Төл теңге – тәуелсіздік нышаны Избранное

Среда, 30 Ноябрь 2016 09:24 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 9385 раз

Теңге – тәуелсіздіктің төл перзенті. Ол Әнұран, Ту, Елтаңба секілді басты атрибуттармен қатар жүретін тәуелсіздігіміздің бірден-бір нышаны. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақ елі рубльден бас тартып, қолдарына теңге тигенде ерекше сенімде болғаны рас. ҚР Президентінің 1993 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын.

tenge

Жалпы, төл теңгемізді дайындау шаралары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Ұлыбританияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Ұлыбританияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және оның ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. Бұл жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еске алған-ды: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны, ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»... Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен, валютамыздың құны түскен жоқ. Мәселен, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өйткені, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес. 

Төл теңге айналымға жіберілген сәтте біздерге де Оңтүстік өңіріндегі қиындықтар мен аса қауырт міндеттерді еңсеруімізге тура келді. Ол тұста мен қарапайым ғана есепші міндетін атқарушы едім. Айлық жалақым 3200 теңге ғана болатын. Бір қап ұнның сол кездегі құны 2800 теңге болғанын ескерсек, бұл жалақы тым мардымсыз еді. Дегенмен, Тәуелсіз елдің ертеңгі өмірі жарқын боларына біз шүбәсіз сендік. Және осы мақсатта мезгіл талғамай жұмыс істедік. Бүгін міне, төл теңгеміздің тұғыры бекіді. Әлемдік аренада өз орнын әйгіледі. Бұл жетістіктерге жету жолында елдегі барлық қаржы саласының мамандары айтарлықтай тер төкті. Төл теңгенің нығайып, қалыптасуына өз үлесімді қоса білгенімді әрдайым мақтан етемін.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.