Тариф: құнын көтере ме? Избранное

Пятница, 15 Август 2014 05:41 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4917 раз

Шымкентте жылу тарифі өзгере ме? Бұл мәселе «3-Энергоорталық» АҚ-ның тариф құнын нақтылау жөнінде өткізген қоғамдық тыңдау барысында кеңінен сөз болды. Оған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, антимонополия комитетінің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, тұрғын үй комитетінің төрағалары және саланың жауапты мамандары қатысты.

– Кәсіпорында қазіргі таңдағы қызметкерлердің орташа айлық жалақы мөлшері 53 мың теңгені құрайды екен. Ал, көрші Қызылорда облысындағы әріптестерінің орташа жалақысы 132 мың теңгені құрайтын көрінеді. Жылу тарифін әлі күнге төменгі мөлшерде ұстап келеміз. Жылу мекемесіне Өзбекстан елінен жеткізілетін табиғи газдың қымбат болуы да үлкен мәселе туындатуда. Сол себептен де, өткен жылу маусымында біздерге табиғи газдан бас тартып, мазуттың күшіне иек артуға тура келді. Ал бұл жағдай орталықтың сапалық қызметіне кері әсерін тигізбей қойған жоқ, – дейді «3-Энергоорталық» АҚ атқарушы директорының экономикалық сұрақтар жөніндегі орынбасары Нағима Жақыпова.
Баяндамашы өз сөзінде «3-Энергоорталық» АҚ мекемесінің соңғы 6 жылда жылу тарифін бір мөлшерде ұстап келгенін атап өтті. Яғни, аталмыш орталық ел аумағында ескі тариф құнын сақтап қалған бірден-бір жалғыз мекеме. Мәселен, күні бүгінге дейін табиғи газдың құны айтарлықтай қымбаттаған. Осы үшін де, жылу орталығы айтарлықтай шығынға кез болуда. Мамандардың айтуынша, ендігі жерде жылу орталығы мұнан әрі терең шығынға ұшырамас үшін, жылу тарифін көтеру маңызды. Сол себептен де, табиғи газ құнының қымбаттауына байланысты, жылу орталығы әлі күнге жылу тарифін көтеруге мүдделілік танытып келеді. Себебі, өткен кезеңдермен салыстырғанда, мекеменің шығыны 51,9 пайызға ұлғайған. Нақты деректерді сөйлетсек, 2011 жылдың 15 желтоқсанынан бергі уақытта табиғи газдың құны 5 есе көтерілген. Соңғы мәрте осы жылдың сәуір айында теңгенің құнсыздануы себепті, «3-Энергоорталық» АҚ мекемесі үшін жеткізілетін табиғи газдың құны 26 пайызға, ал жылу қазандықтары үшін беріліп келген мөлшерлі баға 7 пайызға ұлғайған. Сол себепті де, орталық басшылары табиғи монополияға қарсы күрес агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне тариф құнын жоғарылату жөнінде бірнеше мәрте өтініш берген. Яғни, бастапқы жоба бойынша ыстық суды – 5,2 пайызға, бу мөлшерін – 11,1, ал, жылытудың әр шаршы квадраты үшін 91,5 теңгеден 123 теңгеге дейін жоғарылатуды сұрануда. Демек, бұл дегеніміз, шамалай алғанда, жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі пәтердің жылу ақысы 1575 теңгеге көтерілуі тиіс дегенге саяды. Ал, көлемі 32 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтер үшін 1008 теңге төленуі қажет. Мұның барлығы әзірге тек орталық тарапынан ұсынылған жоба ғана. Тариф құнын жоғарылату жөнінде дайындалған жобаны табиғи монополияға қарсы күрес агенттігінің өңірдегі департаменті қызметкерлері терең талдау жасай отырып, нақты шешімді қабылдайтын болады. Басы ашық дүние, тариф құнын жоғарылату жөнінде ұсынылған сауалдың нақты жауабы нақ осы күндері белгілі болмақ. Себебі, қазан айы – жаңа жылу маусымын бастайтын уақыт.

