«Жемқорлықпен күрес – басты басымдықтардың бірі...»

Четверг, 07 Август 2014 05:34 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4565 раз
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңес жат әдеттерді күнделікті тірлігімізден аластату, адамдардың санасында бір-біріне сенімділік, кәсіби тазалық орнықтыруға басымдық бере жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы орайда қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Асқар Еркінбековті ашық сұхбатқа шақырып, атқарылып жатқан шаруалар, алдағы міндеттер жөнінде пікір алысқан едік.

– Асқар Сейітжаппарұлы, әңгімеміздің әлхиссасында қоғамдық кеңестің негізгі ұстанымы жөнінде айта кетсеңіз.

– РҚ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Аса маңызды міндет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек» деген тұжырымды айтты. Міне, біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те «Билік партиясы үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес - ерекше маңызы бар мәселе. Бұл - біздің басты басымдықтарымыздың бірі» деп, алдымызға нақты міндет қойды.

 

Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарындағы бастауыш партия ұйымдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарын күшейту талабы қойылуда. Біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және қоғамда оның қандай да көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасауымыз қажет.

– Қазіргі таңда қоғамдық кеңес өзі көздеген мүдде аясынан шыға алды ма?

– Біздің қоғамдық кеңес облыстағы бақылаушы және құқық қорғау органдарымен бірлесе кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Әсіресе, партия мүшелеріне қойылатын талабымыз зор. Бұл бағытта ағымдағы жылдың алғашқы жартысында «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесінің 21 отырысы болып өтті. Онда басқарма, аудандық бөлім басшыларының, ауыл округі әкімдерінің жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. 22 ұсыныс беріліп, оның орындалуы бақылауға алынды.

Қоғамдық Кеңес тарапынан атқарылған жұмыстар тиісті партия филиалдарының Саяси Кеңес Бюроларында тыңдалуда. Есепті мерзімде Кеңес мүшелері мен құқық қорғау органдары  өкілдері бірлесе отырып, облыстық, аудандық мемлекеттік мекемелерде 36 семинар мен «дөңгелек үстелдер» өткізді. Онда жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасалды.

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен мемлекет қаржысының тиімді пайдалануына қоғамдық бақылау жүргізуде еліміздің көшбасшы партиясына үлкен сенім артады. Сондықтан, билік партиясы облыстық филиал жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы аудан, қала әкімдері мен мемлекеттік органдары басшыларының жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарған жұмыстарының есептерін жүйелі түрде тыңдап тұрады. Сонымен қатар, азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйлер мен жер телімін алуда жүргізілетін жұмыстарды да «нұротандықтар» үнемі назарында ұстайды.

– Жергілікті тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдардың басым көпшілігі қай салаға тиесілі?

– Басқосулар барысында анықталғандай, облыс прокуратурасына келіп түсетін арыз-шағымдардың 60 пайызға жуығы жер мәселесіне қатысты болып отыр. Мәселен, өткен жылы жер заңнамасының орындалу барысына жүргізілген тексеруде 1,5 мыңға жуық заңсыз әрекеттер анықталған. Соның 1021-нің актісі бұзылды. Сот арқылы қазынаға 17,6 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар, 1,5 мыңнан астам гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, заңсыздыққа жол берген 100 азамат тәртіптік, 17-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақты айтар болсақ, Шымкент қаласындағы «Моторная» көшесінде орналасқан «Шымкентмай» АҚ-ның жанындағы саябақтың ішінен жеке тұрғын үй салуға жер телімдері оңды-солды таратылған. Бұл саябаққа май шығаратын кәсіпорынның жағымсыз исінен азат ету үшін ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Бүгінде осы демалыс орны жойылып кетудің алдында тұр. Өйткені, саябақтағы көпжылғы жасыл желек оталып, жеке тұрғын үйлер мен түрлі тауар шығаратын цехтар салынған. Салдарынан көпшіліктің демалыс орнына кіруі қиындап кетті. Сондықтан, жергілікті тұрғындардың атынан А.Сыпатаев деген азамат демалыс орны ішінен құрылыс нысандары қаншалықты заңды салынғанын тексеруді өтініп, құзырлы органдарға арыз түсірген. Алайда, еш нәтиже шықпаған. Содан арызданушы «Нұр Отан» партиясына келді. Арнайы құрылған сараптамалық комиссия аталған саябақта 20-ға жуық құрылыс нысанының бой көтергенін және бірқатар ресімделмеген құрылыс жүргізіп жатқанын анықтады.

