күміс медальды ОҚО футбол мектебі, ал үшінші орынды Шымкенттік «Ордабасы» иеленді.

Оңтүстік Қазақстан облысының жастары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету акциясын бастаған еді. 19 сәуір күні үндеу жарияланып, арнайы штаб ашылған болатын. Оған қазіргі уақытқа дейін Оңтүстік тұрғындары тарапынан қаржылай және заттай гуманитарлық көмек қабылданған.

IMG 8415-02-05-17-05-09

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған штабқа 22 сөмке киім-кешек, 12 төсек-орын, 135 кг қант, 144 кг тұз, 67 қорап шай, 729 кг күріш, 120 кг қарақұмық (гречка), 10 кг асбұршақ (горох), 64 кг тары, талқан, 519 кг макарон, 10 қорап лапша, 1 тоннадан аса ұн, 6 қорап кәмпит-күлше, 314 литр күнбағыс майы, 352 дана концервіленген тағамдар, 854 м2-233 дана «Бал текстиль» кілемдері, электрлі шәйнек және қаржылай 149 500 теңге жиналған. 

IMG 8427-02-05-17-05-10

Шараға «Бізбен бірге» еріктілер мектебі және аудан, қалалардан құралған ерікті жастар атсалысуда. Гуманитарлық көмек автобусының алғашқы легі 2 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысына аттанып кетті.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен 52 елдімекен су тасқынынан зардап шеккен болатын. Салдарынан 1949 үй мен 120 тас жолы су астында қалған.

Шымкентте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент медицина институтының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

IMG 8345-24-04-17-10-24

Оған ОҚО және өзге облыстардың Денсаулық сақтау басқарма басшылары сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Қарағанды, Балқаш, Жамбыл, Қызылорда және тағы басқа өңірлердің өкілдері қатысты.

– 2005 жылы ОҚО Медицина академиясын хирург мамандығы бойынша бітіріп, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Аққайың ауданына хирург болып орналастым. 3 жылдан соң бөлім меңгерушісі болдым. Қазір бас дәрігермін. Осы орайда айта кетейін, Солтүстік Қазақстан облысына келген студенттерге 450 мың теңгеден аса көтерме ақы беріледі. Отбасы жағдайына қарай дәрігерлер үйінен пәтерге орналастырылады. Ал дәрігерлер үйінде орын болмаса қаладан пәтер жалдап, ақысын емхананың өзі төлейтін болады, – дейді Асхат Өтебаев. 

Биыл Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институтын 528 студент бітіріп отыр. Олардың 47-сі – хирург, 32-сі – акушер-гинеколог, 67-сі – терапевт, 28-і – педиатр, 250-і – жалпы дәрігер практик, 103-і – стоматолог. 

– Біздің студенттерге ең көп сұраныс Петропавл қаласынан және Маңғыстау облысынан. Сондай-ақ Қарағанды облысының Шахтинск, Абай, Преиозерск, Балқаш қалалары мен аудандарынан келеді. Бұл өңірлерде әсіресе акушер-гинеколог және хирург мамандары тапшы. Ал былтырғы бітіруші түлектердің 80%-ға жуығы жұмысқа орналасса, қалған 20%-ы шетел азаматтары және бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы азаматшалар, – дейді Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институтының Дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы Айнұр Сариева.

Сырлы Созақ, берерің көп-ақ

Среда, 19 Апрель 2017 11:26

Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Қарабура кесенелері бар киелі мекен, кезінде мәдениеттер өркениеті тоғысқан, облыстың үштен бір бөлігін алып жатқан шежірелі Созақтың тарихы тереңде жатыр. Оған Теріскейлі қарт Қаратау куә. Талай ақын-жазушылардың, ғалым-зерттеушілердің еңбектеріне арқау болған қазыналы өңірдің бүгінгі келбетімен таяуда облыс журналистері танысып қайтты.

17523466 1523111511032189 4332066716904942055 n

«Дархан-ас» тұз шығаратын зауыты

 

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікке кеңінен тоқталып, әсіресе аграрлық өнеркәсіпті дамытуға мейілінше баса назар аудару керектігін айтып келеді. Сондай-ақ осы бағытта кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарға барынша мол мүмкіндік беруді тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Созақ ауданының тұрғындары 47 мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. 

