Отандық өнім - экономиканың өрісі Избранное

Среда, 03 Октябрь 2018 04:02 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4692 раз

«Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.»

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан.

d0cbd806870bb626725a333b79dc1be3-small

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2018 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» десе, соның айқын көрінісін 2013 жылдан бері кілем-тоқыма өндірісін жолға қоя алған «Бал Текстиль» ЖШС-інен көруге болады.
Шымкенттің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өндіріс орындарының арасынан бұл фабриканың тәжірибесі мол, алар асуы биік. Кәсібін түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бірігіп бастаған басшы Талғат Ысқақовпен жуырда жаңа технологияның мүмкіндіктері мен жеңіл өнеркәсіп жайында сұхбаттастық.
– Талғат Жүнісбекұлы, «Бал Текстиль» - кілемдері отандық өнім болғандықтан ғана емес, еліміздегі №1 кілем өндірісін жолға қойған фабрика. Түркияда жеңіл өнеркәсіптің бұл түрін дамытқан компаниялар өте көп. Бауырлас елден кілем әкеліп сатумен бұған дейін өзіңіз де айналыстыңыз. Ендеше, қазақ жерінде кілем тоқитын цехты ашу жобаңызға кім қолдау танытқаны туралы айтып беріңізші...
– «Kartal Carpets» – түркиялық кілем өндіру нарығында өзіндік орны бар компания. Компанияның кілем және кілем бұйымдарын өндірумен қатар осы өндіріске қолданылатын полипропиленнен жасалатын жіптерді шығарумен де нарыққа аты мәлім. Ондағы технологиялық мүмкіндіктер де жоғары. Жұмысы жақсы жолға қойылған.

– Технология демекші, 250-ге жуық қызметкері бар «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында қолданылатын технология қандай?
– Кілем өндіру процестері әлемнің түкпір-түкпірінен келген жоғары технологиялы машиналарында жүргізіледі. Атап айтсақ, кілем тоқитын «VAN DE WIELE» машинасы Бельгиядан әкелінсе, пропиленнен жіп шығаруға Германия мен Францияның «Oerlikon Neumag», «Allma Volkmann», «SUPERBA» машиналары қолданылады.

– Әр машинаның қызметіне тоқталып өтіңізші.
– Біздің фабрика 1 жылда 5 млн шаршы метрге дейін кілем бұйымдарын өндіре алады. Ал машиналар шығарылған жылына байланысты түрлі модельдерге бөлінеді. Олардың ішіндегі ең жаңасы ені 5 метрге дейінгі кілемді тоқи алады. «Oerlikon Neumag» Германиялық машинасымен полипропиленнен жіп өндіреді. Оның жылдық қуаттылығы – 4000 тонна полипропилен жіп. «Бал Текстиль» кілемдеріне сұраныстың артуына байланысты қазір бұл станок ішкі қажеттілікті толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан болашақта тағы бір станок алу жоспарымыз бар.

– Полипропиленді жіпті фабриканың өзінде өндіру қаншалықты тиімді?
– Германиядан әкелген машинаны орнатып, жіп өндіру жобасын іске қосқанда кілемнің өзіндік құны 20%-ға төмендеді. Оған дейін тоқымаға қажетті жіптерді шетелдерден импорттауға мәжбүр болатынбыз. Қазір жіпті фабриканың өз цехында өндіру шығынды біршама азайтты. Бұл біз тоқыған кілемдерің арзан бағамен сатылуына да ықпал етті.

– Күріш тәрізді түйіршіктелген полипропиленнен жіп өндіру процесінің өзі қызық екен...
– Иә, алдымен «Oerlikon Neumag» машинасынан шығатын жіп талшықтары «Allma Volkmann» машинасында иіріледі. Бір жіп 144 талшықтан құралса, келесісінде 180 талшық болады. Талшық санына қарай олардың сапасы анықталады. Осы талшықтарды түтілместей етіп ширату үшін Франциядан алдырған «SUPERBA» машинасында ширатылады. Мұнда иірілген жіптер 70-1350 С ыстық буға піседі. Ыстық буға піскен полипропиленді жіптер өзінің бастапқы иірімділік қалпын сақтайды және кілем бетіне ауыр зат қойғанда түгі құлап, сынбай бастапқы қалпын сақтайтын болады.

– Ал жіп өндіретін шикізаттың өзін қайдан аласыздар?
– Кілем өндірісінде қолданылатын негізгі шикізат көзі – пропилен. Синтетикалық материал полипропиленнің артықшылығы - ширатымдылығы жақсы. Кілемге кететін шығынды барынша азайтады. Есесіне өнімнің құны төмендейді. Ал табиғи шикізат қатарына мақта және бамбук ағашынан жасалған «JUT» жіп өнімдерін атауға болады. Көлемге табиғи шикізат көбірек қолданылған сайын оның халықаралық ISO 9000, ISO 14000, ГОСТ стандарттарына сәйкестігі арта түседі.

