Дұрыс тамақтануды әр адам өзiнен бастауы тиiс

Пятница, 12 Февраль 2016 06:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7339 раз

«Ауру – астан...» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметі бойынша, халықтың өлім-жітімінің 60 пай-ызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады екен. Тиімді тамақтану – орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартудың, денсаулықты нығайтудың, жұмыс қабілетін арттырудың негізі. Біз қандай өнімді көбірек тұтынып, қандай өнімнен бас тартқанымыз жөн? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Шымкенттегі Ұлттық салауатты тамақтану орталығының басшысы Меруерт Тайжанованы әңгімеге тартқан едік.

 MG 1963– Меруерт Аюбекқызы, сіздердің орталықтарыңыз қашан құрылды? Бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Бұл орталық 2011 жылы құрылды. Бүгінде бес адам жұмыс істейді. Ал өзім үш жылдан бері қызмет атқарып келемін. Біз мектеп пен балабақша ұжымына, оқушыларға, ата-аналар мен мекеме қызметкерлеріне, қала тұрғындарына дұрыс тамақтану жайлы насихат жұмыстарын жүргіземіз. «Салауатты таңғы ас», «Организмге қандай өнімдер қажет?», «Дәрумендердің көздері», «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі», «Семіздіктің алдын алу үшін не істеу қажет?», «Жүкті әйелдер қалай тамақтану керек?» тағы басқа мәселелер төңірегінде ой қозғаған парақшаларды тегін таратамыз. Сауалнама жасаймыз. Сосын Төрегелді Шарманов басшылық ететін Қазақ тағамтану академиясына жолдаймыз. Олар зерттеу жасап, қорытындысын жариялайды. Халық тұтынатын өнімдердің құрамын жіті тексеріп, зиянды тұстарын көрсетеді. Былтыр Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацефтика академиясының «Гигиена 1» кафедрасымен бірлесіп қаладағы 20 мектептің оқушыларына дәріс оқыдық, зерттеу көрсеткендей 7-8 сыныптың оқушылары фаст-фуд өнімдерін көп тұтынады екен.

– Айтқандай, фаст-фуд өнімдерін тек оқушылар ғана емес, жасы үлкен адамдардың да жиі тұтынатынын байқап жүрміз. Зияндылығына ешкім бас ауыртпайтын сияқты...

– Иә, қазір шаурма, сэндвич, пицца, чипсы, қуырылған картоп, дөнер дайындайтын орындар көп, бірақ олардың сапасы мен зияндылығына көпшілігі назар аудара бермейді. Бұлар өте жоғары температурада дайындалатын тағамдар. Май мен консерванттар құрамы өте көп, дәрумендерден ада. Дәл осы тағамдарды ұзақ күнделікті пайдалану салдарынан асқазан жарасы, созылмалы гастрит, жүрек, қан тамыр аурулары мен семіздік пайда болады. Безеулер шығып, тері кеуіп және шаш түседі. Иммунитет төмендеп, ішкі ағзалардың түрлі аурулары бас көтереді. Сондықтан, фаст-фуд өнімдерінен бас тартқан дұрыс. Бұдан бөлек оларды «Кока-кола», «Пепси», «Спраит», «Макси шай» т.б. газдалған сусындарды сатып алып, екі есе өз денсаулығымызға немқұрайлы қарап жүрміз. Олардың ішіндегі әртүрлі химиялық қоспалар орталық жүйке жүйесі, жүрек, қан тамырлары ауруларына шалдықтырады. Шетелдік ғалымдар «Кока-коланың» ағзада калий жетіспеушілігін тудыратынын анықтады. Ал калий жетіспеушілігі ұзаққа созылса, сал ауруына, яғни мүгедектікке апарады. Бұдан бөлек энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс сияқты ауыр дерттерге душар ететіндігі ғылыми тұрғыда анықталған. Сондықтан, фаст-фуд өнімдері мен сусындарға үйір болмауға шақыру, түсіндіру, насихаттау, қадағалау баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Өйткені ертең бізге елдің тұтқасы болар дені сау ұрпақ қажет.

– Соңғы жылдары мамандар семіздікке душар болған адамдардың қатары көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады. Онымен күресудің жолдары қандай?

– Иә, семіздікпен күрес бас ауыртар мәселенің біріне айналды. Шектен тыс салмақ жинаудың тоқсан пайызы дұрыс тамақтанбағанның себебінен. Сондай-ақ, бүгінде адамдар күні бойы компьютер алдында телміріп отырады, қимыз-қозғалыс аз. Тез әзірлеуге арналған жартылай дайын өнімдерді кез келген жерден сатып алып жей салады. Ал олардың құрамындағы дәмдеуіштер мен майлы қоспалар адам ағзасындағы қалың ішек бойында, қарын, бөксе мен мықынында жиналып, осылайша денеге артық салмақ қосылады. Семіздік адамның өмір сүру мерзімін қысқартып, ауруды асқындырады. Сондықтан спортпен шұғылданып, жаттығу жасап, дәруменге бай көкөніс, жеміс-жидек пен пайдалы тағамдарды көбірек тұтынған жөн.

