ДСҰ-ға мүше болу - Қазақстан үшін тарихи оқиға

Пятница, 31 Июль 2015 04:41 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6888 раз

Әлемнің 160-тан астам алып елдерін қанатының астына алған Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болу үшін Қазақстан 1996 жылдан бері әрекет жасап келді. Арадағы 19 жылдық келіссөздер текке кеткен жоқ. Осы аптада Женевада өткен жиында Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі Хаттамаға қол қойылды. Енді Қазақстан Парламенті еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына өту шарттарын ратификациялағаннан кейін ұйымға толыққанды мүше боламыз.

DSU 31

– Бұл – Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Қазақстан үшін бұл сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл – реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, Ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады, – деп ДСҰ-ның бас директоры Роберто Азеведо Женевадағы жиында еліміздің Ұйымға кіру үдерісі барысындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  көшбасшылығына жоғары баға берді.
Елбасы Н. Назарбаев  кезегінде ДСҰ-ға мүше барлық елдерге, Ұйым хатшылығына келіссөздер барысындағы сындарлы ұстанымдары мен қолдауы үшін, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобындағы төрағалықты қолдағаны үшін Финляндия Үкіметіне алғысын білдірді.
Иә, Мемлекет басшысы атап өткендей келіссөздер өткен аралықта Қазақстан экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгерді. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Бүгінде біздің елімізбен 185 мемлекет сауда-саттық жасайды.
– Қазақстан аз уақыттан соң ДСҰ нормаларымен жұмыс істей бастайды. Дей тұрғанмен, біз кедергілерді жойып, ашық ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетіп, өңірлік ықпалдастық локомотиві бола отырып, экономикалық саясатымызды әуелден-ақ «ДСҰ рухында» құрып отырмыз. Бұл Ұйымның мүшелері арасында сауда-саттық кезіндегі кемсітуге жол бермеу – ДСҰ-ның басты қағидаты. Экономиканы саясатпен араластыратын санкциялық саясат саудаға кедергі келтіреді және ДСҰ қағидаттарына сай емес. Мұндай жайтты болдырмау біздің ортақ міндетіміз деп ойлаймын. Сіздерге бірлескен еңбектеріңіз үшін тағы да алғыс айтып, біз Ұйымның барлық мүшелерінің мүддесі, экономикаларымыз бен халықтарымыздың игілігі үшін ДСҰ аясындағы алдағы жұмысқа дайын екенімізге сендіргім келеді, – деп Мемлекет басшысы еліміздің еркін сауда және ашық ықпалдастық қағидаттарына берік екенін жеткізді.
Дүниежүзілік Сауда Ұйымы – бұл ең алдымен қызу бәсекелестіктің кепілі. Ал бәсеке бар жерде сапаның орын алуы заңдылық. Мұнда бәсекенің күштілігі соншалық, дамушы елдер мен дамыған елдер арасындағы қызмет пен тауар құнын алшақтатып, тіпті, дамушы елдердің экономикалық әлеуетін тұншықтыруы да мүмкін. Бірақ, әлемдік тауар айналымның 90 пайызға жуығын уысында ұстап тұрған ДСҰ-ға кірмей, өзге мемлекеттермен терезе теңестіремін деуге әсте болмайды. Сондықтан Қазақстанның бұл ұйымға аса ыждаһаттылықпен, зор дайындықпен келгені ДСҰ-ның маңыздылығын аңғартады.
Айталық, көрші қырғыз елі ДСҰ-ға небәрі  екі жарым жылдық келіссөздер нәтижесінде қол жеткізді. Бұл әлемдік ұйымға кірген елдер тарихындағы ең қысқа мерзім болып саналады. Ал, Ресей 2012 жылы мүшелікке қабылданды. Дегенмен, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне мүдделі емес елдер бар. Солардың бірі – Ресей.
«Егер Қазақстан ДСҰ-ның ыңғайына жы­ғылып, тарифтік бағаны бірден түсіріп жіберетін болса, онда ол ел арқылы Ре­сейге арзан тауарлар лап береді. Көлік өн­дірісі, ауылшаруашылық саласы құлап қалмақ. Өйткені арзан жеңіл көліктер, ұшақтар, тікұшақтар, ауыл-шаруашылық көліктері еліміздегі осы сала бойынша жұ­мыс істеп тұрған зауыт-фабрикалардың қарқынын тоқтатады. Шығарып жатқан отандық өнім шетелдік тауарлармен бәсе­келес бола алмайды. Демек, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі – Ресей үшін үлкен қатер» деп дабыл қақты Ресей экономистері. Ал, отандық сарапшылар ДСҰ-ның шарты ЕЭО келісімімен қайшы келмейтініне, әлемдегі тауар айналымының 90 пайызы жүретін сауда ұйымына кіруден Қазақстан ұтатынына сенімді.
Иә, Қазақстан ДСҰ-ға кіру үдерісі барысында аз жұмыс атқарған жоқ. 50-ден аса жаңа заң қабылдап, 10 халықаралық келісімге түзету енгізді. Мұның бәрі Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданғанын атап өткен жөн.
Сөйтіп ұйымға 162-ші ел болып қабылданатын Қазақстанның алдында биік міндеттер мен басым бағыттар тұрғанын ұмытпауымыз керек.

К. ЕРАЛЫ

Последнее изменение Пятница, 31 Июль 2015 05:10
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.