Даму бағдарламасы айқын

«3-Энергоорталық» АҚ-ы – ірі кәсіпорын ретінде аталады. Оның құрамына 3-жылу электр станциясы, жалпы аумағы 234,4 шақырымды құрайтын қос қатарлы жылу құбырлары жүйесі, 5 жылу қазандығы, 9 насос станциясы кіреді. Станцияның электр қуаты 160 Мвт-ті құрайды. Кәсіпорын Шымкент қаласының тұрғындарын толығымен жылумен қамтуға қабілетті.
Осы орайда, мамандар жылу құбырларына жөндеу жұмыстарының тым баяу жүргізілу себебін қаржы тапшылығымен тікелей байланыстырып отыр. Орталық қызметкерлері биыл кесте бойынша жалпы аумағы 22 шақырымды құрайтын жылу жүйелерін жаңалауға ғана тәуекел еткенін айтады. Яғни, бұл көрсеткіш жоспарлы жұмыстардың тек 65 пайызын ғана қамтиды.
Жылу орталығының ағымдағы жылға мөлшерленген инвестициялық қызметінің жалпы сомасы 485,7 миллион теңгені құрайды.

Жылу жөніндегі
пікірталас

«3-Энергоорталық» АҚ мамандары қоғамдық тыңдау барысында қаржы тапшылығын тартып отырғанмен де, орталық қызметінің сапасына жергілікті тұрғындар тарапынан айтылар арыз-шағымдардың мөлшері жыл өткен сайын төмендей түскенін жасырмады. Өткен жылу маусымында тек жеке тұлғалар тарапынан жылу энергиясының сапасына қатысты барлығы 217 өтініш-арыз келіп түскен.
Жиында сөз кезегін алған тұрғын үй комитетінің төрағалары мен көпқабатты үй тұрғындары өз кезегінде жылу орталығы қызметкерлерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелерін де айтып қалды. Бұл қатарды мәслихат депуттаттары да толықтырды.
– Тұрғындар ешбір жағдайда да жылудың зардабын сезінбеуі тиіс, – дейді облыстық мәслихат депутаты Дәурен Ахметов. – Дер кезінде жылу ақысын төлеп отырған жандар сапалы жылуды пайдаланғаны жөн.

Есептегіш құралдары орнатылмақ

Қалалық мәслихат депутаты Ермек Дәрменов «3-Энергоорталық» АҚ-ның бас инженері Марат Симбиновке бірнеше сауал жолдады. Оның бірі, жылы температурасының қалыпты жағдайы қандай негізде сақталатыны хақында болды. Сауалға жауап берген тиісті маман алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлерде жылу есептегіш құрылғылары орнатылатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде, монополист мекеме мен тұтынушылар арасындағы бой көрсетіп қалатын түйінді мәселелерге соңғы нүктені қоюы тиіс.
Көпшіліктің есіне сала кетсек, осыдан апта уақыт бұрын қала әкімдігінің мәжіліс залында бұл мәселе төңірегінде кеңінен айтылған болатын. ҚР аймақтық даму Министрлігінің қаулысына сәйкес, жыл соңына дейін еліміздегі барлық көпқабатты тұрғын үйлерде жылу есептегіш құралдары орналастырылмақ. Бұл мақсатта республикалық бюджет есебінен қайтармалы негізде, 8 миллиард теңге бөлінген болатын.  
Әділін айту керек, жыл өткен сайын жылу мекемесінің қызметі жанданып, сапалық көрсеткіші арта түскені байқалады. Әрине, әлі де болса, түйткілді мәселелері жетерлік. Әйтсе де, олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған жұмыстар көңілден шығады. Жиынға келген көпшіліктің айтар ойы осыған сайды. Ал, тақырыптың негізгі тұздығына айналған тарифті көтеру жайы – ендігі жергілікті атқарушы билік пен антимонополия комитетінің шешіміне тікелей байланысты болмақ.

Жеңісбек КОЛХОЗОВ.

Последнее изменение Пятница, 15 Август 2014 05:51
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.