17634605 1523111671032173 4261494945997691016 n

Тоқтар Тәжібеков – мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның «Құрманәлі» шаруа қожалығында 1530 қой бар. Қазір қойдың қазақы және қылшық жүнді түрлерін будандастырып, бір қойдан 80 келі ет алып отыр. Алдағы уақытта ұсақ малды шетелге экспорттауды мақсат еткен. 2016 жылы ауданнан 2688 ұсақ мал Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарылған болатын. Биылғы жылы нарыққа 10 мыңнан аса мал сату жоспарланған. 

– Созақ жері мал асырауға өте қолайлы. Ал табиғи, құнарлы шөптерді жеп өскен малдардың еті де жақсы болады. Сондықтан да шетелге экспорттауға тиімді. Осыны ескеріп алғашқыда «Созақ несиеден» 3 миллион алып, жүз шақты қой асырай бастадық. Кейіннен басқа да малдарға біртіндеп көштік. Қазір мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға көп мүмкіндік беріп отыр. Жалпы өкіметтен 10 миллион теңге көлемінде субсидия алдым, – дейді «Құрманәлі» шаруа қожалығының басшысы Тоқтар Тәжібеков.

17626689 1523125481030792 3031359387668689253 n

IMG 8087-03-04-17-12-02«Аруана» қымыран цехы

 


Үш отбасы жұмысқа тартылған шаруа қожалықта қойдан бөлек 61 сиыр, 121 бас жылқы және 345 түйе бар. Сүт пен қымызды қоспағанның өзінде кооперативке күніне 30 литрден 100 литрға дейін қымыран тапсырады. Ал бұл өткізілген түйе сүтін қабылдап, оны өңдейтін «Аруана» өндірістік кооперативі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауыл округінде орналасқан.

– Цехтың ғимаратын жөндеп, түйе сүтін өңдеп шығаратын құрылғыны алу үшін «Ырыс» несиеден 12 миллион теңге несие алдық, – дейді «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Әдишов. 

Күніне 1 тонна сүт өндіретін кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Келешекте бұл көрсеткішті 5 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазір мұнда қымыраннан бөлек, айран, иогурт, кілегей секілді өнімдер де шығарылуда. 

– Қазіргі дәрігер-ғалымдар уран өндірілетін аумақтағы тұрғындарға күніне жарты литр қымыран ішіп тұруға кеңес береді. Өйткені, мұндай жерлердегі адамдар туберкулез және түрлі ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Ал қымыранның осы дерттерге қарсы емдік қасиеті бар, – дейді «Аруана» кооперативінің инженер-технологы Көшбаев Сәрсен. 

Созақ – уран мен алтыннан бөлек тұз өндіруге де қолайлы аймақ. Мәселен, аудандағы «Бақыт таңы» тұз кені қазірде бүкіл өңірді ас тұзымен қамтамасыз етіп отыр. «Дархан-Ас» деп аталатын өндіріс кәсіпорны сағатына 5 тоннаға дейін иодталған ас тұзын өңдеуге қауқарлы. Қазір онда бас-аяғы 30 адам қызмет етуде. Дайын өнімнің аудан дүкендеріндегі 1 келі бағасы 20 теңге. 

IMG 8110-03-04-17-12-02

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, осы өндіріс орнын аштық. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Алдымен бізге келген тұз жуылып, кептіріледі. Сосын иодталып, қорапқа салынып, сатылымға жіберіледі, – дейді кәсіпорын басшысы Мұрат Сапаров.

Айта кетейік, елімізде былтырғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 740 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алғашқы жартыжылдықта оған 9500-ден аса адам қатысып, 15 мың жұмыс орны ашылған. 

Сапар барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанның орталық кітапханасында да болдық. Шолаққорғанның Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қалалар арасында кітап қоры жағынан көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн. 

– Кітапханада 385 мыңнан астам кітап бар. Олардың 8500-і сирек кездесетін құнды кітаптар. Сондай-ақ, бізде әлемдік әдебиеттің 280 томдығы және көне кітаптардан «Манас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары өте жақсы сақталған,–дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Зылиха Мыңжасарова.

