«Еңбек – менiң есiмiмдi елге әйгiледi»

Пятница, 26 Сентябрь 2014 06:42 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5909 раз

Боранбек Шүкірбеков – 50 жыл ғұмырын өңірдің ауылшаруашылығы саласын дамытуға, елдің экономикалық-әлеуеттік дамуына арнаған абыройлы азамат. Бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған қария жасөскелең қауымға үнемі талмай еңбек етудің нәтижесін дәріптеуден жалыққан емес. Отбасында қамқор әке, ортасында іскер басшы, ізденімпаз маман ретінде баршаға бірдей сыйлы бола білген ел ағасы «Еңбек күніне» орай ұйымдастырылған облыстық форумда облыс әкімінің Грамотасымен марапатталды. Осы орайда біз осы бір еңбек адамымен сұхбаттасып, бірер сауалымызды жолдаған едік.

– Боранбек аға, сізді бүгінде көпшілік КСРО-ның «Социалистік Еңбек Ері», екі рет «Ленин» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, сонымен қатар, Арыс, Ордабасы, Сайрам аудандарының «Құрметті азаматы» ретінде жақсы біледі. Осындай жоғары марапатқа қалай жеттіңіз?
– «Еңбек – адамды ер атандырады» дейді ғой дана халқымыз. Біздің балалық дәуреніміз заманның қым-қиғаш кезеңдерімен тұспа-тұс келді. «Мен әлі баламын», не болмаса «мен қажыдым» деп, түрлі қиындық барысында сыр берместен, еңбек жолына ерте кезден араласуға тура келді. 1945 жылы Арыс қаласындағы Задарья қаракөл қой совхозында шопанға көмекші болып еңбек жолын бастадым. Ер жете келе қатардағы  жұмысшы, механизатор, көлік жүргізуші қызметтерін де атқардым. Еңбекқорлығым мен іске тиянақтылығым бағаланғаны болар, содан Задарья асыл тұқымды қаракөл қой зауытының директоры қызметіне дейін көтерілдім. Сол кезеңдерде қой тұқымын асылдандыру, селекциялық түрлі сұрыптау жұмыстарын жүргізу барысында алға қойған меже-міндеттерді абыроймен орындап, аянбай еңбек еттік. Нәтижесінде, қаракөл елтірісінің сорттылығын 70 пайыздан 94 пайызға дейін ұлғайтып, жалпы қой басының бірінші кластағы үлес салмағын 95-97 пайызға дейін көтердік. Осы орайда айта кетейін, дүниежүзілік Лейпциг жәрмеңкесінің үлкен алтын медалін жеңіп алған Қазақстанның сол кездегі бірден-бір қой зауыты осы Задарьяда болатын.
Көп жылдық ғылыми-шаруашылық жұмыстардың нәтижесінде, жұмысшылардың ерен күшімен, зауыттың иелігіндегі 36 мың гектар шөл және шөлейт жайылым жер құнарландырылды. Бұл дегеніміз, кезінде ел аумағындағы ғылыми өндірістік шаруашылықтың ірі жеңісі болған еді. Тіпті, бұл жұмыс бүкіләлемдік БҰҰ-ЮНЕСКО ұйымы тарапынан шөл далалық жерлерді игеру бағытындағы озық мектеп ретінде бағаланған еді.  
1985-87 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық агропром комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Сол кезден 1995 жылға дейін ауылшаруашылығы саласындағы ғылыми мекемелерге жетекшілік жасадым. Экономика ғылымының кандидаты атанып, 3 монографиялық кітап, 5 авторлық куәлік, 132 баспа табақ көлемінде ғылыми еңбектер дайындадым. 50 жыл бойы мінсіз атқарған қызметтерім үшін 10 мәрте үкімет марапаттарын жеңіп алдым. 1960-1995 жылдары үзіліссіз ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық кеңестерге депутат, съездерге делегат болдым. 1984-1989 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландым.
– Бүгінгі заманның «еңбек адамы» ретінде кімдерді, қандай мамандық иелерін атаған болар едіңіз?
– Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Яғни, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол – дихан бола ма, малшы бола ма, жазушы ма, өнер адамы, актер бола ма, бәрібір. Ол маңдай терін салып жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Еңбек адамы кез келген салада бар.
Еңбек адамы ретінде, бір кездері ең басты назардағы адамдар аталатын. Яғни, Ыбырай Жақаевтан бастап, кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаева секілді еңбек озаттары жоғары марапатқа ие болды. «Социалистік Еңбек Ері» атағын бір рет қана алып қоймай, екеуін, үшеуін қатар алып жатуы, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсететін еді. Қазір еңбек адамдары осылайша бағаланып, құрметтеліп жатыр дегенге көпшілік қауым келісе бермесі анық. Тек, бүгінгі таңда алғаш аталып өтіп жатқан «Еңбек күнін» мерекелеу, еңбек адамын дәріптеу шаралары осындай олқылықтардың орнын толтыратынына сенім мол. Өз басым ерінбей еңбек етіп жүрген жанның барлығын еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрметім де ерекше. Біз міне, қаршадайымыздан сондай еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе – еш қажымайтын. Әкелеріміз ертелі-кеш колхоз, совхоздың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. «Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкелеп келдім» деген үлкендердің сөзін өз басым естіген емеспін. Аналарымыз да сондай еді.
– Бүгінде өзіңіздің ұл-қыздарыңыз қай салада еңбек етеді?
– Мың да бір шүкір тәубе, құдай қосқан қосағым Әшіркүл екеуіміз отбасында 9 ұл-қызды тәрбиелеп өсірдік. Отанасы «Алтын алқа» иегері. Ұлды ұясына, қызды қиясына қондырып, солардан 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырмыз.
Ұл-қыздарым бүгінде түрлі салада қызмет етеді. Үлкен қызым Алма қазіргі таңда Астана қаласындағы мемлекеттік медицина академиясында кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор атағына ие және көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Онан кейінгі қызым Сәуле Шымкент қаласындағы №25 орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ұлым Болысбек кеден комитетінде қызмет етеді. Шені – подполковник. Ғалымбек облыстық әлеуметтік қорғау басқармасында, Нұрлыбек облыстық төтенше жағдайлар департаментінде еселі еңбегімен танылып жүр.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.