Жалпы, еліміздегі жер кодексінің 109-бабы, 2-тармағына сәйкес, ортақ пайдаланудағы жерден азаматтар мен заңды тұлғаларға телімдер жеңіл үлгідегі құрылыстарды, яғни, сауда жасайтын шатырларды, дүңгіршіктерді, жарнама құрылғыларын және өзге де сервис нысандарын орналастыру үшін уақытша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ол телімдер ортақ пайдаланудағы жерлер санатынан шығарылған жағдайда аталған кодекстің 48 бабының 1-тармағында көрсетілгендей, сату және жалға беру мәселесі конкурс немесе аукцион арқылы анықталуы тиіс. Ал, аталған саябақ ортақ пайдаланудағы жерлер санатынан шығарылмаған. Анықталған кемшіліктер бойынша партия тарапынан аумақтық жер инспекциясына хат жолданды.

Ардагерлер мен тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне мемлекет есебінен берілген баспаналардың сапасыз салынғаны жөнінде де айтылып жүр. Мәселен, Созақ ауданында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 3 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Оған қазынадан 9,3 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «SIBRA frade СО» ЖШС-і жүргізген. Дегенмен, бұл баспаналардың сапасы сын көтермейтіні анықталды. Айталық, Ұлы Отан соғысының ардагері П.Оңалбаевқа берілген үйдің шатыры дұрыс жабылмағандықтан, төбеден аққан су бөлмелердің қабырғаларын жарамсыз күйге түсірген. Салдарынан электр желілері істен шыққан. Орнатылған жылыту қазандығы да дұрыс жұмыс істемейді. Ауласы қоршалмаған, дәретхана салынбаған. Дәл осындай кемшіліктер теріскейлік мүгедек Э.Құлыншақова мен көпбалалы ана Г.Менешоваға берілген баспаналардан да анықталып отыр. 

Сондай-ақ, қазынадан 39 миллион теңге бөлініп, оған Сайрам ауданында 2011 жылы 10 тұрғын үй пайдалануға берілген. 8 тұрмысы төмен отбасы мен 2 мемлекеттік қызметші қоныс тойын тойлады. Бірақ, олардың да қуанышы көпке созылмады. Айталық, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатына жататын Р.Воронова мен Ж.Ахашова тұратын үйлердің шатыры сапасыз жабылған. Мердігер «Шымкентжилстрой» ЖШС-нің жұмысшылары шатырдың су аққан тұстарына арнайы құрылыс көбігін шашып бекітіп берген. Десек те, ол ұсқынсыз көрінеді. Сондай-ақ, бірқатар үйлердің сыртқы сылақтары түсіп қалған. Аталған мәселелер бойынша біздің ұсынысымыздың негізінде  аталмыш қос ауданның құрылыс бөлімі тарапынан тиісті  жұмыстар жүргізіліп, кемшіліктер қалпына келтірілді.

Жасыратыны жоқ, мердігер мекемелер тарапынан өз ісіне осылайша немқұрайдылық таныту фактілері соңғы кездері жиі кездесуде. Сондықтан, тапсырыс беруші болып табылатын аудан, қала әкімдіктерінің тиісті бөлімдерінің жұмысына алдағы мерзімде бақылау күшейтілетін болады.    

– Қоғамдық Кеңестің алдағы жұмыс жоспары қандай?