17626287 1523099131033427 5254642019172265681 n

Кітапханада бұдан бөлек соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» секілді газеттердің мұрағаты сақталған.
Кезінде «Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел» деп Шерхан Мұртаза айтып өткен Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құрылған индустриалды аймақтың бірі.

17626434 1523144154362258 8052394877444214943 n– Созақ ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқан. Бізде теміржол жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытып, «ҚазАтомПром» мекемелеріне қатысты өнімдер шығаруға басымдық берілген. Сосын ауылшаруашылық саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Жылына 10 млрд теңгенің өнімін өндіреді. 830-дан астам шаруа қожалық бар. Ал аудан бойынша 250 мың ұсақ мал, 9000-нан астам түйе, 25 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 11 мыңнан астам жылқы бар,  –  деді аудан әкімі
Мақсат Исаев облыс журналистерінің Созақ өңіріне жасаған сапары кезінде.

 

Сапарғали ҚАНАТ,
Шымкент – Шолаққорған – Шымкент

 

 

Жас кәсіпкерлермен кездесті

Среда, 12 Апрель 2017 05:23

Елбасы Н.Назарбаевтың кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі «Rixos Khadisha» қонақүйінде жас кәсіпкерлер клубының алғашқы отырысы өтті.

akim kezdesui

Шараның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев қатысты. Өңір басшысы алдағы уақытта жас кәсіпкерлерді шетелдерге тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен жіберу қажет және кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын іске асырудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсу керектігін айтты. 

– Облыс экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әрбір азамат мұндай жұмыстарды шағын істерден бастауы қажет. Өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Ендігі қадам, осынау кәсіп иелері бірігіп, жұмыс істемей тұрған ескі зауыттарды қалпына келтіріп, сол жерде бизнесті одан ары қарай дамыту болмақ, – деді Ж.Түймебаев. 

Шара барысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры А.Абубакиров жас кәсіпкерлер клубында 40 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер бар екенін, клубтың кәсіпкерлер арасында байланыс орнатып, түрлі мәселелерді талқылау мақсатында құрылғандығын атап өтті.

«…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын».

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан)

IMG 8046-29-03-17-05-26

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету... және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген болатын.
Жолдаудан кейін көпшілік көкейінде «Елбасы Жолдаудың бірінші басымдығында көрсеткен «3D-принтинг» деген не?» деген сұрақ туындады. Расында да бұрындары тек атын ғана естіп, затын көрмеген бұл не нәрсе? Ол қалай жұмыс істейді? Елімізде бұл сала қаншалықты дамыған? Қазіргі таңда 3D-принтердің қыр-сырын жетік меңгеріп, оны кәсібіне айналдырған шымкенттік Мұқағали Сағынтайды әңгімеге тартқан едік.

 

H0comkjxHak– Мұқағали, саған мұндай идея қашан келді?

– Алматыдағы Политехникалық университетте оқып жүргенде ұстаздармен, группаластармен көптеген жобалар жасап жүрдік. Сол кездерде осы 3D-принтерге қызығушылығым арта бастады. Алғашқыда үйде әуесқой құрылғыны қолданып жүрдім. Cұраныс көбейе бастаған соң, биыл кеңсемді ашып, екі кәсіби құрылғы сатып алдым.

– Бұл құрылғылардың қызметі қандай және оларды қайдан аласың?

– Мен қолданатын 3D-принтерлер пластик, пластмассадан кез келген бұйымдарды жасайды. Мәселен сіздің пластмассадан жасалған сүйікті затыңыз сынып қалса. Және ол желімдеуге келмесе біз дәл сондай етіп оның жаңасын жасап береміз. Қазір көпшілігі тұрмыста пайдаланатын заттарды жиі жасатады. Өйткені зауыттарда өзіңнің ойыңдағы бұйымдарды арнайы шығарып бермейді. Ал біз істей береміз. Алдымен компьютерде үшөлшемді моделін жасап, принтерге басуға жібереміз. Мұндай 3D-принтерлерді Қытайдан алдырамын. Бағасы 200-300 доллардан басталады. Екі әуесқой және екі кәсіби құрылғым бар. Дәл қазір осылармен көзі көрмейтін адамдарға арналған мүсіндер жасап жатырмын.

