Биыл 12 мың гектарына арпа-бидай егiліп, оның 10 мың гектардан астамы орылған. Бұл туралы бізді егістік алқабына бастап алып барған қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің ауылшаруашылығы секторының меңгерушісі Бағлан Баймырзаев айтты.
Қаладағы «Жұлдыз-К» ірі өндірістік кооперативіне қарасты алқапта да егін орағы аяқталуға жақын. Өндірістік кооперативтің төрағасы Әлібек Арыстанбайдың айтуынша, бұл ұжымдық бірлестікте 240 үлескер бар. Несібесін жерден теріп жеген диқаншылардың еңбегі ерен. Күннің аптап ыстығына қарамастан күн ұзақ қыр басында жүріп, бидай орып, оны жинап, қамбаға жөнелтеді. Тракторшылары Қорған Тұрсынбетов пен Хайтмат Эшметовтың жасы алпысты алқымдаған. Десе де, жаздың шіліңгір шілдесінде тынымсыз еңбек етуде.
– Осы өндірістік кооперативті басқарып келе жатқаныма 14 жыл болды. 11 жұмысшы бар. Олардың айлығы 30-60 мың аралығында. Бұдан бөлек ұн мен жем-шөбін беріп тұрамын. Үлескерлерге де жыл сайын табыстан үлесі ретiнде ұн, кебек, жем-шөп үлестіріледі. Бізге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетiлуде. Жеңiлдетiлген жанар-жағармайды, тыңайтқыштарды уақытылы алып отырмыз, – дейді Ә. Арыстанбай.
«Жұлдыз-К» ӨК-iне 952,81 гектар жер тиесілi. Оның 37,85 гектары – суармалы жер. 300 гектарына күздiк бидай, 420 гектарына мақсары, 8,9 гектарына жоңышқа егіпті. Бидайдың гектарынан 18-20 центнер көлемінде өнім алған. Наурыз айының орта шенінде жауған қар мен жаңбырға қарамастан биыл жоғары өнім жинаймыз деп отыр диқаншылар.
Ә. ӘБУ