Дағдарыс: барынша үнемдеуге үндейді

Понедельник, 02 Февраль 2015 06:18 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5831 раз

Белді бекем буып бейнет ететін, барды үнемдей білген ұтатын кезең туындап отыр. Дақпырты алыстан жеткен дағдарыстың жағымсыз демі анық сезіле бастады. Мұғалім мен дәрігер, жалпы айтқанда бюджеттегілер жаздың күні жалақысына қосылатын теңгеге алаңдаулы. Ауқымды жобалар кейінге шегерілмек. Ірі компаниялар мен қорлар шығысы мен кірісін қайта қарап, үнемдеуге кірісті.

Дамыған мемлекеттер де дағдарыстан шығудың амалын қарастыруда. Әлемге әйгілі ірі компаниялар да етек-жеңін жинақтай бастады. Сарапшылар бұл жолғы дағдарыс 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың жалғасы екенін айтуда. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Ләззат Мұзапарованың мәлімдеуінше, әлемдік экономикалық дағдарыс туындаған негізгі бес проблема бар.  «Біріншіден, әлемдік нарықтарды орталықтандырып реттеу мүмкіндігінің жоқтығы, екіншіден, әлемдік экономиканың нақты секторымен салыстырғанда қаржылық саланың озық дамуы. Бұның салдарынан ақша өндіріске емес, әлемдік нарықтардағы спекуляцияға түседі. Үшіншіден, шикізатқа баға қалыптасуының деформациясы мәселесі ықпал етті. Шикізат бағалары әлемдік қаржы нарықтарындағы ақша көлеміне көбірек тәуелді бола бастады.

kak-sekonomit-na-pokupke-bytovoj-himiiТөртінші кемшілік – қазіргі қолданыста қаржылық жүйенің жұмысы – бұл инвестициялық талаптардың бұрмаланған жүйесі, яғни ол әлемдік рейтингтік агенттіктердің объективсіз рейтингтеріне негізделген.
 Сондай-ақ, бесінші кемшілік – дамыған елдердің шаруашылық субъектілері мен үй шаруашылықтарының шамадан артық несилендірілуі және шектен тыс қарыздарға қызмет көрсетудің күрделене түсуі», – дейді
Л.Мұзапарова.
Мемлекет басшысы
Нұр­сұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында дағдарыс жағдайынан қиындықсыз шығу жолдарын атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, Елбасы жуырда өңірлік және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты ел экономикасы мен қаржы саласындағы ахуал қаралған ке­ңес өткізді. «Дағдарыстың көрінісі елі­міздің экспорттық тауарлары­ның, әсіресе, соңғы жарты жылда құны барреліне 50 доллардан түсіп кеткен мұнай бағасының төмендеуінен байқалды. Ел бюд­жетіне қаражат түсімін қамта­масыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де ба­ғасы төмендеді. Сонымен қатар, Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатыс­ты санкциялар, ресейлік рубль­дің қазіргі жағдайы ықпал етіп отыр. Сондықтан біз ахуалды ба­қылап отыруға және тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз», – деді Қазақстан Президенті кеңес барысында. Сонымен қатар,
Елбасы бюджеттің күрт қысқаруы себепті Үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келетінін, барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек екенін атап өтті. «Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса, жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады. Жағдай осылай өрбитіні елімізде бол­жанған және жағымсыз құбылыстарды еңсеру үшін тиісті шаралар әзірленген. «Нұрлы Жол» бағдарламасы елдің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға бағытталған, оның бүкіл экономикаға муль­тип­ликативтік әсері болады. Соны­мен қатар, индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында 75 нысан іске қосылуы тиіс, олардың негізінде 7500 жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Дағдарыстан қарапайым адамдардың жапа шекпеуін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап көрсеткен Елбасы Үкімет пен оның әрбір мү­ше­сі жұмыстың тиімділігі мен қа­ра­жаттың жұмсалуын бақылауға жауапты болатынын ескертті.
Қазақстан бұл дағдарысқа дайын. Еліміздің қоры жеткілікті. Сонымен қатар, ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылардың айтуынша, ағымдағы жылы ғана  жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігі мол, келешегі кемел. Оған мүше елдердің экономикалық қуаты артып,  алыс-берісі кеңейе түспекші. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың пікірінше,  кем дегенде бір жыл бойы мұнай бағасы қымбаттамайды. Қара алтын құны 50 доллар төңірегінде сақталады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, наурыз айының соңына қарай Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 31 долларға дейін құлдырайды. Мұнай бағасының төмендеуі жаңа әлемдік қаржылық дағдарыстың алғашқы сатысы ендігі ретте өзге де тауарлардың құны арзандауы мүмкін. Институт сарапшыларының пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс ұзаққа созылады. Ал еліміздің EAЭО-ға кіруі қаржылық қиындықтарға қарсы тұрып, оның салдарымен күресуге серпін береді. Мамандар Қазақстан бұрынғыдан гөрі биылғы экономикалық дағдарысқа тыңғылықты дайындалғанын алға тартып отыр.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ.

Последнее изменение Понедельник, 02 Февраль 2015 08:44
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.