– Талғат Жүнісбекұлы, стандарт туралы айтқанда, «кәсіпорындағы негізгі құжаттардың бірі – кілем өндірісінде қолданылатын мемлекетаралық стандарт ГОСТ 28415-89. Бұл стандартқа сәйкес өнімдер Қазақстан Республикасында ғана емес осы стандарт мойындалған алыс-жақын мемлекеттердің барлығына шығарылады. Сонымен қатар өнімдер, бұйымдар, қызметтер ГОСТ ISO 9001-2011, ГОСТ 7000-80, СТ РК ИСО 9001-2009, ГОСТ 28003-88, ГОСТ 23364-2001, ГОСТ 29332-2006 секілді халықаралық, мемлекетаралық, мемлекеттік стандарттарына сәйкес» дедіңіз. Сонда «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында өндірілген кілемдер алыс-жақын шетелдерге экспортталатын болғаны ғой?
– Әрине. «Бал Текстиль» ЖШС 2016 жылы шведтің атақты «IKEA» компаниясымен сауда-саттық саласында келісім жасады. Сонымен қатар Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікістан сияқты өз төңірегіміздегі елдермен қатар еуропалық Германия мен Ұлыбритания елдері де қазақ өнімін тұтынуда. Бұл біздің фабриканы сапа арқылы қол жеткізген жетістігі. Өндіріс орны еліміздің барлық аймақтарында фирмалық дүкендер желісін ашып, отандық өнім саудасын жолға қойған. «Бал Текстиль» кілемдері 2014 жылы республикалық «Алтын Сапа» конкурсында «Халық тұтынатын ең үздік тауар номинациясы» бойынша екінші дәрежелі дипломмен марапатталса, 2015 жылы орта бизнес бойынша облыстағы субьектілер ішінде «Ең үздік салық төлеуші» деп танылды. 2016 жылы Женевада өткен халықаралық BID сапа конкурсында «GOLD» номинациясымен жеңіп алды. Ал 2017 жылы республикалық «Алтын Сапа» конкурсында «Халық тұтынатын ең үздік тауар номинациясын» екінші рет иеленді.

– Құтты болсын! «Бірінші жеңіс – сәттілік, екі дүркін жеңіс – мықтылығын мойындату» дейді ғой. Отандық кілемдердің сапалы болуы тек шикізатқа байланысты ма әлде фабрика ұжымының да елеулі үлесі бар ма?
– Қызметкерлер мұнда шығарылатын өнімнің сапасына тікелей әсер ететіндігі айтпаса да белгілі және оларға қойылатын талаптар да жоқ емес. Олар өз ісінің маманы, жауапкершілігі жоғары мамандар. Кадр мәселесіне ерекше мән береміз. Фабриканың дизайнер, технолог, машинист мамандарын жоспарлы түрде шетелге тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз. Бұл мамандардың көбін Түркияда оқыттық. Ал бірқатарын шетелден маман алдырып шыңдадық. Бұл үрдісті тоқтатпаймыз. Түркиялық әріптесіміз «Kartal Carpetsтің» тәжірибелі мамандары да бізге бұл бағытта аянбай көмектесіп келеді. Сондай-ақ, фабрикаға диплом алмаған жастарды да тартып, ептілігіне қарай жастар ұйымының қолдауымен мамандыққа баулуды қолға алғанбыз. Бір ғана талап, мамандық алғаннан кейін сол жастар біздің кәсіпорынға жұмысқа тұруы қажет.

DSC 1944

– «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында қызметкерлерге, жалпы жұмысшы топқа жағдай жасалған ба?
– Кәсіпорын қала сыртында орналасқанымен жұмысшыларды фабрикаға алып келіп, жұмыс соңында үйіне жеткізіп салу үшін арнайы көлік қарастырылған. Яғни, жолға шығындалмайды. Таза су, электр қуаты, жол тағы басқа қажетті дүниелердің барлығы бар. Кәсіпорын ішіндегі асхана күндіз-түні тегін қызмет көрсетеді. Мұндағы қызметтер мен аппараттар адам денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау және жұмыстарды барынша оңтайландыру үшін мүмкіндігінше автоматтандырылған. Тіпті жіп өндіру цехында арнайы медициналық бекет жұмыс істейді. Дінді берік ұстанушыларға кәсіпорынның кез келген бөлімінде намаз оқитын бөлмелер қарастырылған.

– Әр маусымда «Ұлы дала кілемдері» көрмесін ұйымдастырып, өнімдерді жеңілдетілген бағада ұсыну дәстүрі жалғаса ма? Тағы қандай жаңалықтармен тұтынушыларды қуанта аласыздар?
– Көрме жалғасады. Осы қазан айының 10-21 күндері Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағынауданындағы Көрме орталығында «Ұлы дала кілемдерінің» жәрмеңкесін ұйымдастырғалы отырмыз. Ал фабрика өндірісін кеңейту мақсатында жақында тағы да жаңа технологиялық өзгерістер болады. Кілемнің қазіргіден де сапалы түрлерін тоқитын станоктарға тапсырыс бердік. Оны орнатып, іске қосқан соң «Бал Текстиль» кілемдерінің сапасы бүгінгіден де арта түседі. Сонымен қатар Д.Қонаев даңғылындағы «Астана» бизнес орталығының 2-қабатынан фирмалық «Elexus» жоғары сапалы кілемдер дүкенін аштық. Мұнда шетелден келетін қымбат кілемдерді сатумен қатар кеңселерге, балабақша, мектеп, мешіт, мейрамхана сынды ауқымды нысандардың дәлізіне, бөлмелеріне кең көлемде тапсырыс беруге болады. Енді тұтынушылар көп мөлшердегі кілем өнімдеріне фабрикаға келмей-ақ, қала орталығындағы дүкенге барып тапсырыс жасай алады.

– Әңгімеңізге рахмет! Отандық өніміміз арта берсін!

DSC 1910

«ШК»-анықтама

Талғат Ысқақов 1968 жылы 3 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл совхозы, Жүзімдік ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Шаян ауылы Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, Жамбыл совхозында шопанның көмекшісі болып жұмыс атқарған. 1986-1988 жылдары Қарулы күштер қатарында әскери қызметін атқарып, 1988-1994 жылдары Шымкент қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған Талғат Жүнісбекұлы кәсіпкерлік салаға 1994 жылдан бастап бет бұрған. Жұбайы Бибідүрия Қалтаевамен 4 перзент тәрбиелеп өсірген Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы» бүгінде түрлі қайырымдылық шаралардың демеушісі ретінде де танылып жүр.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.