22 жобаны қаржыландырады Избранное

Пятница, 17 Июль 2015 04:37 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4473 раз

Шымкент әуежайы еліміздегі ең тұңғыш
мультимодельді хаб болып қалыптаспақ

«Театр киім ілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Бұл сөзді қалаға балама ретінде қолдансақ, Шымкентке келген әрбір қонақтың қадамы вокзалдар мен әуежайдан басталатыны мәлім. Яғни, облыс орталығы туралы пікірдің қалыптасуына аталған нысандардың ықпалы зор. Бұл орайда, еліміздің үшінші мегаполисі - Шымкенттің әуежайының сыртқы-ішкі келбеті ғана емес, бүкіл құрылымы мүлде өзгермек.

img 8093 1200

Әуежайдың жаңа терминалымен қатар автостанса және темір жол перронын салу жоспарланып отыр. Шымкент әуежайы еліміздегі ең тұңғыш мультимодельді хаб болып қалыптаспақ.
Өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің назарына Шымкент қаласындағы әуежайды жаңғырту жобасы ұсынылды. Әуежай қызметін пайдаланушылар саны жыл санап арта түсуде. Мысалы, былтыр әуежай 420 мың жолаушыға қызмет көрсетсе, таяу уақытта мұндағы жолаушылар ағыны 30 пайызға артады деп жоспарлануда. Демек, әуежайдың терминалы мен ұшу және қону жолағын заман талабына сай қайта жасақтау уақыт талабы. Бұл орайда, жобалаушылар Шымкенттің күн санап ұлғайып келе жатқанын ескергені анық. Сондай-ақ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен «Стандарт цемент» ЖШС цемент зауытын қайта жаңғырту жұмыстарымен және Шымкент қаласында салынып жатқан сауда-логистикалық орталығында «Continental Logistics» ЖШС-нің қойма кешендерімен танысты. Сауда-логистикалық орталығында «А» классты заманауи қоймалар құрылысын бастаған ««Continental Logistics» ЖШС жобаның екінші кезеңінде өзімізде өндірілген көкөністер мен жеміс-жидектерді қалыпты күйінде сақтауға арналған климаттық қоймалар құрылысын бастауды ұйғарып отыр.
Облыс әкімі А.Мырзахметов пен «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Б. Жәмішевтің кездесуінде экономика өсімін арттыруда қосымша резервті анықтау мәселелері талқыланып, қаржыландырылуы тиіс жаңа инвестициялық жобалар сараланды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында қос тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жалпы құны 617,5 млрд теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен сөз болып, экономиканы өрге сүйрейтін жаңа жобалардың таныстырылымы өтті. Айта кетелік, индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында жалпы құны 868,8 млрд теңгені құрайтын 115 жоба іске аспақ. Бұл
кәсіпорындарда 19,9 мың жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлануда. Оның ішінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында құны 12,2 млрд теңге болатын 2 жоба іске асып, 420 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асқалы бері 790 шағын және орта бизнес субъектілері 407,6 млрд теңгеге қаржыландырылып, 13041 жаңа жұмыс орындары құрылған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.