– 3D-принтерлердің болашақтағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсың?

IMG 8030-29-03-17-05-16– 3D-принтерлер Америкада сексенінші жылдары шыққанымен, оны 2000 жылдардың басында қолдана бастады. Қазақстанға ең алғаш рет 2005 жылы келді. Ол СЛФ технологиясы бойынша жұмыс жасаған. Оның ерекшелігі, пластиктерді шаңның тозаңындай етіп ұсақтап құйып, лазермен кесетін. Арада көп уақыт өтпей дәл осы тәсілмен металдан жасалған заттарды да дайындай бастады. Бұл өте үлкен жетістік болды. Өйткені, бір талшық шаштың көлемі 70-75 микрон болса, осы 3D-принтер темірді, тіпті титанның өзін 10 микронға дейін ұсақтай алатын еді. Мұндай металды өңдейтін құрылғы елімізде аэрокосмостық және қорғаныс саласында қолданылады. Бұдан бөлек тіс, жақ сүйектерін басып шығара алады. Алдымен сұйық күйінде керекті формаға келтіріліп, ультра фиолетпен қатырылады. Жылдан жылға принтерлердің шығару жылдамдығы, сапасы артып, толықтырылып келе жатыр. Сондай 3D-принтердің бірі Алматыда бар. Ол гипстен жасалатын адамның немесе жануардың қасын қара, шашын қоңыр, ернін қызыл етіп жасап бере алады. Келешекте бұдан да сапалы нәрселер жасайтын принтерлер шығады. Сондықтан, технологияны әрқашан дамытып, жетілдіріп отырмасаң, бірнеше жыл бір қалыпта жұмыс жасау өте қиын.

– Алдағы жоспарың қандай? Пластиктен басқа материалға көшесің бе?

IMG 8034-29-03-17-05-16– Жалпы менің ойым, 3D-принтер жасап, оны сату. Өйткені, бірнеше жылдың ішінде мұндай құрылғылар өзінің маңыздылығын жояды. Бағасы арзандап, қазіргідей табыс бермейді. Көпшілікке қолжетімді болып қалады. Қазірдің өзінде компьютерді талап етпей-ақ, ұялы телефон арқылы да басып шағаратын 3D-принтерлер пайда болды. 2-3 жылдан кейін сатылымға шыға бастайды. Алғашқы бағасы 200 доллар болады деп күтілуде.
Қазір елімізде 3D-принтер жасап шығаратын бір-ақ компания бар. Оның артықшылығы, көп нәрселерін Қазақстанда жасайды. Халық аузында «3D-принтер 3D-принтерді жасайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар ғой, сол рас. Ресейде жылына 3D-принтер жасайтын 2-3 компания шығып жатыр. Барлығы сапалы әрі арзан бағада жасауға ұмтылуда. Бәсекелестік жоғары. Мәселен қазір «Назарбаев мектептерінде» де кеңінен қолданылып жатыр. Ал мен оқыған Политехникалық университетте ТМД елдерінде жоқ 3D-принтер бар. Ол тек пластик қана емес резеңке, эластиктермен де дайындайды. Жасанды адамның терісін жұмсақ, сүйегін қатты, қан тамылардын қызыл, көздерін қара әрі жұмсақ етіп жасай алады.

– Жаңалығың мен қызықты әңгімең үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Қысқа-нұсқа:

3D-принтер – суретті үшөлшемді етіп шығаратын құрылғы. Ол пластик, резеңке, цемент, гипс және тағы басқа заттарды сандық үшөлшемді модель арқылы қабаттап шығарады. Құрылғыны ең алғаш рет 1988 жылы америкалық Халл Чарльз ойлап тапқан. Дәл қазіргі уақытта 3D-принтердің мүмкіндігі шексіз. Оны кез келген салада қолдануға болады. Архитектура, киім-кешек, медицина, электроника, көлік, құрылыс, қару-жарақ тіпті тамақ өнеркәсібінде де. Мәселен үлкен 3D-принтердің көмегімен Қытайда көпқабатты үйлерді тұрғыза бастады. Shanghai WinSun Decoration Design Engineering Co компаниясы алғаш рет 2014 жылы «Ғажайып принтердің» көмегімен бетоннан он ғимарат салған болатын. Ал McKinsey компаниясының бағалауынша, 3D-принтердің технологиялық қолданыстағы экономикалық әсері 2020-2035 жылдарға қарай 500 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Сұрмерген қыз