– ҚР Президенті, партия Төрағасы Н.Назарбаев саяси ұйым алдына бірқатар тапсырмалар жүктеп отыр. Атап айтқанда, тұрғындардың өзекті мәселелеріне көңіл аударудың тиімді жүйесін құру, сыбайлас жемқорлықпен және алаяқтықпен аяусыз күрес жүргізу, Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен ынтымағын қамтамасыз ету және мемлекет қаржысының тиімді пайдалануына қоғамдық бақылау жүргізу.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өз тарапынан осы айтылғандардың ішінде ең өзектісі, жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты жетілдіру, оны тудырушы себептер мен жағдайларды жою, қызмет бабын пайдаланып, азаматтардың әлеуметтік мүдделеріне қиянатшылық жасау мен құқық бұзушылыққа жол бермеу, қоғамда еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруші жемқорлық әрекеттерге деген төзімсіздік көзқарасты қалыптастыру мақсатында іргелі істерге ұйытқы болуда.

Айта кетерлік жайт, қоғамдық кеңес тарапынан күні бүгінге дейін кемшіліктерге жол берген 35 лауазым иесіне түрлі тәртіптік шара көрілді. Ал өрескел кемшіліктерге жол берген 3 лауазым иесі қызметінен босатылды. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, біз жазалаушы орган емеспіз, біз тек жемқорлықтың алдын алу шараларын қарастырамыз. Сонымен қатар, жемқорлықтың көріністері байқалған жағдайда, құзіретті органдарға тиісті ұсыныстар енгізе отырып, оған қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту жолы арқылы жүзеге асырамыз. Осыған байланысты, мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында кемшіліктерге жол берген партия мүшелеріне партиялық тәртіптік шара көру барысы да назардан тыс қалған емес. Бұдан бөлек, тұрақты түрде жемқорлыққа қарсы форумдар, «Өзіңнен баста», «Таза сессия» акциялары, бұқаралық ақпарат құралдарында жемқорлыққа қарсы «Ең үздік жариялау», «Ең үздік плакат», «Ең үздік партиялық бақылау бекеті» байқаулары өткізіліп, жергілікті жерлерде «дөңгелек үстелдер», қоғамдық қабылдаулар, әлеуметтік зерттеулер және жемқорлыққа қарсы буклеттер мен үндеу парақшаларын тарату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қаржы полициясымен де бірлесе отырып, «Жемқорлыққа жол жоқ», «Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды», Жемқорлықсыз болашақ» атты айлық ақпараттық насихат акциялары өтіп тұрады. Биыл осы үрдістің жалғасы ретінде «Жаңғыру мен жемқорлық – үйлеспес ұғымдар» атауымен акция ұйымдастырдық. Жемқорлықтың алдын алу бағытында «Нұр Отан» партиясы еліміздегі үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен қоғамдық қозғалыс құру туралы бастама көтерген болатын. Осы қоғамдық қозғалыс 2011 жылдың 20-қазанында Астана қаласында өткен келелі кеңесте өзара екіжақты Меморандумға қол қойды. Бұл қозғалысты біздің облыста 151 ірі, әрі беделді үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар қолдады. Осыған байланысты, Форум аясында өткізілетін іс-шараларды осы ұйымдар мен саяси партиялар төрағаларының, өкілдерінің қатысуымен бірлесе жүргізудеміз.

Біз бүгінде экономикамызды барынша дамытып, саяси жүйемізді жетілдіріп жатырмыз. Білімді, мәдениетті әрі бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру жолында алдымызға стратегиялық мақсат қойып отырмыз. Елдің жарқын келешегіне бей-жай қарай алмайтын әрбір азаматты осы жолда қайсыбір «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді назардан тыс қалдырмай, бірлесе күресуге шақырған болар едім.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
 Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.
Последнее изменение Четверг, 07 Август 2014 06:09
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: Жол, жарық, автобус... »