«Нұр Отан» партиясы партиялық кадрлық резервін қалыптастыру жұмысын бастады. Бұл жоба – сайланбалы және партиялық лауазымдарға жоғары кәсіби кадрларды ұсынудың жүйелі процедурасына айналмақ. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауов жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Партия өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта аймақтық резервке үміткерлер іріктелуде. Партиялық кадрлық резервке ену үшін үміткерлер 3 сатылы іріктеу жүйесінен өтуі қажет. Яғни, олардың әрбірі үшін кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша кешенді тексеру тағайындалады.
– Партияның аймақтық кадрлық резервіне жалпы облыс аумағы бойынша 200 адам енеді. Яғни, әр ауданнан – 10, қалалардан – 12, облыс орталығынан – 25 үміткер іріктеледі. Келер жылдың соңына қарай, республикалық резерв қалыптастырылады, – дейді Болатбек Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, партияның аймақтық резерві үшін үміткерлерді тіркеу, құжаттарды қабылдау, іріктеу кезеңдерін ұйымдастыру жұмыстары кезең-кезеңімен алдағы 3 ай уақыт мерзіміне белгіленген.