Пятница, 07 Апрель 2017 10:10

Луиза Сайдиева. Бұл есім спортқұмар қауымға жақсы таныс. Садақ ату спортынан қыздар арасында 9 рет Қазақстан чемпионы атанған. Азия біріншілігінде үздік үштікке ал, әлем чемпионатында үздік ондыққа енген. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға садақ атудан Қазақстаннан тек екі ғана спортшымыз барса, соның бірі осы – Cайдиева. Жазғы және қысқы маусымдарда алыс және жақын қашықтықтан тек қана «Әп, бәрекелді» дегізіп келеді. Кенже қалып қойған садақ ату спортынан дүниежүзілік бәсекелерде міне осы жерлесіміз ел намысын абыроймен қорғап жүр.

surmergen 27-2

Спортшыны Шымкент қаласындағы садақ ату кешенінен таптық. Бір мезетте 60 спортшының дайындалуына мүмкіндік беретін бұл мекен жас «Робин Гудтардың» сүйікті жеріне айналып үлгеріпті. Сонымен, Луизаны тапқанымызбен біраз уақыт оның қасына жақындай алмадық. Неге дейсіз ғой? Өйткені, садақ суық қару ретіндегі қызметін әлі де жоймаған. Сондықтан да садақ ату кезінде алаңға адамдардың шығуына тыйым салынады. Луизаның жаттығуын алыстан бақылап, қырағы қимылдарына сүйсініп тұрдық. Қарапайым кісілерге таңсық көрінетін құралдармен таныса бастадық. Бір қызығы, қазіргі садақтар бұрынғыдан мүлдем басқаша. Біз білетін садақ тек ағаш пен жіптен жасалмаушы ма еді? Ал қазір оқтары да өзгеше. Темірден. Әйтеуір, спортшылар саусақтары мен білектеріне қолғап секілді затты орап, атқан оқтарын «зымырандай зулатып» жатыр. 

Міне, спортшы қыз да көп күттірмей келді. Луизаның айтуынша, бір садақтың жалпы құны 4-5 мың доллар шамасында тұрады екен. Иә, шынында да мемлекет осындай спорт кешендерін салып, құрал-жабдықтарын алып бермесе бұған жеке адамның қалтасы көтере бермейді.

surmergen 27-3Луиза Сайдиеваның кіндік қаны тамған жері – Шымкент. Өзбек аруы Қазақ елінде туып-өскенін мақтаныш етеді. Қаладағы 46 жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан Луиза Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтындағы спорт факультетін 2016 жылы тәмамдаған. Міне, содан бері садақ атумен тыңғылықты айналысып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. 

Садақшы қыз бұл спортқа ағасы арқылы келген. Ағасы да осы спорт түрімен айналысыпты. Бірақ ол қарындасының өзімен бірге барғанын қаламаған. Өйткені, кішкентай болған соң оған әрқашан бас-көз болып қарау керек. Ал ағасы қарындасына қарай ма, әлде садақ ата ма? Сөйтіп жүргенде ағасы бірде жарысқа кетеді. Луиза енді садақ атуға әкесімен келе бастайды. Алғашқы күннен жаттығу алаңына барып жерде жатқан резеңке ширақты (жгут) тартып, ағасынан көрген жаттығуларды жасайды. Оның келген бойда жаттығуларды ептілікпен, дұрыс істеп жатқаны жаттықтырушыларды қызықтырады. Сөйтіп, бапкерлердің назарына ілігіп, садақ ату үйірмесіне қабылданады. Осы орайда, садақ ату спортына келмегеніңде қандай маман иесі болатын едің деген сұрақ қойдық: 

– Мен адвокат болғым келген. Атам екеуіміз осы тақырып төңірегінде көп әңгімелесетін едік. Ол да осы маман иесі болды. Сондықтан менің де сол салаға аңсарым ауып тұратын. Бірақ, мен садақ атқаннан кейін бастапқы қалауымды ұмыттым. Волейбол, баскетбол, жүзу, гимнастика деген сияқты спорт түрлері де қызықтыра бастады. Осылайша спортты жаныма жақын тартып кеттім,-деп жауап берді Луиза Сайдиева.

