Қасиеттi жерiмiзге өзгелер қазық қаға алмайды

Среда, 04 Май 2016 07:16 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 6531 раз

qanyshҚуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты:

– Халықтың жер мәселесіне сергек қарауын, бұл тұрғыдағы жағдаяттарға қатысты өзіндік ой-пікірлерін ашық білдіруін орынсыз деп айта алмаймыз. Өйткені, жер халықтың мұрасы, басты байлығы болғандықтан, оған алаңдауы – заңдылық. Дегенмен, жерімізді ел игілігіне, мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану бағытында жасалған тиісті шараларға халық түсіністікпен қарауы қажет. Шетелдіктерге жер ешуақытта сатылмайды. Ол Жер кодексінде анық жазылған. Айта кетерлігі, шетелдіктерге жерді жалға беру ісі аудан, қала әкімдіктерінің құзыретіне жатпайды, бұл мәселені тек облыстық атқарушы билік жер саласы бойынша орталық уәкілетті органның келісімі негізінде ғана жүзеге асырады. Яғни, бұл шетелдіктерге белгілі көлемдегі жерді жалға беру барысында да, одан кейін де қатаң қадағалау болады деген сөз. Тағы бір айта кететін жайт, кодекске байланысты шетелдік азаматтарға ауыл шаруашылық жерін жалға берудің өзі шекара маңынан мүлде рұқсат етілмейді. Жалға берілген жерлердің одан әрі күтіп-ұсталуына келсек, бұған дейін жалға берілген жерлердің біршама бөлігі игерілмей, қараусыз, күтімсіз жатқанын көпшілік біледі. Әрине, бұл халықты түрлі ойларға жетелемей қоймайды. Сондықтан, мемлекет ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерге жанашырлықпен қарай отырып, жерді күтіп, баптап, құнарлылығын арттырып, оны тиімді пайдалана алатын азаматтардың иеленгенін қалайды. Осыдан келіп, ауыл шаруашылық жерлерін сату және жалға беру ісі жолға қойылып отыр. Егер бір адам жер сатып алса, оған көзінің қарашығындай қарап, тиісті баптау жұмыстарын жүргізетіні анық. Өйткені, ол – өзінің жекеменшігі. Оны еріккеннен сатып алған жоқ. Жерді жалға алушыларға жүктелер жауапкершілік, талап етілер міндеттер бар. Олар мемлекеттік органдар тарапынан қадағаланып отырады. Жалпы, жерді жалға алған адам мол өнім алу үшін, оның құнарлығын арттырып, тиімді пайдаланып отыруы шарт. Олай болмаса, мемлекет ол жерді сот арқылы мәжбүрлеп қайтарып алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылық жерін сатып алған адам өз меншігі болғанымен оны шетел азаматтарына пұлдай алмайды. Бұған заң жүзінде мүлде рұқсат етілмейді. Жалпы, жерді жалға алған азаматтарға қойылар талап біреу-ақ. Ол Жер-ананың құнарлылығын арттырып, өнімділігін көтеріп, ауыл шаруашылық өнімдерінің молшылығын жасау. Осы арада сатылатын және жалға берілетін жерлердің көлемі шектеулі екенін айтып өтейін. Ол Үкіметтің 2003 жылғы 23 қазандағы №1071 қаулысымен әрбір облыс, аудан бойынша және жердің категориялары бойынша (тәлімі, суармалы жерлер, шабындық, жайылым) нақты белгіленген. Мұның бұған дейін ұзақ мерзімге жалға берілген жерлерге қатысы жоқ. Ауыл шаруашылық өндірісіндегі субъектілерінің басым бөлігінің уақытша жалдау құқығы 2050 жылы аяқталады. Сондықтан, қазіргі уақытша пайдаланушылар жерлерінен айырылып қалады деген уайым, қауіп-пайымдаулар негізсіз. Осы жалға берген мерзім ішінде шаруалар өз жерлерін сатып аламын десе, ол жердің кадастрлық бағасын 50 пайызға арзандатып, 10 жыл көлемінде қаржысын бөліп-бөліп төлеп сатып ала алады. Жер кодексіне енгізілген нормалардың басты мақсаты – меншік құқығы арқылы жер пайдаланушылардың жердің құнарлылығын арттырудағы жауапкершілігін көтеру, жерді тиімді пайдалану және өркениетті жер нарығын қалыптастыру. Мұны халық түсінеді деп ойлаймын… Жалпы, заңның орындалуы барысында, дәлірегі, жерді сату және жалға беру үдерісінде сауатсыздыққа, сыбайластық, жемқорлық әрекеттерге жол берілмеуі қажет. Заңның бірінші кезекте қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істеуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, бұл тұрғыдағы ақпараттар халыққа қолжетімді болғаны абзал. Ел ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің іскер, өзіне де, халыққа да пайдалы қызмет көрсете алатын жанашыр азаматтардың пайдалануын қалайды. Халықтың арман-тілегі де осы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.