– «Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерін жемеңдер», «газдалған сусынға жоламаңдар» деп күресіп жатырсыздар? Нәтижесі қалай енді?

– Осы жұмысты қолға алып, ең бірінші насихат жмыстарын жүргізгенде халық аңтарыла қарайтын. Балалары «фаст-фудсыз, кока-коласыз өмір сүре алмаймын десе», ата-анасы «балам үшін өмір сүріп, жұмыс істеп жүрмін ғой, қалағанын алып жесін, іше берсін» дейтін. Ал қазір адамдардың көзқарасы 50 пайыздан жоғары өзгерді. Денсаулыққа зияндылығын түсініп, бас тарта бастады. Қазір мектептерге барғанда анасы дайындап берген шырынды ішіп, бәліш жеп жүрген балаларды жиі көремін. Өткенде бір әйел айтады: «Балам достарымен «Лаваш» дайындайтын орталықтарда жиі кездесетін еді. Соңғы кездері фаст-фуд өнімдеріне құмарлығы артып бара жатқанын байқадым. Содан кейін одан да достарыңды үйге ертіп әкел, мен сендерге жақсылап ет асып беремін дейтін болдым». Әр ата-ана ұл-қызының құлағына олардың зияндылығын құйып, денсаулықтарын бірге талқылап отырса, абзалырақ болар еді.

– Деніміз сау болуы үшін қалай тамақтанғанымыз дұрыс? Нені тұтынып, неден бас тартқанымыз жөн?

– Ең алдымен тұтынып отырған тағамымыздың құрамында ақуыз, май, көмірқышқылының қанша мөлшерде екеніне жіті назар аударуымыз керек. Мысалы, біз калорияны 100 пайыз деп алатын болсақ, ақуыз 11-12 пайыздан аспауы қажет, 30 пайыз май қышқылынан тұрса, 60 пайыз көмірқышқылымен толығуы керек. Күнделікті тамақтану барысында осы ұстанымды басшылыққа алған дұрыс. Бүгінгі таңда асқынып кеткен қант диабеті, жүрек, қан тамырлары, қатерлі ісік тағы басқа ауру-сырқауға төтеп беру үшін көкөністер мен жеміс-жидекті көбірек тұтынып, майлы, тез қорытылатын, ақуызға бай тағамның мөлшерін азайту керек. Сондай-ақ халық, сапалы әрі қауіпсіз түрде тамақтануға ұмтылу қажет.

– Мектеп асханасындағы өнімдерге көңіліңіз тола ма?

– Өзімнің екі ұлым А. Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда оқиды. Жиі барып, олардың не жеп жүргендерін сырттай бақылап тұрамын. Көңілім толады. Жақында облыстық білім басқармасы мамандарынан хат алдым. Онда оқушыларға мектеп асханасында берілетін ыстық тамақтың, өзге де өнімдердің сапасын бақылайтын «Ведомствоаралық сарапшы тобы» құрылатынын, соған біздің мекемеден бір адам комиссия құрамына енетінін айтыпты. Сарапшы топ қажетіне қарай мектеп асханаларындағы тағамдарды бақылап отыратын болады.

– Көктемнің шығуына да аз қалды. Мұндайда кейбір нәзікжандылар арықтауға кіріседі. Бірі диета ұстайды, бірі дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінеді. Жалпы көктемде арып-азимын деп тырмысу дұрыс па?

– Көктем мезгілінде азуға болмайды. Өйткені қыстан кейін ағза әлсірейді, тұтынатын тағамдарымызда да қыстан қалған көкөністер дәрумендерін жоғалтқан. Сол себепті әр адам көктемде денсаулыққа мұқият қарағандары жөн. Диета ұстаймын деп, мүлдем тамақтанбай қоюға болмайды, асқазан бос болмауы керек. Мөлшерімен тамақтанып, сүт өнімдерін көбірек тұтынып, сәбіз, орамжапырақ сынды көкөністерді жиі жеген дұрыс. Сосын сорпа жиі ішу қажет.

– Өзіңіздің ас мәзіріңіз қандай?

– Таңғы уақытта жұмыртқа жегенді жақсы көремін, сүт ішемін. Түсте міндетті түрде сұйық, қою тамақтар жеймін. Кешкісін сорпа қайнатамын. Сәбізден, қызылшадан жасалынған салаттарды күнделікті тұтынамын.

– «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына кеңесіңіз, тілегіңіз...

– Әр адам дұрыс тамақтануды өзінен бастаса екен. Тамақтану кезінде калорияға мән беру керек. Тоңазтқыштағы майонез, кетчуптың орнына айран тұтынсын, газдалған су ішкенше шырын жасасын, шұжықтың орнына, малдың жүрегін, бауырын, өкпесін пісіріп қойсын, әсіп жасасын. Әр әйел отбасын, балаларын жақсы көрсе, тоңазтқыштағы адам ағзасына зиянды тағамдарды, пайдалы аспен алмастырса екен. Салауатты тамақтануға ұмтылыңыздар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім Бегімбет