Спортқа келу бір бөлек, жетістікке жету бір бөлек. Әсіресе, садақ ату спортынан. Бұлай деуіміздің де себебі бар. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша осы спорт түрі елімізде айтарлықтай дамымаған. Олимпиадаға жиырма жылдан бері ала алмай жүрген жолдамамызды енді ғана алған екенбіз. Нақтырағы, Шымкент қаласынан. Садақшыларымыз қатысқан алғашқы Олимпиадада, әлем чемпионатында жеңіс тұғырларынан көріне алмаса да, бұл ізбасар спортшыларға ерекше серпін берері анық. Әлемде бұл спорт түрінен әзірге Малайзия, Түркия, Корея, Моңғолия, Венгрия сияқты мемлекеттер көш бастап тұр. 

Кейде «Садақ атудың несі спорт? Тұрасың да ата саласың. Жүгірмейсің, секірмейсің, ұрмайсың» деген пікірлерді естіп қалып жатамыз. Бірақ олай емес. Садақ атудың әрбір қимылын жасау үшін де дайындық керек екеніне Луизаның жаттығуына куә болғанымызда көзіміз әбден жетті. Мысалы, иықтың қатып қалмай, садақты еркін тарту үшін, оған біраз уақыт бойы түрлі жаттығу жасау керек. Сондай-ақ, садақты тартып, көздегенде атылған оқ қисайып кетпеуі үшін тыныс алуды реттеу керек. Тыныс алуды бір қалыпқа келтіру үшін жүгіріп, өкпені дайындайды. Ал, алдыңғы және артқы аяқтар нық тұруы үшін аяққа күш беретін жаттығулар жасалады. Секіреді. Жүгіреді. Бұдан бөлек дене алға немесе артқа қимылдап кетпеуі үшін арнайы жаттығулар бар. Сондай-ақ, оқты қысып, садақты тік ұстауға арналған машықтардың да түрлері өте көп. Кейде тіпті, далада өтетін турнирлерде жел тұрып яки басқа да қолайсыз жағдайлар туындаса, оның алдын алуға арналған дайындықтар бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. 

surmergen 27-1

Мергендікті меңгеріп, қазақтың ұлттық спортын ұлықтап жүрген өзбек аруының болашақтағы жоспарын да сұрадық. 

– Қаламызда садақ ату спортына қызығушы жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Жаңадан салынған кешенде де ұл-қыздар көп. Келешекте шәкірттер дайындап, оларды жақсы жетістіктерге жеткізетін жаттықтырушы болып, бүкіл өмірімді спортқа арнасам деймін. Ең үлкен арманым – Риода алған тәжірибемді алдағы додаларда паш етіп, Олимпиада чемпионы атанғым келеді, – дейді Луиза.

Иә, садақ ату – тарихымыздың тереңіне тамыр жайған көне ұлттық спорт түрлерінің бірі. Оған тасқа салынған суреттер мен ескі ескерткіштер дәлел. Білсеңіз, «Көз мерген», «Қол мерген» деген ұғымдар қазақта бұрыннан бар. Әлемдік додаларда ел мерейін өсіріп жүрген мерген қызбен жылы қоштасып, армандарының орындалуына тілектестігімізді білдірдік.

Мегаполис мүмкіндіктері

Пятница, 07 Апрель 2017 04:24

Шымкент әлеуетті де дәулетті қала болмақ

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда үлкен өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Оңтүстік тұрғындары мұндай қарқынды өзгерістен, бұрын-соңды бұл аймаққа таңсық болған «Мегаполиске» қызығушылығы ауа бастады. Дегенмен, жұртшылықтың ауызынан әлі де «Шымкент мегаполис болса не болады?», «Мегаполис тұрғындары деген кімдер?», «Жалпы мегаполис деген не?» деген секілді сұрақтарды да естіп қалатынымыз жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

DSC 1952

МЕГАПОЛИС ДЕГЕНІМІЗ...

Қазақстанда бір шаршы км-ге 6 адамнан, ал Сингапурде 7437 адамнан келеді екен. Бұл мемлекетіміздің халық саны жер аумағының үлкендігіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Осындай үлкен территорияда тұрғындарды біркелкі қоныстандыру және үлкен аймақты игеру оңай емес. Сондықтан да мемлекетті модернизациялау бағдарламасында халықты аумақтық ұйымдастыруға баса назар аударылады. Оның дұрыс орындалуы халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Халықты аймақтық ұйымдастыруға – орналасу және қоныстану жатады. Осыған орай облыс, қала, ауылдық елдімекендер деген секілді атауларға бөлінген.

Қалалар – кез келген мемлекет дамуының негізгі рөлін атқарады. Мұнда адамдар көп шоғырланғандықтан түрлі бағыттарда еркін дамуға мүмкіндік болады. Сондықтан да әлемнің барлық жерлерінде ауылдан қалаға қоныс аудару процесі көп жүреді. Бұны бір сөзбен – урбандалу деп атайды. Ал тиісінше қала тұрғындары әлеуетінің артуы жалпы мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізбей қоймайды. 

Қалалық орналасудың 3 формасы бар. Олар қала, қалалық агломерация және мегаполис. 

Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елдімекен. Елімізде қала болуы үшін халық саны 50 мыңнан асуы керек. 

Агломерация лат. aqqlomerare - қосылу деген мағынаны береді. Қалалық орналасудың екінші формасы. Агломерация негізгі қаладан (ядро) және жақын маңындағы байланысы жақсы дамыған серіктес қаладан тұрады. Мысалы, Қарағандыны айтуға болады. Ал бұл Tеміртау қаласының пайда болуынан туындаған. 

Мегаполис – орналасудың үшінші формасы. Грек тілінен meqas - ірі (үлкен), polis – қала деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан «Мегалополь» қаласының атауынан пайда болған. Бұл агломерациялардың бірігуінен туындайды. Мегаполис тек қалалық құрылыстардан ғана тұрмайды. Шамамен аумағының оннан тоғыз бөлігі ғана ашық жерлер болады. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Елімізде Алматы – Талдықорған, Астана – Қарағанды, Шымкент – Тараз секілді қалалар маңында кездеседі. Дүниежүзінде қалыптасқан мегаполистерге Токио — Осока (Жапония), Лондон — Ливерпуль (Ұлыбритания), Ұлы көлдер (АҚШ — Канада) және Калифорния (АҚШ) аудандары секілді жерлер жатады.

«SHYMKENT CITY» – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

Американдық «Population Reference Bureau» зерттеу агенттігінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша жер шарында 7,1 миллиард адам өмір сүреді екен. Оның 4,8 миллиарды Азияда, 1,1 миллиарды Африкада, 760 миллионы Еуропада, ал 352 миллион адам Солтүстік және 606 миллион адам Оңтүстік Америкада тұрады. 2050 жылы әлем тұрғындарының саны 9,7 миллиардқа жетеді деп болжаған.

Аталған ұйым сонымен қатар Токио әлемдегі ең ірі мегаполис екендігін мәлімдеген болатын. Деректерге сәйкес Жапония астанасында 37,2 миллион адам яғни, халықтың 29 пайызы шоғырланған. Ал Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 22,7 миллион, Мексика астанасы Мехикода 20,5 миллион адам тіршілік етеді. 

Деректерден байқағанымыздай, мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асып түсуі керек. Халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкент қаласында 910 мың адам тұрады. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде қаладағы адам саны миллионның үстінде. Мамандар биыл бұл көрсеткішке ресми түрде жетеміз деп отыр. 2017 жылы халық санының өсімі 102,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артады деп күтілуде. Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы - 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Демек, адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейеді деген сөз. Бюджет демекші, егер Шымкент мегаполис болса қала республикадан қаржыландырылатын болады. Сәйкесінше, оның көлемі де артады.

Адам санының өсуіне байланысты әлемнің ең ірі мегаполистерінің өзінде де көлік кептелісі бойынша мәселелер жоқ емес. Дегенмен, Шымкент қаласы мұндай өзгеріске алдын ала қамданып, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік және солтүстік аумағына қарай 5 байланыс жолы қосылады. Және жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, ескі жолдар қайта құрылады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Өңірімізде жыл сайын көлік саны артып, тек қала көшелерінің өзінде 323, күндіз 500 мыңға дейін жетіп отыр.

Үлкен қаланың келбетін көркейте түсетін тағы бір нәрсе – зәулім ғимараттар. Қала әкімінің жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа ғимараттар бой түзейді. Ол Астана, Арғынбеков, Қонаев көшелерінің бойында салынатын болады. Сондай-ақ, еліміздегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы «Shymkent Mall» салынбақ. Дүкен, гипермаркет, балалардың ойын алаңы, кинотеатр, 3000 адамға лайықталған фудкорт, 3500 орынға лайықталған автотұрақ барлығы да 38 гектарды құрайтын осы орталықтан табылмақ. Осының нәтижесінде қала ішіндегі ретсіз сауда жойылып, ірі базарларға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қаланың солтүстік бетінде салынатын «Shymkent city» қалашығы мен жаңа әуежай да қала көркін асыра түсері анық.

Мегаполис тек адам саны мен зәулім ғимараттармен ғана шектелмейді. Мұндай шаһардың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кедергісіз кәсіппен айналысып, сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек. Шырайлы Шымкент шаһарында мұндай мәселелердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, қала басшылығы бұл мәселелерді жоспар бойынша біртіндеп шешіп келеді. Мәселен, қазір халықтың 83,5% ауызсумен, 44,8% кәріз жүйелерімен, 85% электр жарығымен, 65% табиғи газбен қамтылған. 2020 жылға қарай қаланың коммуналдық мәселелері толықтай шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, былтыр 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттерін табыстау жоспарланған. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғынүйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде алдағы 5 жылда 47 619 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкенттің транспорт және логистикалық әлеуеті де жоғары. Қаладан түрлі бағыттарға теміржол мен тасжол өтеді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен көрші мемлекеттерге сауда-саттық жасауға болады. Табиғаты, ауарайы қолайлы. Мал, егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көне шаһар туризмге де өте тиімді. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, осы айтылған барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ» КІМДЕР?

Дегенмен, Шымкентті мегаполисқа айналдыру тек басшылардың ғана бас ауыртатын жұмысы емес. Бұл ретте қала тұрғындары шаһардың шаруасына бір кісідей атсалысуы тиіс. Бізге мұндайда Токио мен Шанхайдың бір-бірін түсінетін, Сингапур мен Баварияның тазалына бейжай қарамайтын, Лондон мен Нью Йорктың адам құндылықтарын бағалайтын мегаполис тұрғындары үлгі бола алады. Міне, «Мегаполис тұрғындары» осылар.

Шымкент те көп ұзамай мегаполис қалаға айналатыны анық. Мұнда да «Мегаполис тұрғындары» өмір сүреді. Көптеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа құрылыстар жүргізіліп, аумағы кеңейеді. Алайда, тұрғындардың мәдениеттілігі де қаламен бірге өсіп отыруы керек. Мәселен, Токио тұрғындары секілді. Бұл жақтың көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп кездестірмейсіз. Өйткені, тұрғындар қоқыстарын үйіне барғанда бірақ тастайды. Бұған әрине таңғаларсыз, дегенмен сүйінішті іс. Сондай-ақ, ол жақта әмияныңыз жоғалып қалса, оны қайтарып беру мүмкіндігі 90%. Ал Берлинде қоғамдық көліктерде билет тексеру болмайды. Әркім өз ар-ұятымен ақша тастап кетеді. 

Бұл бағытта да Шымкент билігі түрлі жұмыстар жүргізуді бастады. Алдымен қоғамдық көліктерде айқайлап адам жинайтын кондукторларды тәртіпке келтіру ұсынылған. Мұндай әрекеттер шетелден және өзге облыстардан келген қонақтарға жағымсыз әсер қалдырады. Бұдан басқа, мәдениетке теріс әсер ететін көлік тұрақтарындағы тәртіпсіздік, жол ережесін бұзу, қоқыс тастау секілді әдеттерден бірге арылуымыз керек.

Страница 14 из 16